Ұлттық өнеріміздің келешегі жастардың қолында. Бұл орайда, олардан күтетін үміт те мол. Қазір әлем халқы тамсана да сүйсіне қол соғатын талантты жас әншіміз Димаш Құдайбергеновтың көңілдерге қуаныш пен шаттық сыйлаған әрбір концертінің өзі неге тұрады. Өнері өрге жүзіп келе жатқан осындай талапты жастардан біздің облысымыз да кенде емес.
Солардың бірі – Рамазан Серіков. Ол музыка әлемінде күрделі жанрлардың біріне жататын классикалық гитарамен шұғылданады. Көкшетау қаласындағы №2 орта мектептің 9 сыныбын бітірген жасөспірім қазір грантқа Біржан сал атындағы музыкалық колледждің екінші курсында оқып жатыр. Яғни, гитарада ойнаудың қыр-сырын кәсіби меңгеруде.
Музыка саласында бүгінгі қол жеткізіп үлгерген биіктері туралы айтсақ, Рамазанның осы гитарада ойнап үйрене бастағанына екі-үш жылдың ғана жүзі болды дегенге сенудің өзі қиын. Өйткені, жас орындаушы осы музыкалық аспапты алғаш қолына алғаннан-ақ оның тылсым сырына тез бойлап, дарынымен таныла бастаған.
–Рамазанды өз басым музыканы, соның ішінде гитараның әуен-ырғағын жан-тәнімен сезіне білетін қабілетті жастардың қатарына жатқызамын. Бұл аспапқа аз уақытта саусақтары да әбден жаттыққан. Сезімталдығы, ішкі интуициясымен небір күрделі шығармаларды, яғни, музыканың классикалық үлгілерін шебер меңгеріп келеді. Ең бастысы, оның осы жолда тынымсыз ізденіп, сабақтан тыс уақытта да гитара құдіретіне біржола беріле түскендігі қуантады,–дейді бұл орайда ұстазы Әлібек Ахмалишев.
Айтса айтқандай, жас талант жуырда өз қатарластарынан суырылып шығып, Ресей астанасы Мәскеуде өткен 6-ыншы халықаралық «Золотой век гитары» конкурсына қатысып келді. Жай ғана қатысқан жоқ, үш күнге созылған танымал конкурстың дипломанты атанды. Сонымен бірге, әлемге аты әйгілі гитарашы Отто Толоненнің шеберлік сыныбына қатысып, арнайы сертификатқа ие болды. Бұл да болса, ежелден ән-жырдың бесігі – Ақмола, Көкше топырағынан жауқазындай көктеп, жаңа таланттар шыға береді деген сөз. Рамазан Серіковтің да өнердегі жолы осылай нұрлы болуына тілектеспіз!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.