Жастық жігермен еңбек етуде

Краснояр ауылдық №3 агротехникалық колледжінің жоғары курс оқушылары Зеренді ауданының бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарына көктемгі егіс науқанын өткізуге көмек қолын созуда.

Агротехникалық колледждің әдіскері Болат Тәткеновтың айтуынша, «Ұмай жер» мен «Қанай би-1» серіктестіктерінде колледждің 25 оқушысы, қалғандары өзге шаруа қожалықтарында тәжірибеден өтуде. Алдымен, біз бүгінгі таңда маңызды болып саналатын көктемгі егіс науқаны қалай жүріп жатқанын білмекші болып, Васильковка селосының іргесінде орналасқан «Ұмай жер» серіктестігіне ат басын тіредік. Шаруашылық басшысы Азамат Елмағатов өз сөзінде биыл 15,5 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақ, майлы дақылдар себетінін, қазір 6 егіс кешені жұмыс істеп жүргенін айтты.
– Колледждің 15 оқушысы былтырғы жылдан бастап біздің шаруашылықта тәжірибеден өтіп, шетел техникасының қыр-сырын меңгеруде. Қыздар есепші, таразышы, аспазшы болып жұмыс істейді. Жігіттер механизаторлар мен дәнекерлеушілердің қасында жүр. Олар бригадирлер мен механиктерге бекітіліп берілген. Бір оқушы қазір шетел техникасын, екіншісі МТЗ тракторын жүргізеді. Шәкірттерге 60-100 мың теңгеден еңбекақы төлейміз. Жатын орыны мен тамағы тегін. Жаз бойы еңбек еткен шәкірттер 200 мың теңгеден табыс табады. Алғашында шәкірттер өз тәжірибесін қозғалтқыш пен сеялканы құрастырудан бастайды,–дейді серіктестік директоры. Серіктестік базасында қырман, элеватор, ауыл шаруашылығы техникаларының паркі, машина-трактор шеберханасы, жанар-жағар май цистерналары, астық қоймалары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы орналасқан. Серіктестікте 127 адам еңбек етеді. Оның алпысы Солтүстік Қазақстан облысы мен көрші ауылдардан маусымдық жұмысқа тартылған. Қазір 1 және 2 класты тұқым дәріленіп жатыр. Элиталық тұқым сатып алынған. Жер механикалық және химиялық әдіспен өңделіпті. Биыл 1,5 тонна бидай, 350 тонна арпа тұқымы егіледі. Егіс жұмысы 10 мамырда басталған. 30 мамырда аяқталады деп жоспарлануда. Еңбеккерлер тегін тамақтанады. Монша мен жатақхана жұмыс істейді. Еңбекақы 300 мың теңгеге дейін көтерілген. Былтыр серіктестік Дөңгілағаш ауылына су мұнарасын орнатыпты. Абай ауылдық клубын да жөндепті.
«Қанай би-1» серіктестігі биыл 7 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақ дақылын егеді. Бүгінгі таңда дәнді дақыл мен зығыр егу жұмысы қызу қарқын алған. Алқаптарда төрт өнімділігі жоғары егіс кешені жұмыс істеуде. Бір егіс кешені тәулігіне 200 гектар жерге кондициялық дән себеді. Науқандық жұмысқа 60 адам тартылған. Серіктестік директоры Талғат Қабдуловтың айтуынша, Краснояр №3 агротехникалық колледжі оқушыларының тәжірибеден өтіп келе жатқанына төрт жыл толыпты.
– Шәкірттердің жатын орыны және тамағы тегін. Еңбектеріне қарай еңбекақы төлейміз. Он шәкірттің біреулері техника жөндеумен, дәнекерлеумен айналысса, екінші біреулері техникамен дәнді дақылдар себеді. Алғашында механизатордың көмекшісі, кейін трактор жүргізуді сеніп тапсырамыз. Олар колледжден алған білімдерін тәжірибемен толықтырады. Кейбір шәкірттер инженер-механик Болат Досановтың қарамағында екінші жыл жұмыс істеуде. Қазір ауылдан механизатор табу мәселеге айналды. Бұрынғы механизаторлар зейнет жасына келді. Олардың орнын басатын жастарға құрметпен қараймыз. Олар да айтқанымызды екі етпей, өз міндеттерін атқаруда. Сырым Низамхан жақсы электрдәнекерлеуші болады деп үміттенеміз. Марат Бақытбек шетел техникасын меңгеріп алды. Анатолий трактор жүргізіп, электрдәнекерлеумен айналысады. Бір ерекшелігі шетел техникасының ақауын компьютер көрсетеді,– дейді директор. Осылайша аталмыш серіктестіктер елді мекендер тұрғындарының алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктерін өтеумен бірге, болашақ механизаторларды даярлауға, олардың өз шаруашылықтарында тәжірибе жинақтауларына үлестерін қосуда.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.
Суретте: колледж директорының орынбасары Жүніс Мұқышев көктемгі егіс науқанында еңбек етіп жүрген шәкірттерімен бірге.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар