Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында домбырада күй тартудан республикалық кіші олимпиада болып өтті.
Оған біздің облысымыздағы Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінен үш оқушы қатысты.
Бұл – республика көлемінде тұрақты өтіп тұратын олимпиада. Оған орта арнаулы музыкалық оқу орындарының оқу бітіретін түлектері қатысып, консерваторияда білім алуға мүмкіндік беретін гранттарды сарапқа салады.
Осы жолы байқауға бүкіл елімізден 55 жас талапкер қатысты. Солардың ішінен Дәулеткерейдің «Аңшылық», Сүгірдің «Бес жорғасы», «Темірбектің төкпесі» (Шернияз күй нұсқасы) және фортепианоның сүйемелдеуімен Айтқали Жайымовтың «Отпан тау» күйін орындаған Бірлес Орал (ұстазы Әміржан Мәкенов) екінші орынға табан тіреп, консерватория грантын жеңіп алды. Ал, Айдын Ерғали дипломант атанса, Арайлым Елемесова сертификатқа ие болды. Бұл үш үкілі үмітіміз де колледждің төртінші курс оқушылары. Бәріне де өнер жолындағы балғын қадамдарың сәтті болсын дейміз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.