Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бабамның байтақ жері өз тілінде аталмап па еді?!. - АРҚА АЖАРЫ

Бабамның байтақ жері өз тілінде аталмап па еді?!.

Қазір Ақмола облысындағы 195 ауылдық округтің 54 пайызының, елді мекен атауының 57,6, барлық 5593 көше атауының 53,7 пайызының ғана қазақы атауы бар.

Сарыарқаның үзіліп түскен моншақтай көркем пұшпағы Көкшетау тілімізді бұзған тыңның эпицентрі. Тәуелсіздік тәжін кимей тұрған кезімізде бұрын еті үйренбеген сырт адамның өңірдің өңіне көзі түссе, өзін Ресейде жүргендей сезінер еді. Екі дүркін елді мекендердің тарихи атау-
лары қайтарылып, даланың дидары мен қаланың көшелері ішінара қазақ тілінде атала бастады. Әйтсе де, әлі де қыруар жұмыс күтіп тұр. Мониторинг жүргізу барысында 77 ауылдық округ, 228 елді мекен және 491 көше атауының идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар екендігі анықталып отыр. Жалпақ жұрт рухани жаңғырып, өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып, еңсемізді тіктеп жатқалы қанша уақыт. Ендігі арада идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулардың уақыт талабына сай жаңаша жаңғырғаны, әділдіктің салтанат құрғаны ләзім. Елдің де қалауы сол. Мәселен, 2018 жылғы 5 қазанда өткізілген облыстық ономастикалық комиссияның отырысында аудандар мен Степногорск қаласынан түскен 487 ұсыныс қаралған. Осы қомақты цифрлардан-ақ елдің талабын түйсінуге әбден болады. Әрбір ұсынысты егжей-тегжейлі сарапқа салып, ақыл таразысынан өткізген отырыс барысында 15 елді мекен мен 468 көше қайтадан өздерінің тарихи атауларымен аталатын болып ұйғарым жасалды. Ономастика комиссиясының қорытындысы бойынша жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың шешімдері шығарылып, әділет органдарына тіркеу үшін жолданды.
Бұл мәселені жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары да күн құрғатпай жазып жатыр. Баспасөзде жарық көрген әрбір ұсыныста толымды пікір мен табанды зерттеу бар. Соның барлығы бір арнада тоғысады. Елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алған, жанартау-
дай атылған жаңғыру көне тарихтың тағылымын бүгінгі күннің талғамымен үйлестіре сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы десек, бағзы замандағы бабалардан кейінгі ұрпаққа мирас болып қалған қасиетті жер-су атауларын қайта түлетіп, әділдіктің салтанат құруы керек-ақ.
Әрине, бұған дейін шыбық басы сындырылмады десек, жалған болар еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұғып жатқан рух бұрқ-сарқ етіп бас көтерді. Міне, сол кездегі алғашқы лекпен 1991-2004 жылдары алты аудан, бір қала, 21 елді мекен, 84 көшенің атауы жаңарды. Мәселен, Алексеевка – Ақкөл, Макинка – Бұланды, Державинка – Жарқайың, Балкашино – Сандықтау болып өзгерсе, облыс орталығы Кокчетав – Көкшетау қаласы болып түзелді. Ел қуанды, жалпақ жұрт жадырады. Сонда да тоят тапқан жоқ. Тұтқырланған тілді тұтқыннан босату қажет еді. Тілмен бірге байтақ дала баба тілінде сөйлесе деген бағалы бас-
тама көтерілді.
2004 жылы облыстық тілдерді дамыту басқармасы ашылғаннан кейін ономастика жұмысы жандана бастады. Екінші лекпен 2004-2015 жылдары 144 елді мекен, 1717 көше жаңа сипаттағы, ел есінен өшіп бара жатқан бұрынғы тарихи атауларымен аталатын болды. Бұл шын мәнінде елдің рухын көтерген, ақ түйенің қарны жарылған жай еді. Мәселен, табиғаты тамылжыған Щучье ауданының атын бұрынғы Бурабай атауымен атау туралы зиялы қауым қанша мәрте мәселе көтерсе де, шешімі табылмай келген болатын. Көп тілегі қабыл болып, аудан Бурабай атауына ие болды. Әйтсе де, қаланың атауы Щучинск болып сол қалпы тұр. Аудан ата-
уын өзгерткенде, қала атауын өзгертпеу, бұрынғы тарихи атауын бермеу ешбір қисынға келмейді.
Соңғы үш жылда ғана, таратып айтатұғын болсақ, 2016 жылы облыс бойынша 239 көше, 2017 жылы 299 көше және жеті елді мекен жаңарған атауға ие болса, 2018 жылы 23 елді мекен мен 696 көшенің атауы өзгертілді. Көшелердің 69-ы Көкшетау қаласына тиесілі. Әйтсе де, облыс орталығында идеологиялық тұрғыдан әбден сілікпесі шығып ескірген, мән-мағынасы жоқ көшелер самсап тұр. Оны айтасыз, былтыр облыстағы 15 Ленин көшесі, 9 Комсомольская көшесі, 7 Советская көшесі атауынан құтылдық. Көкшенің көркін бұзған Чапаев, Ворошилов, Пугачев, Буденный, Маркс, Энгельс көшелері де ұлттық танымға жақын атаулармен алмастырылып, Малотимофеевка, Антоновка, Красноярка, Максимовка, Красный Горняк сияқты елді мекендердің атаулары жаңартылды.
– «Ел ерімен көрікті» демей ме, кейінгі ұрпақ елдің абзал азаматтарының өмірінен өнеге алу жайы да басты назарда. Көпшіліктің тілегіне орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Еңбекшілдер ауданы ұлттық өнеріміздің жарық жұлдызы Біржан салдың есімімен аталатын болды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен облыстық филармонияға Үкілі Ыбырайдың, облыстық спорт мектебіне Балуан Шолақтың, Көкшетау қаласындағы №18 қазақ орта мектебіне Сәкен сері Жүнісовтің есімдері берілді,–дейді облыстық ішкі саясат басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Айгүл Дүзелбайқызы.
Талас тудырмас үшін елді мекендердің тарихи атаулары мұрағаттық құжаттардан, ғылыми еңбектерден табылса, тіпті тамаша. Осы орайда, басқарма мамандарының Омбы облысының тарихи мұрағатына барып, «Картографиялық құжаттар тізімдемесі» қорынан көне карталардың көшірмелерін тауып әкелгендігін айтқан ләзім. Осы деректерді салғастыра қарағанда, Шортанды ауданындағы Елизаветинка селосының тарихи атауы Бозайғыр екендігі анықталған. Әлгі жәдігерден Атбасар, Сандықтау аудандарына қарасты бірқатар елді мекендердің бұрынғы тарихи атауларының қандай екендігі белгілі болды.
Ақкөл аудандық мұрағаты қорынан 1889 жылы әскери топографтар корпусы құрастырған Тобыл, Ақмола және Торғай облыстарын қамтыған 21 парақтан тұратын «Азиялық Ресейдің оңтүстік шекаралық сызығы картасы» деп аталатын үшінші атлас табылды. Бұл картада Қазақстанның солтүстік аудандарының толық географиялық сипаттамасы берілген, тарихи атаулары енгізілген. Міне, бұл бұлтартпайтын мықты дәлел. Осы дәлел арқылы елді мекендердің тарихи атауларын зерделеуге мол мүмкіндік бар. Ал, тарихи атаулары табылмаса, сол жерді мекендеген тұрғындардың талабына орай, Ақбұлақ, Қарағайлы, Теректі тәрізді атау беру тәжірибесі де бар.
Жер-су атауларының қайта жаңғыруы ең алдымен келешек ұрпақ үшін керек. Одан басқа қажеттілігі де толып жатыр. Байтақ даланы бабамыздың тілінде сөйлету үшін талмай талаптанған жөн. Іздеген жан табар еді. Бірер ғана мысал келтірейік. Мәселен, Аршалы ауданындағы Михайловка ауылының ежелден Мойылды аталғандығы туралы дерек 1914 жылғы Ақмола уезі қоныс аудару, елді орналастыру барысы туралы мәлімдеме құжатында кездеседі. Есіл өзенінің бірнеше ұсақ салалары бар, сондай салалардың бірі Мойылды өзені. Өзен қабағына орналасқан ауыл да осы атауды иеленген. Осы аудандағы Белоярка ауылының негізгі атауы Ақжар. Отарлау саясатының салқынынан калькалау тәсілі арқылы өзгерген. Астрахан ауданындағы Новочеркасск ауылының ежелгі атауы Шаншар. Бұл туралы Омбы облыстық тарихи архиві №198 қор, 3 тізім, 13 картада анық бейнеленген. Осы аудандағы Петровка ауылының ежелгі атауы Жыланды екендігі туралы дерек Омбы облыстық тарихи архивінен табылып отыр. Өлкетанушы Клара Әмірқызының «Атақоныс ақиқаты» атты еңбегінде: «1895 жылы Қушоқы, Қоскөлді мекендеп отырған ауылдардың жерлерін Эстляндия, Лифляндиядан эстондарға крестьян шенеуніктері бөліп беріпті» деп жазылған.
Әлі де көп жұмыс бар. Жетпіс жылғы зілмауыр зардаптың жарасы әп-сәтте жазыла қояр дейсіз бе?!.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар