Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы даланың бір уығы – Дөңгілағаш! - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы даланың бір уығы – Дөңгілағаш!

Зеренді ауданының әкімі Берікжан Әбутәліпов Дөңгілағаш ауылының 90 жылдық мерейтойына қатысып, бірлігі жарасқан ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосқан дөңгілағаштықтарды Алғыс хатпен марапаттап, иықтарына шапан жапты.
Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Әлібек Баймағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды тілегін айтты. Мәртебелі меймандарға Алғыс хатын, жергілікті мектепке «Жер жән-наты Ақмола» кітабын табыс етті.

Қырық шақты түтіні бар Дөңгілағаш ауылы аты айтып тұрғандай дөңде өскен қалың ағаштың бауырында орналасқан. Бұл жер жайқалтып егін, іргесінде мал өсіруге өте қолайлы болғандықтан, 1929 жылы аталған қонысқа ата-атаға бөлінген он шақты ауыл көшіріледі. Олар осы маңайдағы көлдердің жағалауы мен қалың ағаштың ық жағында отырған екен. Сол кездегі билік Бекше би, Өгізбай, Малдығұл ұрпақтарын біріктіріп, Дөңгілағаш артелін құрады. Алғашында осы ауылдардың басын қосуға Тіржан ауылында туған қызыл отау мүшесі Бәлгін деген азамат белсене атсалысыпты. Келесі жылы Дөңгілағаш ұжымшары құрылады. Оны әр жылдары Шөкен Балпышев, Смағұл Ақышев, Әйтен Байбазаров, Қабыл Ахмеров пен Қасым Оспанов басқарған екен. Шаруашылық 1950 жылға дейін даму жолынан өтті. Осы жылдары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ауыл тұрғындары ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Тың және тыңайған жерді игеру жылы бұл ауыл Симферополь кеңшарының құрамына кірді.
Жалпы 90 жылдың ішінде Дөңгілағаш ауылы ұжымдастыру науқаны, ашаршылық, қуғын-сүргін қасіреттері тәрізді небір оқиғаларды бастан кешірді. Сол жылдары ел іргесі қалануының басы қасында болған аяулы азаматтардың есімдерін кейінгі ұрпақ біліп жүрсін деген мақсатта ауылда осындай шараны ұйымдастыру дәстүрге айналған. Өмір – өзен. Уақыт ешкімді күтіп тұрмайды. Кеңес заманынан бері талай өзгерістер мен қиыншылықтар болды. Осы кезеңде кейбір елді мекендер тәрізді бұл ауылдың іргесі сөгілген жоқ. Қазір тұрғындардың басым бөлігі «Алтынтау-Көкшетау» кәсіпорнында жұмыс істеп, өз нәпақаларын тауып жүр. Иманы ұйыған, бірлігі жарасқан ауылда жұмыссыздық деген мүлдем жоқ. Алдымен, ауылдық мешітте Краснояр мешітінің имамы Науан қажы өмірден озған дөңгілағаштықтар рухына құран бағыштады. Бұдан кейін жұрт мәдени шара өтетін жергілікті мектеп пен клуб алаңына жиналды. Оларды домбыра ұстаған отыз шақты оқушы күй тартып, қарсы алды.
Аудан басшысы өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында туған жерге туыңды тік деп бастама көтергенін, осы орайда жырақта тұратын ауыл тумалары кір жуып, кіндік кескен киелі мекеніне бүйрегін бұрып тұру қажеттігін атап өтті.
Бұдан кейін Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Әлібек Баймағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды тілегін айтты. Мәртебелі меймандарға Алғыс хатын, жергілікті мектепке «Жер жәннаты Ақмола» кітабын табыс етті. Сондай-ақ, ауыл ақсақалы Кеңес Құрманғожа ауылдың тарихы жөнінде айтып берді. Зеренді ауданының құрметті азаматшасы Қапаш Құлышева өз сөзінде Кәкімбек Салықовтың «Дөңгілағаш» деген өлеңіне сазгер Юра Айтжанов ән шығарғанын, бұл ән осы тойда орындалғанын жеткізді. Ауыл бірлігі мен имандылығының ұйытқысы болып отырған Әптар Жахинге алғысын айтып, шапан кигізді. Жергілікті музейге киген киімдерін және өзі жайында жазылған материалдарды тапсырды. Қапаш әнші Сәкен Сейфуллиннің «Біздің жақта», Үкілі Ыбырайдың «Қалдырған» әнін орындап берді. Ақын Арман Бердалин өз құттықтау сөзінде бірлігі жарасқан Дөңгілағаш өзге ауылдарға үлгі болатынын жеткізді. Біз 37 жыл судья, үш жыл тергеуші болып қызмет атқарған Жоғарғы соттың мүшесі, мемлекет қайраткері Дәулен Нұралинге жолығып, әңгімеге тарттық.
–Жуырда ғана дүниеден өткен Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерінің және бірнеше медальдардың иегері Жолдаңғар Қасайынов трактор-егіс бригадасын басқарды. Өз басым Жолдаңғар ағаның бір қатты сөз сөйлеп, біреудің намысына тиетін сөз айтқанын естіген жоқпын. Таңертең ерте тұрып, ауылды аралайтын. Механизаторлар мен малшыларға барып, кеңшар басшыларының жоспары мен тапсырмасын жұмсақ тілімен жеткізетін. Бригадир ағамды бүтін Дөңгілағаш сыйлап өтті. Сондай-ақ, Мәмбет Мүслімов сияқты өзге де қарағайдай ағаларымызды мақтан тұтамыз. Мен де ауылда өстім. Мал бағудың қандай жұмыс екенін жақсы білемін. Біз ауылдың іргесін қалаған ата-бабамызға тағзым етіп, соларды әрқашан еске аламыз. Олардан тәлім-тәрбие алған аға-інілеріміз Дөңгілағаштың іргесін сөкпеді,–деген Дәулен ағай одан әрі Кеңес үкіметі тарағанда мықты деген ауылдардың жұрты ғана қалғанын айтты.
Одан әрі мерейтойға жиналған жұрт ұлттық спорт түрлерін, гир көтеру жарысын, шахмат пен дойбы ойындарын тамашалады. 3 шақырымдық тай жарысы мен 10 шақырымдық аламан бәйгеде Хантай Бірлестігі ауылынан келген Елжас Мақсұтов өзгелерді шаң қаптырды. 70 келі салмақ дәрежесіндегі қазақ күресінде бірлестіктік Жандос Тұрғынбекке қарсы тұратын палуан табылмады. Қазақ күресінде симферопольдық Әсет Жүнісов түйе палуан атанды. Асық ату жарысында Нұрмағамбет Арықов мерген болып шықты. Арқан тартуда дөңгілағаштық жастар жеңіске жетті. Шахмат ойынында дөңгілағаштық Санжар Дүйсенбай мен Айдын Тұрлыбеков, Айым Тұрлыбекова мен Айғаным Қуанған, дойбы жарысында Айдын Тұрлыбеков пен қоныспайлық Айғаным Қуанған жеңімпаз атанды. Бұлақтық Сайлау Биғатов гир көтеруден алға шықты. Барлық жарыс жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сөйтіп, бұл мерейтой ауылдастарды қауыштырып, ауылдың сәнін ажарландыра түсті.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар