Жаныма оттай ыстық туған жерім!

1933 жылы Дөңгілағаш ауылында тудым. Әкем Шөше Қалиев Алтыбай ұрпағынан тарайды. Әмірхан, Әміре, Қали, Рамазан атамыз және екі қыз болған. Балалардың ең кішісі 1908 жылы туған Шөшенің қызымын. Анам да сол Дөңгілағаш ауылындағы Рақым қажының 1912 жылы туған қызы.

Ол ауылдың бастауыш сыныбын бітіргеннен кейін, Көкшетаудағы жетіжылдық мектепті тәмамдады. Бұдан кейін Петропавлға барып, бухгалтер мамандығына оқыды. Тұрмысқа шықты. 1928 жылы Базартай, 1931 жылы Бәдиша, 1933 жылы мен тудым. Балалық шағым Дөңгілағаш ауылында өтті. Бастауыш мектептен кейін Көкшетаудың жетіжылдық мектебінде оқыдым. Ауылда есепші болып жұмыс істедім. Егістік алқабы басында тұрып, қалаға астық жөнелттік. Одан әрі шөпшілерге өгіз жегіп, тамақ тасыдым. Ұлы Отан соғысы жылдары масақ тердік. Кейін Көкшетау қаласында тұратын Бекболат Баймағамбетовке тұрмысқа шықтым. Тоғыз бала тәрбиелеп өсірдім. Әкем жалғыз болғаннан соң 1956 жылы туған Балтабек пен Шайзаны бауырына салды. Балтабек Симферополь селосында орта мектепті бітіріп, Алматыда, кейін Ташкентте өрт сөндірушілер училищесінде оқыды. Полковник шенінде отставкаға шықты. Айжан келінім мұғалім, кейін дәрігер мамандығына оқыды. Қазір зейнеткер. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Базартай деген ұлым Петропавл қаласындағы банкте директор. Қызы дәрігердің оқуын бітіріп, Астанаға тұрмысқа шықты. Екі баласы бар. Медицина Академиясында дәріс береді. Әлібек облыстық мәслихаттың хатшысы болып қызмет етеді. Жұбайы Алтынай Баймағамбетова Көкшетаудағы №1 орта мектепте мұғалім. Жәнібек орман шаруашылығының жоғары оқу орнын бітірген. Ырысты Баймағамбетова Нұрсұлтан қалалық әкімдігі жанындағы «Шарапат» егде адамдар үйінің директоры. Мұратбегім сауда саласының маманы. Өзім мемлекеттік банкте жұбайыммен бірге жұмыс істедім. Екі қызым да жоғары білімді қаржыгер. Әкесі бәріне жоғары білім әперді. Ең кіші қызым аспаз. Екі бала тәрбиелеуде. Сол ұлыммен және қызыммен жұбайымның 1960 жылы салып берген үйінде тұрып жатырмын.
Дөңгілағаш ұжымшарының өмірі әлі көз алдымда. Сол үлкендерден қалғандардың бірімін. Өмір қамшының сабындай қысқа деп текке айтылмаған. Ленин мен Еңбек Қызыл Ту орденінің және бірнеше медальдардың иегері Жолдаңғар Қасайынов биылғы жылдың 15 маусымында өмірден өтті. Жұбайы екеуі гауһар тойын жасаса да, ауылдың 90 жылдық мерейтойын көру бұйырмапты. Бәріміз бір мектепте оқып, бірге өскен ұрпақ едік. Жолдаңғар бауырымның соңында үш ұл, алты қыз қалды. Ұлдарын ұяға қыздарын қияға қондырды. Ұлдары Айтмағамбет пен Амантай Дөңгілағашта тұрып жатыр. Келіні Балапан жергілікті негізгі мектептің директоры. Ұлы Амантай мәдениет ошағын басқарады. Ауылдың 90 жылдық мерейтойына белсене атсалысты. Нағыз әнші, актер екен.
Кейінгі ұрпақтың біразы ауылдан жыраққа кетті. Біздің тұқымда білім, медицина, заңгер, экономика, авиация тәрізді әр саланың мамандары бар. Қапаш әнші, Дәулен заңгер. Өмірден өткен Тойкен Қожахметов, Рәшит Қапаров мұғалім болды. Олардан туған кейінгі ұрпақ та, інілері Қазез бен Сәлім де құрылысшы мамандығын игеріп, Алматыда қызмет істеді. Үлкен Кәріп деген атамыз мемлекеттік банк-те үлкен қызмет атқарды. Қалидың бауыры Әміреден туған Еркетай деген үлкен апайым биыл 95 жасқа келеді. Рамазаннан туған үш ұл, бір қыз бар. Ұлдардың бәрі жоғары білімді құрылысшы. Әптар Жахин ауылда мешіт салды. Бас болып, ауылды ұстап отыр. Туыстарымның бәрі ауылда. Көбі көршілес Қоныспай мен Симферопольға көшкен. Менің тұқымымнан қалғандары шамалы. Әкем ауылдан көшкен жоқ. Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысты. Атты әскер полкі құрамында соғысты. 1945 жылдың соңында елге аман-есен оралып, қойма меңгерушісі болып жұмыс істеді. Тың және тыңайған жерлерді игеруге белсене араласты. Әміре, Әмірхан, Қали, Рамазан жақсы адамдар болды. Әміре байдың тұқымы деп Тюменге жер аударылды. 1951 жылы елге оралып, ауылда өмірден өтті. Алтыбайдың баласы бай деп Әмірхан атамыз сотталып кетіп, Алматының іргесінде өмірден өтті. Әкемді Қали бауырына салып алды. Біздің тұқымның бақтары өссе де, ұрпағы өспеген. Төрт түлік малы көп болса да, ұрпағы аз. 22 жасында өмірден өткен Бәдишаның екі қызы бар. Көкшетауда тұрады. Мен Дөңгілағаш ауылына жылда екі-үш рет барып қайтамын. Әкемнің жүз жылдығына арнап дұға бердік. Ұлы Жеңіс күні әкемнің басына барып, құран бағыштаймын. Балаларым Дөңгілағашта өсті. Бұл елді мекенді ұмытпайды. Менің барлық туыс-туғандарым осы ауылдың зиратында жатыр. Дөңгілағаштың жастары «Көкшетау-Алтынтау» серіктестігінде еңбек етеді. Ауылымыз өсіп, өркендей берсін. Мен өмірден өтсем де, балаларым ата-бабаларым жатқан ауылды ұмытпайды. Сөз соңында ауылдастарым Дөңгілағаштың ғасырлық тойын көрсін деген тілегім бар. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш, кейінгі ұрпақтарым мен бауырларым аман болсын. Ақ патшамызға таупық беріп, астығымыз мол, шөбіміз шүйгін болғай.

Дәмелі БАЙМАҒАМБЕТОВА,
зейнеткер, Дөңгілағаш
ауылының тумасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар