Қазақ күресін қазақтан кем меңгермеген

«Спорттың түр-түрімен айналысып көрдім, бірақ жаныма жақыны, көңілімнен шыққаны – қазақ күресі. Бұрын қазақ күресінде орыстың баласы не істеп жүр дегенді жиі еститінмін. Қазір бәрінің көзі үйренді»…

Иә, бұл жолдардың авторы қазақ күресін жанына серік еткен Қазақстан Республикасының спорт шебері, Азия кубогының чемпионы Леонид Станиев. Ол Көкшетауқаласының іргесіндегі Краснояр селосында туып, өскен. Кішкентай кезінен спортты жаны қалап, түрлі секцияларға қатысқан.

– Бала кезде сыныбымызбен бір секциядан екіншісіне ауысып жүре беретінбіз. Екінші сыныпта оқып жүргенде, сыныптас досым мені өзі қатысатын еркін күреске шақырды. Бұл спорт түрі маған ұнап қалды. Арасында футболға да барып жүрдім. Қазақ күресімен 2001 жылдан бері айналысамын. Әрине, боз кілемде белдесіп, бірден жеңіске жеткен жоқпын, жеңілген сәттерім де болды. Жеңістің дәмін 7-8  сыныптарда оқып жүрген кезімде сезе бастадым. Содан қызығушылығым артып, көбірек жаттығуға уақыт бөліп, еңбектене түстім. Алғашқы жаттықтырушыларым – Ақмола облысының Ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Марат Қойшинге, қазақ күресінен бапкерім Анас Исинге алғысым шексіз. Олар маған күрестің қыр-сырын үйретіп, спорт додаларына баптап, қосып, әрі жаттықтырушылық, әрі әкелік ақыл-кеңестерін беріп, жігерлендірумен болды. 2005 жылдан бастап осы күнге дейін жеке жаттықтырушым –Ерік Шолымов. Мен әлі де үзбей жаттығамын. Алда сын сәттер көп, спортшы ретінде бәріне де дайын болуым керек, – дейді мемлекеттік тілді еркін меңгерген Леонид.

Ол Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін «Транспорт, көлік техникасы және технологиясы», кейін «Дене шынықтыру пәні мұғалімі» мамандықтары бойынша оқып бітірген. Бүгінде отбасының тірегі болып отырған спортшы аяулы жарының сүйеніші, 3 баласының қамқоршы әкесі. Жаттығудан бөлек спортшы Застанционный кентіндегі №14 жалпы білім беретін мектептің балаларын спортқа баулып, қазақ күресінүйретеді.

– Менің спорт шебері атануым да қызық. Ол кезде жастар арасында чемпионат өтіп жатқан. Спорт шебері атағын бірінші орын алған жеңімпазға ғана береді. Сөйтіп, оған бар күшімді салып дайындалдым. Өйткені, келесі жылы мен ересектер санатына өтуім керек-ті. Бірақ, өз салмағым бойынша алғашқы жекпе-жекте қарсыласымнан ұтылып қалдым. Содан кейін келесі күні өзіме-өзім бекер дайындалмағанымды дәлелдеуге бел буып, абсолютті салмақ дәрежесінде өнер көрсетуге шығып, 1 орынды алып кеттім. Сөйтіп, спорт шебері атағын алдым, – дейді сол сәтті күліп еске алған Леонид.

Сонымен, Леонид 2013 жылы жастар арасында өткен күрестен Қазақстан чемпионы, Қазақстан Республикасы Кубогының үш дүркін жүлдегері, 2018 жылы қырғыз күресінен өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарыныңкүміс жүлдегері. Сондай-ақ, ол былтыр күрестен Азия Кубогының чемпионы атанды. Оның қоржынында бұдан да басқа турнирлер мен додалардың жүлделері жетерлік. «Ақмола барысы», «Қазақстан барысы» жарыстарында да бақ сынап, біраз жетістіктерге жетіпті.

– Жеңіс тұғырында тұрып, еліміздің көк байрағын қалықтатып, Әнұранымызды асқақтату бала кезден келе жатқан  арманым еді. Былтыр Азия Кубогында сол арманым орындалды. Өте ерекше сезім екен. Өзімді дархан даланың – Қазақстанның бір бөлшегі екеніме іштей қуанып тұрдым, –дейді кейіпкерім Леонид. – Қазір Қазақстанда ұлттық спорт түрлері өте жақсы дамып келеді, осыдан 10-15 жылбұрын көбіміз ұлттық спорт түрлерінің атауларын да білмеген едік. Бүгін ол жағынан біз жақсы қолдауды сезінеміз.

Боз кілемде ұлттық спорт түрі – қазақ күресінен өңір мерейін  тасытып жүрген «сары қазақ» – Леонидке алдағы жоспарлары іске асып, еліміздің атын алысқа таныта берсін дейміз!

Қарлығаш САТКЕНОВА.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар