Жарайсың, «Оқжетпес»!  

Көкшетаудағы Жаңа жағалау 2-де Қазақстан Премьер-Лигасында биылғы маусым қорытындысы бойынша төртінші орыннан көрініп, Еуропа лигасына жолдама алған «Оқжетпес» футбол клубын ұлықтау рәсімі өтті.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов команда ойыншыларын, жаттықтырушылар құрамын, клуб басшылығы мен жанкүйерлерді осы бір тарихи жетістікпен құттықтады.

–Маусым бойы команда жігері мен тәртібін, жеңіске деген ұмтылысын көрсете білді. Еліміздің жетекші футбол клубтарымен терезесі тең өнер көрсетті. 16 жеңіс пен соғылған 49 голдың артында әрбір футболшының кәсібилігі мен жанкешті еңбегі жатыр. Қол жеткізген нәтиже еуропалық аренада өнер көрсетуге жол ашты, – деді Марат Ахметжанов.

Өңір басшысы команданың ортақ жеңісіне бас бапкер Ринат Әлуетовтың, жаттықтырушылар штабының, клуб басшылығы мен әрбір ойыншының қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, клубтың дамуына қолдау көрсетіп келе жатқан қоғамдық қорға, аграрлық сектор өкілдері мен облыстың бизнес-қоғамдастығына алғысын білдірді.

Ұлықтау рәсімінде чемпионат барысында ерекше көзге түскен футболшыларға «Маусымның үздік ойыншысы», «Үздік жас ойыншы», «Үздік сұрмерген», «Жанкүйерлер таңдауы» және «Адалдық пен мінез үшін» номинациялары бойынша естелік сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, осы спорт мерекесіне арнайы шақырылған қазақстандық эстрада шеберлері өнер көрсетті. Ал, кешкісін Еуропа лигасында ойнауға жолдама алған команда құрметіне отшашу болды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар