Көкшетау әлем чемпионатының ресми туын қабылдады

Үстел теннисі

Көкшетауда 2027 жылғы 22–30 мамыр аралығында үстел теннисінен Астанада алғаш рет өтетін әлем чемпионатына арналған ROAD TO ASTANA 2027 халықаралық фестивалі болып өтті.

Бұл іс-шараның басты оқиғасы –  Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) ел өңірлерін аралап жүрген ресми туын таныстыру рәсімі болды. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін кәсіби спортшылардың шеберлік сабақтары, көрсетілім ойындары, үстел теннисін еркін ойнауға арналған үстелдер мен интерактивті іс-шаралар ұйымдастырылды.

Фестивальда құттықтау сөз сөйлеген Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев әлемдік деңгейдегі спорттық дода қарсаңында өңірдің осы жобаның бір бөлігі болуы үлкен мәртебе екенін атап өтті.

– Біздер үшін әлем чемпионатының ресми туын қарсы алып, ROAD TO ASTANA 2027 жобасына қатысу – үлкен мәртебе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту мен халықтың дене шынықтырумен айналысуына жағдай жасаудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Алдағы әлем чемпионаты үстел теннисіне деген қызығушылықты арттырып, өңірімізде осы спорт түрінің дамуына тың серпін береді деп сенемін. Бүгінде Ақмола облысындағы 18 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 1 500-ден астам адам үстел теннисімен тұрақты түрде айналысады. Олардың дайындығын 54 білікті жаттықтырушы қамтамасыз етуде. Біздің міндетіміз – балалар мен жастардың спортпен айналысуына, өз қабілеттерін шыңдап, жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне қажетті жағдай жасау, – деп атап өтті өз сөзінде Досұлан Айтбаев.

Көкшетау Өскеменнен кейін осы жобаға үн қосқан екінші қала. Өңірде «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағын қоса алғанда, көрікті табиғи орындарда ресми тудың түсірілім жұмыстары жүргізілді. Бұл кадрлар Қазақстан бойынша тудың сапары, еліміздің табиғаты мен мәдениеті, өңір тұрғындары, сондай-ақ, әлем чемпионатына дайындық туралы бейнероликтер топтамасына енеді.

Бұл жоба Қазақстанның барлық өңірлерін қамтиды. Әр қалада ресми туды таныстыру рәсімдері мен үстел теннисі фестивальдері өткізіліп, түсірілім тобы көрермендерді жергілікті спортшылармен және көрікті жерлермен таныстырады.

Ел өңірлерін аралап шыққан ресми ту елордада үстел теннисінен әлем чемпионаты өтерінің алдында Астанаға оралады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар