Бір ауылдың қос тумасы

Есімдерін ел біледі

Өмір-өзен өз арнасымен ағып, кешегі өзімнің жер ұйығым Жаңатілектің май топырағында жалаңаяқ доп теуіп ойнап жүрген бауырларым да бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып жатыр. Ойлы адам қалай тебіренбеске, бұл күнде тоқсандағы құрметті ел ағасы Алтай досымыз екеуміз Омбының ауыл шаруашылығы институтында оқып жүріп, каникулға елге келгенде көретінбіз, олар онда ауылдағы бастауыш мектепте оқитын. Енді, міне…

Иә, Сансызбай мен Совет төлқұжаттарына сәйкес араларына тура екі ай салып, бұрынғы Көкшетау облысы, Чкалов ауданы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы Жаңатілек ауылында дүниеге келген. Мектеп есігін де бір жылы бірге ашып, бірге бітірген. Сол жылы екеуі де Целиноград ауыл шаруашылығы институтына оқуға түскен. 1970 жылы сол институттың Сансызбай агрономия, Совет экономика факультеттерін тәмамдаған…

Осы бір ақ қайыңды алқапқа қоныс тепкен, екі рулы елді колхоздастыру кезінде «Жаңатілек» деп атапты. Бұл артынан ауылдың аты болып қалды. Ауыл маңындағы «Түйебас», «Құрпісірген», «Қара бұзау», «Той өткен», «Ақ дөңгел», «Ақ бас», «Қожақ қорасы», «Ордабай қорасы», «Кедел қорасы», «Ферма қонған», «Сулы терек», «Аю қамаған», «Теректі ағаш», «Кәрі қыстау», «Би ауылы», «Жаман молтақ» деп кете баратын қайың, терегі аралас шоқтардың бәрінің атаулары бар болатын. Қырмызы кілем түстес сан түрлі шөптерге толы жайылымдар мен осы шоқ-шоқ ағаштардың бауырында көктемде жуасы мен қымыздығын, жазда жидегі мен шиесін теріп өскен кешегі бал дәурен күндер-ай! Шіркін, тоқтауы жоқ жүйрік уақыт өз дегенін істейді ғой. Аяқталғанына сексен жылдан асып бара жатқан сұрапыл соғыс болмағанда бұл ауыл қаймағы бұзылмай тұра берер ме еді, кім білсін. Өйткені, осы шағын ауылдан соғысқа елуге тарта азамат аттанып отыр. Көбі қайтып оралмады. Аттары аталған шоқ-шоқ ағаштар, жайылымдар, кешегі шөбіне шалғы салып, мал бағып, ауылға жеткен алғашқы «Нати», «СТЗ» сияқты тракторлармен жер қыртысын аударып, өңдеп, егін себе бастаған жігіттер майданға кеткен соң ауыл жетімсіреп қалғандай. Ауылдың «Қызыл қайың» атануы да осы жігіттердің кезінде еді…

Бірде өзінің екі ай үлкендігін білдіріп Сансызбай Советке: «Бізді енді қара жер айырмаса, ешкім айырмайды» депті, қашанда бір болайық дегенге келтіріп. Дәйім солай болғай, Әумин! Мен де екеуіңнің араңды айырмай бір мақалаға сыйдыруға тырыстым, ұзағынан сүйіндірсін!

Сансызбай Алпысбайұлы жайлы ой толғасам, қоңыр күздің қарбалас бір уағында жоғарыда аталған көп қайыңды шоқтардың бірі «Ферма қонғанда» осыдан 80 жыл бұрын қазан айында ел ағасы Алпысбайдың  шаңырағында ақ түйенің қарны жарылып, атқа ер салынды. Әке көкірегін қуанышқа бөлеп, өмірге іңгәләп сәби келді. Ол кезде мұндай қуаныш тек бір отбасының ғана емес, осы шағын ауылдағылардың бәрінің қуанышы болатын. Торсық шеке шақалаққа алдындағы ағасы Төлегенге  сай Сансызбай деген ат берілді. Сұрапыл соғыс салған ауыр тауқыметтен еңсесін енді-енді түзей бастаған ел іші мәз-мейрам болып қалды…

Сансызбайдың сол кездің өзінде ұйымдастырушылық қабілеті сезілетін. Ауыл балаларын екі топқа бөліп жазда футбол, қыста доптыаяқ (сол кездің хоккейі) ойнататын.

Еңбек жолын бұрынғы Чкалов ауданындағы «Севастополь» совхозында бөлімше агрономы, трактор-егіс бригадасының бригадирлігінен бастаған Сансызбай әкесінен дарыған ұйымдастырушылық қабілетінің  арқасында қызмет баспалдағымен жоғары көтеріле бастады. Жұмысқа деген ынтасы мол, ықыласы зор жас маман тындырымдылығымен бірден көзге түсті.

Коммунистік партияның ықпалы жүріп тұрған кез болғандықтан Сансызбайды жарты жылдай аудандық комсомол комитетіне ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметінде де ұстады. Бірақ, Сансызбайды дархан дала төсі, егіс алқабы қол бұлғап шақырып тұрғандай болатын. 1973 жылдың наурыз айында өзінің мамандығы бойынша еңбек жолын жалғастырды. Көрші аудандағы «Ленинград» совхозында тұқым жөніндегі агроном, «Алабота» совхозында бөлімше меңгерушісі қызметтерін атқарды.

1977 жылдың тамыз айынан 1995 жылдың наурыз айына дейін бұрынғы Көкшетау облысындағы  іргелі шаруашылық – Чкалов ауданындағы Абай атындағы совхозда 18 жылдай бас агроном болып абыройлы қызмет істеді.

Ісіне тиянақты, «жермен сөйлесе білетін» маман қайдан керексіз болсын?! Сол бір алмағайып, елдің шеті сөгіліп, тарап жатқан уақытта 1995 жылдың наурыз айында Чкалов ауданындағы «Алабота» асыл тұқымды мал зауыты» ашық акционерлік қоғамына (қазіргі СҚО, Тайынша ауданы) директорлыққа тағайындалды. Ұлан-ғайыр еңбегінің жарқырай көрінген, жемісін мәуелетіп берген жері де осы «Алабота» асыл тұқымды совхозы болды десек қателеспеспіз. Білікті басшы ретінде талай түйінді мәселелерді оң шешті. Сансызбай Алпысбайұлының басқаруымен шаруашылықта мамандардың білікті ұжымы қалыптасты. Ең бастысы, іргелі шаруашылық нарық қатынасындағы қиыншылықтарға қарамай, сақталып қалды. Ал, 2002 жылдан «Казэкспортастық» агрофирмасының құрамына кіріп, экономикасы нығая бастады.

Бір айта кететін жай, «Алаботаның» атын әйгілеген қазақтың ақ бас сиырлары. Оның тарихы тереңде жатыр. Канадалық етті Герефорд бұқасы мен қырдың қызыл сиырын будандастыру арқылы пайда болған «Алабота» тұқымын 1932 жылдан бері өсірумен  және көбейтумен айналысып келе жатқан шаруашылықты бұл күндері Солтүстік өңірі ғана емес, бүкіл Қазақстан біледі десе де болады. Оның басты себебі, Зеңгі бабаның еті мәрмәр, салмағы қомақты, қыс қаһарына төзімді, мұқыл басты қызыл ала сиыр тұқымын экономикалық тоқырау кезінде де шашау шығармай, бүгінгі күнге бар болмысымен жеткізіп отырғандығы…

Шаруашылықтың тәжірибелі, ұзақ жылдар осында абыройлы еңбек етіп келе жатқан бас зоотехнигі Антон Малиновский: «Если не Сансызбай Алпысбаевич, сохранение и развитие этой породы стало бы под вопросом», – дейді.

Сансызбай 60-қа толғанда ескерткіш болып қалсын деп қысқа метражды бейнефильм түсіріпті. Сонда сол кездегі аудан әкімі, кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Анатолий Маковский: «Кутузов Москву сдал французам, а наш Саке племзавод не уступил никому»,  – дейді.

Оның бойындағы ерекше бір қасиеті – өзіне де, өзгеге де жұмыс үшін қатаң талап қоятындығында. Турашылдығы мен бірбеткейлігінде.

Сансызбайдың жеткен жетістіктері ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүргендерге үлгі боларлықтай.

Бүкіл саналы өмірін халық игілігі үшін аянбай еңбек етуге арнаған азамат ауылда өмірге сәби келсін, біреу өмірден өтсін, солардың қызығына да, шыжығына да ортақ болды. Тіпті, қазіргі зейнеткер күнінде де сол әдеті, қаладан ауылға асығып тұрады…

Шаруашылықтың Аққұдық пен Қырауқамыс ауылдарының тазалығына ерекше көніл бөліп, қыста жиналған көң-қоқысты жер кебісімен алдыртатын.

Бір сөзбен айтқанда, Сансызбай бұл күнде еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтардың бірі. Хакім Абай айтқан «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымды» ойлап қоюды өмірлік ұстаным етіп келеді…

1999 жыл мен 2011 жыл аралығында Тайынша аудандық мәслихатының депутаты болып, сессияларда аудан көлеміндегі көкейкесті мәселелерді көтерді және оларды шешуге белсене ат салысты.

Осы өңірде туып, бар саналы ғұмырын өзі қалап алған ауыл шаруашылығымен байланыстырып келген Сансызбай Алпысбайұлының еселі еңбегін еліміз де жоғары бағалады. Кезінде медальдар, төсбелгілер, грамоталар, Алғыс хаттармен бағаланса, 2006 жылғы 8 желтоқсандағы Тұңғыш Президент Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Сансызбай «Тайынша ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен «Тайынша ауданының құрметті азаматы» атақтарын алған.  Сөз ретінде айта кетсек, кезінде әкесі Алпысбай да ел алдындағы еселі еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері болған еді.

Әке жолын лайықты жалғастырған Сансызбай Алпысбайұлы 2009 жылы зейнеткерлік жасқа жетіп, 2010 жылы шаруашылықты абыроймен тапсырды. Абыроймен деп облыс, аудан басшыларының, ауылдағы ақсақалдардың ақ алғысын алғанын айтамыз.

Абзал азамат сүйіп қосылған жары Ғалия Сәтмағамбетқызымен отыз жылдай отасты. Екі бала өмірге келді. Ғалияның қолынан сан мәрте дәм татып едік. Өте иманжүзді жан болатын. Ажал ажарыңа да, базарыңа да қарамайды деген ғой. 2000 жылдың ақпан айының аяғында Алматыда  жүрекке ота үстінде өмірден өтті. Ғалияның өмірден ерте кетіп қалуы жалғыз Сансызбай мен балаларына ғана емес, ағайын-туыс, дос-жаран үшін орны толмас  өкініш болды.

Бұл күнде ұлы Алмас заңгер, қызы Айман мұғалім мамандықтарын алып, өмірден өз орындарын тауып, әкелерінің жақсы атын асқақтатып жүрген жандар. Айманнан көрген немересі Айзаңым жас болса да өзінің тауып сөйлейтіндігімен, ерке қылықтарымен атасын қуантып қояды. Ал, Алмас пен келіні Данара Сансызбайға Алланың жазуымен үш немере сыйлады: Ерген, Тілеген және Төлеген.

Сансызбай Алпысбайұлы тек шаруамен ғана айналысып жүрген адам емес, ол ақынжанды азамат. Оның әр кезде жазылған өлең жолдары мен ой иірімдерін толғанбай оқуға болмайды. Әсіресе, асыл жары, балаларының анасы Ғалия өмірден өткеннен кейін күйзеліп, ұзақ тебіреністе жүрді, қолына жиі қалам ұстайтын болды.

–Мен осы жасқа келгенде өлең жазайын, ақын болайын, кітап шығарып, атымды шығарайын деп жүрген жоқпын. Менікі ішкі қажетім. Ғалияның қазасына байланысты ендігі қаяу көңілімді періште-жырмен жеткізгім келеді де тұрады, – деді бірде маған Сансызбай бауырым жан сырын бүкпестен. Түсіндім. Түсінгенім, сартап сағыныш, тән мен жанның қиналысы, жайшылықта қалғып жатқан шығармашылық мүмкіндіктер бұлақтай өз көзін тапқаны. 2000-2014 жылдар аралығында үлкенді-кішілі бес кітап шығарыпты. Олар «Жанымның жарасы» (2001 жыл), «Қайғыңменен жасыдым» (2002 жыл), «Көңіл шері» (2003 жыл), «Бір қуанып, бір өкінген өмір-ай!» (2005 жыл), «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» (2014 жыл). Әрине, оның бәрінің бағасын оқыған жұрт бере жатар.

Сансызбайды менен кем білмейтін белгілі жазушы-драматург, Сенат депутаты болған Жабал Ерғалиев, әнші, сазгерлер Тыныштық Шаменов, Иран Тасқара, бірнеше кітаптың авторы, жерлесі Совет Хамитұлы, жазушы-сатирик Сайлау Көшкенұлы Сансызбайдың қайғы-мұңына ортақтаса отырып, абзал азаматқа жүректен шыққан ән-жырларын, ой-толғамдарын арнапты…

Ал, Қазақстанға белгілі ақын, жазушы марқұм Төлеген Қажыбай бауырымыз «Қыпшақтың алмас қылышы Сансызбай Алпысбайұлына» деген арнау өлеңінде:

Қазақтың сен де ұлысың,

Қайыспас туса ұлы сын!

Өзіңді көріп еске алам,

Қыпшақтың қайқы қылышын!

Жақсыдан кімдер шеттейді,

Көңілден сөзің кетпейді.

Осынау ессіз заманға,

Өзіңдей ұлдар жетпейді! – дейді.

Қандай тамаша, дөп басып айтылған аталы сөз!

Мерейлі 80 жасың құтты болсын дей отырып, ақынжанды Советтің мына өлең жолдарымен мен де Сансызбайға жылы лебізімді түйіндегенді жөн көрдім:

Сағынып жүрер сырласым менің,

Қалжыңы бір құрдасым менің.

Сексеннің сеңгірінен көрінейік,

Орның төр боп, сыйласын елің,

сыйласын елің!

Келесі Совет Хамитұлы Балтабай жайында ой толғасам, сол қайыңды алқапқа қоныс тепкен Жаңатілек ауылында майдангердің отбасында дүниеге келген. Әкесі Балтабаев Хамит Ұлы Отан соғысына қатысушы майдангер. Ол соғыстан кейінгі жылдарда елге оралғаннан кейін механизатор, совхозда бригадир болып еңбек еткен. «Құрмет Белгісі» орденінің иегері. Ал, анасы Ұмсындық Сағындыққызы  соғысқа дейін 7 кластық білім алған. Сол кездің өлшемімен өте сауатты, оқу-білімге ерекше ден қойған жан болды. Колхозда есепші-бухгалтер болып жұмыс істеген.  Ауылда сатушы болып көпке игілікті ісімен сыйлы да қадырлы болған жан.

Соғыстан кейінгі қым-қуыт тіршілікпен өткен қоңырқай кезең кім кімнің болсын, еңсесін тіктеуіне оңай болмады. Міне, осы уақыттарда Совет Хамитұлының ата-анасы көппен бірдей табандарынан тозып, маңдай терін төге еңбек етті.

Балтабай Совет Хамитұлы  институттан ғалым агроном-экономист мамандығын алып шыққан білімді жас өзінің еңбек жолын Чкалов ауданы, «Ленин» совхозының өсімдіктерді қорғау жөніндегі агрономы болып бастады. 1977 жылға дейін Абай атындағы кеңшарда аға экономист, бас диспетчер қызметтерін атқарды. 1977-1980 жылдары Красноармейск (Тайынша) ауданындағы «Заречный» кеңшарының бас экономисі, 1980-1982 жылдары Чкалов ауданындағы Абай атындағы кеңшардың бас экономисі болып қызмет атқарды. 1982 жылдың мамыр айында Чкалов аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының жоспарлау-экономикалық бөлімінің бастығы, кейін Чкалов РАПО төрағасының экономика жөніндегі орынбасары болып ауыстырылды. 1990 жылдың тамызында Чкалов аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы, 1992 жылдың наурыз айынан аудан әкімшілігінің экономика комитетінің төрағасы болып сайланды. 1992 жылдың қыркүйегінен 1997 жылдың мамыр айында аудан таратылғанға дейін Чкалов ауданы бойынша салық инспекциясының бастығы қызметін атқарды. Сондай-ақ, үнемі қоғамдық жұмыстарды да атқарды. Ол бастауыш партия ұйымының хатшысы, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болды, аудандық «Сельские вести» газетінде қазақ тілінде «Ауыл таңы» қосымшасын шығарды. Аудан таратылғаннан кейін 2000 жылға дейін  «Қазақстан»  және  «Амандық» МК-ларын банкрот деп тану бойынша басқарушы болып жұмыс істеді. 2000 жылы Көкшетау қаласына қоныс аударып, 2010 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы қызметін атқарды.

Өзінің саналы ғұмырында адам әйтеуір, бір нәрсені жасап, тіпті ғылымға жол ашуы да мүмкін. Қалай десек те адал еңбек адамды биікке шығарады. Балтабай Совет Хамитұлы тамаша парасатты адами қасиеттерімен өмірден өз бақытын тапқан азамат. Ақкөңіл, ақжарқын деген әдемі теңеулер осы азаматқа лайықты-ақ. Өзін де, жанындағыларды да жақсы көңіл-күймен баурап алатын, жігерлі, жүзіне қарағандарды бір-екі ауыз жылы сөзімен жадыратып жіберетін ақылы дария, аузы баталы ақсақал.

Жан-дүниесі рухани бай, ойшыл азаматтың тағы бір қыры қаламгерлігі. Есте қалар есті сөздерді сонау балалық шағынан санасына сіңіріп, кейін келе ақ парақ бетіне түсіріп отырды. Совет Хамитұлы 1994 жылдан Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі. 5 кітаптың авторы, жеке тұлғаларға арналған 5 кітапты өңдеген редактор Ақмола облысы бойынша 11 томдық «Зерде кітабын» («Книга памяти») шығару жөніндегі редакциялық топтың жетекшісі болды. Тың ойлы қаламгер туындыларының салмағы да ауыр.

Республикалық басқармалар арқылы марапаттарына тоқталатын болсақ, ол 1997 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік салық комитетінің Құрмет грамотасы, 2020 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасы, облыс әкімінің және басқармалардың Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарына ие болды. Сондай-ақ, 2016 жылы «Еңбек даңқы» төсбелгісін, 2017 жылы «Еңбек ардагері», 2022 жылы «Құрметті ардагер» медальдарын омырауына тақты.

Ауыл шаруашылығының білгір маманы, еңбегін ел игілігіне арнаған ел ағасы және қаламгер ретінде «Қазақстанның Алтын кітабына» (ТОО «Издательский Дом «Эдельвейс-Астана», 2023 жыл, 331-333 беттер) енді.

Зайыбы Жұмабике екеуі бес бала тәрбиелеп, өсірді. Ол балалардың барлығы да өз саласында абыройлы еңбек етіп жүр. Жұмабике Қанапияқызы білімі бойынша есепші, зейнеткерлікке шыққанша көп жылдар бойы емдеу мекемелерінде кадр бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті.

Бертін зейнеткер атанғаннан кейін Балтабай Совет Хамитұлы он-он бес жылдың аралығында колледжде сабақ берді, Ақмола облыстық ардагерлер Кеңесінде, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасында баспасөз хатшысы, сол басқарманың ардагерлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.

Ақын, сазгер Тыныштық Шаменов мырзаның Совет Хамитұлына зейнеткерлікке шыққанында ән-арнауында:

Жастау кезі еді жалынды,

Сырластым, айттым барымды.

Мақала, өлең жазғанда,

Қаламы жанды қарымды.

Байсалды да, тілге бай,

Журналист қой дарынды.

Құтты болсын, уа, Совет,

Құттықтауда өңірің,

«63-ке келдім» — деп,

Жасымасын көңілің.

Басталды жаңа басталды,

Тыныш қызық өмірің – десе, жазушы-сатирик, құрдасы Сайлау Көшкенұлы:

Еткен еңбек текке кетпес құрдасым,

Оңаша қап сырласатын мұңдасым.

Жетпіс, сексен, тоқсаныңды тойлайық,

Жүз жаста да жүре берші нық басып!- дейді жүрекжарды сөзімен.

 

Міне, көрікті Көкшенің арайлап,

Тағы бір ақ таңы атты.

Жайнаған гүлің,

Айналаң нұрын төгіп тұрады.

Беріліп күйге, сағынсам кейде,

Ауылға кеткім келіп тұрады.

Сағынтса көлім, қалт етсе қолым,

Ауылға кеткім келіп тұрады.

Облыс орталығының жерлесіміз Ермек Серкебаев көшесіндегі зәулім үйдің алдында кешегі қызыл атқа ер салып жатқан әкесі Алпағаң сияқты, Сансызбай да «қара айғырына» (өзінің денесіне сай еңселі қара «Джипті» айтам. Б.Б.) жақындады. Қазір көлігіне от алдырып, жанына Советті отырғызып, екі зейнеткер Қарағашқа, Чкаловқа, Алаботаға, Аймаққа не кіндік қандары тамған Жаңатілек жұртына бет алатынына күмән жоқ.  Бір еріксіз күш ауылға тартып, бар саналы өмірлерін арнаған сол ауылдарға барғылары келіп тұрады…

                       Батырхан БАЛТИН,
еңбек ардагері, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің құрметті қызметкері.

Астана қаласы.

***

Жаңатілек ұлына

                     Сансызбай аға Алпысбаевқа

Жаңатілек, құт қонған ауылыңда,

Баланып ең жасыңнан тәуір ұлға.

Қамығып, осы күнде жүремісің,

Жұрты қалған жоғыңның бауырында.

 

Арнар едің сол елге көп ісіңді,

Құтын іздер ұлдарын кім түсінді?!

Білем аға, барғанда жүдеп тұрып,

Жанарыңа мөлдіреп шық тізілді.

 

Биіктесең білігің, талабыңмен,

Елеңдеп бір бұл жақта қалатын ем.

Аққұдықты аман-сау сақтағаның,

Сол жылдары ерлікпен болатын тең.

 

Тура мінез атадан қонғаны ма,

Жолаушысың бір қыңбас жолда мына.

Ірілік пен кішілік қатар жүрген,

Ей, халайық, сексен тұр алдарыңда!

 

Лайықтыға көп шығар құрметің бек,

Туған жерде күн үшін жүрмеді тек.

Келе жатқан Сәкең бұл, мұратымды.

Еңбек пенен шындықтан іздедім деп!

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар