Қос алтын ел атына жарасып тұр

Жуырда Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өткен 2026 жылғы Пара Азия ойындарында Ақмола өңірінің қос бірдей мақтанышы Еркін Ғаббасов пен Давид Дегтярев алтын медаль иегерлері атанып, ел мерейін асқақтата түскендері белгілі.

Байрақты бәсекеде Қазақстан намысын қорғаған спортшылар жалпы командалық есепте тоғызыншы орынға жайғасқанын да көзі қарақты жұртшылық біледі. Чемпиондарды Астана әуежайында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірге, Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин, Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Қуатбеков және өзге де спорт жанкүйерлері мен жанашырлары салтанатты жағдайда қарсы алған еді.

Сонымен, қазақстандық мерген Еркін Ғаббасов биылғы Пара Азия ойындарында 10 метрге пневматикалық мылтықтан оқ атуда 249,1 ұпай жинап, бірінші орынға қол жеткізумен қатар, дүбірлі доданың жаңа рекордын орнатты. Осы айтулы жеңісінің арқасында ол 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарының жолдамасын қанжығасына байлады.

Осы жолда чемпион өзіне барлық тиісті қолдаулардың көрсетілгенін айтады. Әсіресе, өмірлік жан жарының қолдауы ерекше көрінеді.

– Арбамен жүретіндіктен, қасымда сүйемелдеушімнің болғаны өте жақсы болды. Әрі ол әрдайым жаныңнан табылар жарың, екінші жағынан бапкерің болса, рухани тұрғыдан бұл бір үлкен дем береді, – дейді чемпион.

Давид Дегтярев те қазір әлемдік рейтингте бірінші орында тұр. Ол 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде пауэрлифтинг бойынша Пара Азия ойындарының алтын медалін жеңіп алды. Дегтярев 191 келіні көтеріп, өз рекордын жаңартты.

– Біздің көк байрағымыз көтерілгенде көкірегіңді ерекше сезім кернейді. Ал, қолдауға келер болсақ, мен де өмірде жан жарымның қолдауын жақсы сезінемін. Мен үшін ең маңыздысы да осы. Адам отбасылы болғанда өмір сүру салты біраз өзгереді екен, бірақ, спорттағы дайындық пен жауапкершілік сол күйінде қалды, – дейді Давид Дегтярев.

– Параспортшылар бізде «Мерген» клубына тіркелген. Мұнда олар құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, барлық жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына қатыса алады, – деген Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендиннің сөзінен де қос Пара Азия чемпионына, сол сияқты, басқа спортшыларға қамқорлық сезіледі.

Иә, байрақты бәсекелерде ел, облыс намысын абыроймен қорғап жүрген спортшыларымыз қашанда біздің мақтанышымыз. Олар үшін барлық жағдайды жасау жеңіспен оңғарылатыны қандай ғанибет!

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Сурет encrypted-tbn0.gstatic.com сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар