Ұстаз еңбегі зая кетпейді

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Себебі, жүрегі ақ қағаздан да аппақ періште баланың ғұмыр жолына ізгілік нұрын дарытатын, оңы мен солын, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айыруға үйрете жүріп,  ілім мен білімнің сөнбес шырағын жағатын  – мұғалім.  Иә, «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан», – деп Хәкім Абай тегін айтпаған ғой.

Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің озаты» төсбелгісінің иегері, ағарту саласының ардагері – Орал Қабыкенұлы Рахимов.

Иә, адам баласы үшін тәлім берген мұғалімнің орны бөлек қашанда. Бәлкім содан ба, кез-келген жан өзі білім алған аяулы мектебін, ұстаздар қауымын ерекше ыстық ілтипатпен еске алады һәм оларға деген құрмет ешқашан аласармайды.Мектептегі сынып жетекшіден басқа, пән мұғалімдерінің де азаматтық келбеті ойыңда қалатыны бар. Өйткені балаң жүрегіңеөмір қағидаттарын ұғындырып, адами абзал қасиеттерді бойыңа сіңіретін де ұстаз. Өз басым мұндай да әрине, алдымен алғашқы ұстазым Айман Жұмабекқызын ерекше ыстық ілтипатпен еске аламын. Одан кейін әдебиетке деген қызығушылығымды арттыруға өзіндік үлес қосқан Зәйкеш Смағұлұлы мен Мәркен Қайыржанқызынаалғысым шексіз. Орта білім алған мектептегі кез келген мұғалімнің бейнесі жүрегіңде жатталып қалады емес пе. Сынып жетекшілерім Жаннат Қанапияқызы мен Қамар Ерәліқызы, пән мұғалімдері Төлеген Кәрібайұлы, Айсұлу Қабиденқызы, Аманжол Ысқақұлы, Әсия Бәтиқызы және тағы басқа да мұғалімдерімнің барлығы да көңіл төрінде.Сондай да ерекше есте қалған бір мұғалім болса, ол әрине бүгінгі мақаламыздың басты кейіпкері Орал Қабыкенұлы Рахимов. Ол кісі біз оқыған Айсары орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі болатын. Сабақты өте қызықты өткізетін. Бір оқушыға дүрсе қоя сөйлегенін, дауыс көтергенін ешқашан естіген емеспіз. Керісінше, әр оқушымен сіз деп сөйлейтіні есімде қалыпты. Бұл алдымен ұстаздың ішкі мәдениетінің жоғары екендігін аңғартса керек.

Орал Рахимов 1954 жылы Зеренді ауданына қарасты Дөңгілағаш ауылында дүниеге келген. Ауылдағы төртжылдық мектепті бітіріп, 1965 жылы Көкшетау қаласындағы облыстық мектеп-интернатына оқуға қабылданып, оны 1971 жылы ойдағыдай тәмамдап, Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мұғалімдер институтының физика-математика факультетінің физика бөліміне оқуға түсті. 1976 жылы институтты аяқтаған соң, арнайы жолдамамен сол кездегі Көкшетау облысына қарасты Ақжар ауданының Алқатерек ауылындағы орта мектепке физика пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасты.

– Алқатерек ауылы маған құтты мекен болды. Осы елде алғашқы еңбек жолымды бастадым,үйленіп, отбасын құрдым. Жалпы ғұмыр жолымда үнемі жақсы адамдар жолықты десем артық айтқандық емес. Жасыратыны жоқ, адамды абзал атын сай ететін алдымен адал еңбегі болса, одан кейінгі әрине адамның абыройын арттыратыны оның көркем мінезі ғой. Мен де ғұмыр жолымда осы екі қағидатты ұстануды жөн санаған жандардың бірімін. Қай қызметті атқарсам да адал еңбек етуге бар күшімді салатынмын.  Содан болар, күні бүгінге дейін қоғамдық жұмыстарға белсене ат салысуға тырысамын. Алғашқы рет еңбек жолымды бастаған Алқатерек ауылында еңбегім жақсы бағаланып, бірер жылдан соң аудандық білім бөлімі басшылығының ұсынуымен 1979 жылы Ленинград ауданына қарасты Айсары еліндегі орта мектепке директордың оқу-ісі меңгерушісі болып тағайындалып, қызмет бабымен осы елді мекенге ауыстым. Бір жылдан соң, яғни,  1980 жылы мектеп директоры қызметіне тағайындалдым. Тәжірибемді толықтырып, ауылдың қоғамдық өміріне етене араластым. Жастайымнан өнерге жақын болып өстім. Домбырада ән салып, қолым қалт еткенде өлең жазатын әуестігім бар. Ол кезде Айсары ауылы облыстағы ең бір үлгілі ауылдардың бірі еді. Шаруашылығы да, шығармашылығы да өзге өңірлермен салыстырғанда бір төбе болатын. Ақын-композитор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Тыныштық Шаменовтың жетекшілігімен ауылдың көркемөнерпаздары жыл сайын аудандық байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алатын. Облыс сахнасында да Айсары ауылының өнерпаздары бірнеше дүркін лауреат атанды. Сол кездегі Айсары совхозы  ілкімді істерімен алға ілгерілеген іргелі елді мекен ретінде республика көлеміне үлгі еді. Осының айғағы ретінде 1992 жылы Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайына облыс атынан Айсары ауылының ұжымы жіберілген болатын, мен сол жиынға делегат ретінде қатыстым.1982-1986 жылдар аралығында Айсары ауылдық кеңестің депутаты болдым. Сондай-ақ, 1992-1994 жылдар аралығында Ленинград аудандық мәслихатының депутаты болып сайландым. 1994жылы білім саласына сіңірген еңбегім ескеріліп, Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрінің бұйрығымен «Білім беру ісінің озаты» төсбелгісімен марапатталдым, – дейді Орал Қабыкенұлы.

Еселі еңбектің ескерілгені қандай жақсы. Әсіресе, бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздардың еңбегі еленгені құптарлық. Ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың: «Алты Алаштың басы қосылса, төр мұғалімдікі» деп атап өтуі де  бала жанының бағбаны саналатын мұғалім бейнесінің биік екендігін аңғартатыны анық. Адамзат өркениетін мұғалімсіз елесету мүмкін емес. Себебі, әрбір елдің өркендеуі, тұғырының берік болуы өнер мен білімнің еншісінде ғой. Өз басым Орал Қабыкенұлынан сабақ алған оқушысы ретінде ол кісіні өз ісінің білгірі,  мәдениеті жоғары, ұстаз деген атқа лайық, адал азамат деп танимын.  Жанжары Майкен Хамитқызының өзі қандай керемет жан еді.  Мінезі мақпалдай жұмсақ, жүзінен ізгіліктің нұрын шашқан аса мейірімді абзал мұғалім болатын.  Айнаш, Бекболат, Жанболат есімді балалары да тәрбиелі, үлкенді сыйлай білетін көркем мінезді болып ержетті. Өкінішке орай, Бекболат жастай өмірден озып, орнытолмас қайғы орын алған болатын…

Иә, жан баласы үшін әдетте туған жердің, ата-ананың, балалардың одан кейін алтын ұя мектепте тәлім берген ұстаздардың орны ерекше екендігі анық. Орал ағамыз да кейінгі жылдары нақтырақ айтсақ, 1995 жылы Айсарыдан өзінің туған жері Зеренді ауданына қарасты Дөңгілағаш ауылына отбасымен қоныс аударып, өзінің туған ауылының өркендеуіне үлес қосуды жөн санаған. Ауылға көшкенінен кейін, осы елдегі тоғыз жылдық негізгі мектепке директор болып тағайындалды. Осы білім ордасында  12жыл қызмет атқарған екен.

– Мектепте қызмет атқара жүріп, «Нұр Отан» партиясының мүшесі болдым, он жылдай ауылдағы сайлау учаскесінің төрағасы ретінде де елге адал қызмет етуге тырыстым. Ел Президентінің жылдағы халыққа арналған Жолдауының мәнін, мағынасын ел алдында талдап, түсіндіріп, республиканың ішкі-сыртқы саясатынан хабарлар беріп тұратын үгітшілер тобының жетекшісі болдым.  Ұлды үйлендірдім, қызды ұзаттым, ата-әже атандық. Ал, 2007 жылы конкурс негізінде Зеренді ауданына қарасты Шағалалы ауылындағы Шағалалы жоғары агротехникалық колледжге оқытушы болып қабылдандым. 2010 жылы жоғары санатты ұстаз дәрежесін қорғадым. Облыстық, аудандық баспаларда жиі-жиі мақалаларым жарық көріп тұрды. Сол жылдарда Зеренді ауданының «Зерделі Зеренді» газетінің штаттан тыс тілшісі болдым. Осы еңбегімнің айғағына 2008, 2010, 2013 жылдары аудан әкімдерінің Алғыс хаттары мен грамоталарына ие болдым. 2016 жылы Қазақстан Респбуликасының Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің қолынан Алғыс хатпен марапатталдым. 2017 жылы құрметті зейнет демалысына  шықтым. 2022 жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің  бұйрығымен «Еңбек ардагері» медалімен  марапатталдым. Зейнет жасында болсам да, салауатты өмір салтын ұстануға тырысамын. Көкшетау қалалық ардагерлер ұйымының қасындағы шахмат клубының мүшесімін. Облыстық, аудандық газеттерге мақала жазып тұрамын. Көру қабілеті төмен, екінші топтағы мүгедектігім бар.  Осыған орай, Көкшетау  қалалық зағиптар қоғамының мүшесі ретінде осы қоғамның іс-шараларына белсене араласамын. Облыстық мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында өткізілетін спартакиадада шахматтан 2-ші, 3-ші орындарды жеңіп алып жүрмін. 2016 жылы «Дөңгілағаш менің ауылым» атты кітап жазып, жарыққа шығардым. Жеті немеренің атасымын, – дейді ардагер ұстаз өз өмірі туралы баяндай отырып.

Асылында еңбектің зейнетін көріп, ұрпағыңмен мың жасағанға не жетсін! Өкінішке орай, осыдан біраз жыл бұрын асыл жары, балаларының анасы Майкен Хамитқызы өмірден өтті. Алайда, уақыт керуені бір орнында тұрмайды. Қазіргі таңда Орал аға немерелерінің ортасында сыйлы ата ретінде  бақытқа кенелуде. Жетпістің жотасына шыққан ардақты ұстазды мерейлі мерейтойымен  құттықтай отыра, жасай беріңіз ұлағатты ұстаз дейміз біз де шын жүректен!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар