Кешегі уайым бүгінгі пәтер қуанышына ұласты

23 сәуірден бастап Ақмола облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар пәтерлермен қамтамасыз етіле бастады. Кеше облыс әкімі Марат АхметжановДостық үйінде осындай отбасылардың бірқатарына пәтер кілттерін табыс етті.

Өз сөзінде аймақ басшысы облыс орталығының тұрғындарына шыдамдылықтары және су тасқынымен күреске белсенді ат салысқандары үшін алғысын білдіріп, бүгінгі іс-шараның өткізіліп жатқанына өте қуанышты екенін  жеткізді.

–Біз су тасқынынан зардап шеккен қала тұрғындарын көшіруді Вернадский көшесінен бастадық. Барлық адамдарға ыңғайлы болуы үшін баспананы өздері таңдауға мүмкіндік берілді. Бүгінгі күні де міне, комиссия тарапынан тұруға жарамсыз деп танылған үйлердің тұрғындарына  жаңа баспана бергелі отырмыз, – деді өз сөзінде облыс әкімі.

Осыдан кейін аймақ басшысы 13 отбасыға пәтер кілттерін салтанатты  түрде тапсыру рәсімін өткізді. Жаңа баспана алғанКүлшара Шахизадаева  ел басшылығына және өз қайғы-қасіретіне бейжай қарамай, көмектескендердің барлығына алғысын білдірді.

–Тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға тек бақыт тілеймін. Жаңа үйлеріңіз тек жақсылық пен қуаныш әкелсін. Ең алдымен, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы мен облыс әкіміне көп рахметімді айтамын. Себебі, бізді қиын кезеңде демеп, осындай жаңа баспана берді, –деді ол.Сондай-ақ, қала тұрғыны Любовь Счастливая да жергілікті атқарушы органдардың жұмысына оң баға беріп, зор алғысын білдірді.

– Мен Көкшетау қаласында Жанділдинов көшесіндегі №20 үйде  тұрдым. Осы үйде ұзақ  жылдар бойы жұбайым екеуіміз  өмір сүрдік. Алайда, осы жылғы су тасқынынан кейін үйіміз суда қалып, бізді құрылыс техникалық колледжінің жатақханасына көшірді. Содан кейін пәтер жалдап отырдық.  Біраз уақыттан кейін қала мен облыс әкімі біздің көшені аралады. Олар біздегі  болып жатқан жағдайды, яғни, үйлердің бәрі су астында қалғанын көрді. Облыс әкімі бірден біз тұратын өзен бойындағы үйлерді бұзатындарын айтты. Міне, бір айдан астам уақыт өткеннен кейін бұл шынында, расқа айналды. Сөйтіп, бүгін біз жаңа пәтер иесі атандық. Бұл өте қуантарлық жағдай, –деді Любовь Ивановна.

Облыста көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 1500-ден астам тұрғын біржолғы төлем алды. Қазіргі уақытта мүліктік бағалау жұмыстары аяқталуға жақын. Облыс әкімі барлық зардап шеккен отбасылардың мұң-мұқтажы ескерілетініне сенім білдірді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар