Дарынды ағаның ән әлеміне бойласақ…

Композитор Құрмет Сақайдың есімі елімізге жыға таныс. Жүрегін ән тербеген ағамыз күні бүгінге дейін 300-ге жуық жеке ән мен хор әндерін, 5 кантата, 1 музыкалық комедия, 30-дан астам би музыкасын жазған дарын. Әндері мен хорлары композитордың шығармашылығында маңызды орын алады. Композитордың шығармаларын жалпылай алсақ, патриотттық әндер, лирикалық әндер, балаларға арналған әндер және терең философиялық әндер деп жіктеуге болады. Патриоттық тақырыптағы әндер, балаларға арналған әндер және хорға арналған әндер композитордың шығармашылығының негізі болып саналады.

Балаларға арналған әндерінің ішінен Совет Әлімқұловтың өлеңіне жазылған «Отан» әні  2003 жылы Алматыда өткен  І-ші республикалық балаларға арналған әндердің «Обыкновенное чудо» конкурсында Бас жүлдені жеңіп алса, Сағи Жиенбаевтың өлеңіне жазылған «Жиырма сегіз батыр» әні 2007 жылы Шымкент қаласында өткен «Балдәурен» атты балаларға арналған әндердің республикалық жабық конкурсында Бас жүлдені жеңіп алған болатын. Сонымен қатар, 2007 жылы Астана қаласында өткен ұлттық «Астана – Бәйтерек» атты конкурсында Әнуарбек Дүйсенбиевтің өлеңіне жазылған «Мектеп-ана» әні мен балалар би ұжымдарына арналған «Бәйтерек вальсінің» музыкасы үшін осы конкурс лауреаты атанды.

Композитордың патриоттық әндерінен 2007 жылы Астана қаласында өткен IV республикалық патриоттық әндердің «Елім менің» конкурсының ІІ номинациясы бойынша І орын иеленген Ерболат Баятұлының өлеңіне жазылған «Алты алаштың ардағы», 2008 жылы өткен V республикалық патриоттық әндердің «Елім менің» конкурсында І орын иеленген Ерболат Баятұлының сөзіне жазылған «Туған жер» әні, 2009 жылы өткен VI республикалық «Елім менің» конкурсында ІІ орын иеленген Төлеген Қажыбаевтың өлеңіне жазылған «Елдің ері – Бауыржан» әндерін үлгі ретінде атауға болады.

Елімізге белгілі композитор, ұстаз-педагог Құрмет Сақай өзінің қайталанбас талантты туындылары тыңдаушыларын әрдайым қуантып келеді. Оның сырлы да сазды, терең философиялық мәні бар, өршіл рухқа толы мағыналы, ұлттық нақыштың бояуы қаныққан әндері биік сахналардан жиі шырқалып келеді. Композитордың Отанға, ел мен жерге деген сүйіспеншілігі оның талантты сезім сырын селдететін серпінді әндер болып төгіледі.

Құрмет Сақай ән жанрында ғана еңбек етіп қоймай, 300-ден астам әндерді қазақтың халық аспаптар оркестріне өңдеген, әуесқой сазгерлердің 200-ден астам әндерін нотаға түсіріп, клавирлеген кәсіби маман.

Композитор балаларға арналған «Күміс қоңырау», «Үш бақытым» деп аталатын патриоттық әндер, «Қыранды Қазақстан» атты Төлеген Қажыбаевтың өлеңдеріне жазылған әндер, «Ақ ордасы білімнің» атты мектеп оқушыларына арналған әндерден тұратын 4 жинақтың авторы.

Құрмет Сақай 1989 жылы 17 қарашада шығармашылық жетістіктері үшін Моңғолия жастар одағының «Озат интеллигент» төсбелгісімен, 1993 жылы 25қаңтарда білім саласындағы ерекше еңбегі үшін «Моңғолия білім беру ісінің үздігі» белгісімен, 1999 жылы 10тамызда «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін 2004 жылы 11 қазанда «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, мәдениет саласын дамытуға зор үлес қосқаны және композиторлық шығармашылығы үшін 2003, 2011 жылдары «Мәдениет қайраткері» құрмет белгілерімен марапатталған.Құрмет Сақай халықаралық фестивальдің және республикалық конкурстардың 14 мәрте лауреаты, 2009 жылдан бастап Композиторлар одағының мүшесі. Мәселен, 2002 жылы Алматыда өткен «Обыкновенное чудо» атты балаларға арналған әндердің республикалық конкурсында І орын алып, лауреат атанды. 2007 жылы Шымкент қаласында өткен балаларға арналған әндердің «Балдәурен»  атты республикалық жабық конкурсының Бас жүлдесін жеңіп алды. 2022 жылы Астана қаласында өткен «Жас өрен» атты балаларға арналған әндердің республикалық байқауында ақын Ерболат Баятұлының  сөзіне жазылған  «Даламды сүйем, анамды сүйем» әнімен жеңімпаз атанды. 2007 жылы Астана қаласында өткен ұлттық «Астана-бәйтерек» конкурсының І номинациясы бойынша ынталандыру жүлдесін, ІІІ номинациясы бойынша лауреат атағын алды. Сондай-ақ, 2007 жылы Астана қаласында өткен ІV республикалық патриоттық әндердің конкурсында ІІ номинация бойынша І  орынға ие болып, лауреат атанды. 2008 жылғы V республикалық «Елім менің» патриоттық әндер  конкурсында І  орынмен марапатталды.

Құрмет Сақай ағамыз кез келген байқауларда шашасына шаң жұқпас Құлагердей топты жарып, алдыңғы қатардан көріне біледі. Себебі, ол тума талант, хас шебердің нақ өзі. Біз жоғарыда санамалап өткен жүлделер ағамыздың өнерде қол жеткізген белестерінің бір парасы ғана. Бұл тізімді үздіксіз жалғастыра беруге болады. Өмірін музыка, өнерге арнаған дара тұлғаның өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге екендігі анық.

Дина ҚҰРМАНҒОЖИНА,
Көкшетау қаласындағы балалар музыка мектебінің мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар