Бағаласаң бақытыңмын, сағынсаң қасыңдамын…

Қазақ жастары жыл сайын 15 сәуірде мәңгілік махаббаттың символына айналған «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» күнін атап өтеді. Бұл күн ресми түрде бекітілмесе де, қыз-жігіттер арасында «Ұлттық ғашықтар күні» ретінде кеңінен аталып өтеді.

Ғашықтар бір-бірін махаббат күнімен құттықтап, сыйлықтар тарту етеді, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын іс-шаралар ұйымдастырады. Осыған орай, Қосшы қаласында Ғашықтар күніне арналған «Бағаласаң бақытыңмын» атты жас отбасылар мен қос ғашықтар арасында байқау өткізілді.       Аталған шараның мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру арқылы, үлгілі отбасын қалыптастыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасын құруға ұмтылған қыз-жігіттер арасындағы тұрақты қарым-қатынасты, шынайы махаббатты насихаттау.Байқауға отау құрғандарына 5 жыл толмаған жас отбасылар арасынан 5 жұп және қыз-жігіт болып қол ұстасқан 5 қос ғашық қатысты.

Биыл бірінші рет өтіп жатқан байқау «Менің отбасым», «Артық болмас білгенің», «Жанұя бірлігінің құпиясы», «Ақсүйек ойыны» сынды кезеңдерден тұрды. Әр кезеңнің өзінің миссиясы мен атқаратын міндеттері болды. Мәселен, «Менің отбасым» кезеңінде қатысушы өз отбасын құру тарихын, алғашқы кездесуі мен отбасындағы ғибратты оқиғаларды айтты. Ал, «Жанұя бірлігінің құпиясы» кезеңінде жұптарға арнайы ситуациялық жағдайларда қандай әрекеттер жасау керектігі бойынша сұрақтар берілді. Сол бойынша әр жұп қандай жағдайда қалай әрекет ету керектігі туралы пікір-ұсыныстарын айтты.Байқаудың «Ақ сүйек» ойыны кезеңі өте қызық өтті деуге болады. Ойын тәртібі бойынша бұған тек отбасын құруға ниетті жас жұптар мен қыз-жігіттер қатысты. Жүргізуші ақсүйектің жасырынған аймағын айтты. Жұптар сүйекті іздеуге кірісті. Оны бірінші тапқан жұптар сөреге жүгіруі тиіс болды. Ал, қалған жұптар табылған ақсүйекті тартып алудың айла-амалдарын қарастырды. Табылған ақсүйекті кім бірінші сөреге жеткізсе, сол жеңімпаз болады. Ақыры, ақсүйекті жас жұптардың ішінен Елшат пен Гүлфайруз тауып алды. Оларға арнайы дайындалған сыйлықтар табыс етілді.

Сонымен қатар, осы іс-шара аясында бұрын бір-бірлерін мүлде танымайтын, бірақ, осы жарысқа келіп танысқан қыз бен жігіт бір-бірін ұнатып, жұптасты. Сөйтіп, Бекежан есімді жас жігіт байқау алаңында Гүлмарал деген аруға сезімі оянып, сөз салды.

–Ғашықтар күнінде Қосшыда тұратын Бекежан мен Гүлмарал конкурсқа қатысып, аяқ астынан әдемі жұпқа айналды. Жалпы өзіміздің ұлттық құндылығымызды, жастар арасындағы достық, махаббатты насихаттайтын осындай шараларды жиі өткізу аса маңызды деп ойлаймын, – дейді бұл орайда, Қосшы қаласының «Жастар ресурстық орталығының» басшысы, қалалық мәслихат депутаты Ақылбек Данабекұлы.

Айта кетейік, еліміздің болмысы мен салт-дәстүріне жат «Әулие Валентин» күнінің орнына «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» күнін атап өтуді алғаш рет 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған. 2011 жылы Алматы әкімдігі 15 сәуірді Ұлттық ғашықтар күні ретінде өздерінің ресми шараларының қатарына қосты. Ал, 2012 жылы Елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері махаббат күнін қазақтың ұлттық «Ақсүйек» ойынымен жаңғыртып, жастар ойын-сауығын ұйымдастырды. Дәл сол жылы көкшетаулық жастар да «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» күнін Тәуелсіздік алаңында атап өтті. Содан бері қос ғашықтың кіршіксіз сезімін дәріптеп, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге негізделген мерекені тойлайтын жастардың саны біртіндеп артып келеді.

Қосшы қаласының жастар-ресурстық орталығының баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар