Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақындар Көкшетауды жырға қосты - АРҚА АЖАРЫ

Ақындар Көкшетауды жырға қосты

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Ақмола облыстық

мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен Көкшетау қаласының 195 жылдығына орай «Көзайымым, Көкшетау» атты облыстық ақындар фестиваліне қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.
Салтанатты шара барысында «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бастамалары шеңберінде Көкшетау-Нұр-Сұлтан тас жолы бойында Ақан сері, Біржан сал, Кенесары Қасымұлы, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақ ескерткіштерінің ашылуына орай түсірілген бейнефильмнің тұсаукесері болып өтті.

– Бүгінгі ақындар фестивалінде оқылған әрбір өлең, жазылған әрбір жыр кербез Көкшеміздің мерейтойына орай сіздердің қосқан үлестеріңіз деп білеміз. Киелі Көшетау ежелден өнерге кенде болмаған. Сал-серінің бесігі атанған бұл өлкеден әнін аспандатқан Біржан сал, аққуға ән қосқан Ақан сері, сегіз қырлы Балуан Шолақ пен Иманжүсіп Құтпанұлы, сал-серілердің еркесі атанған Үкілі Ыбырайлар өткен. Ұлттық өнеріміздің арқауы бүгінде жалғасып жатыр. Өнер жолы ұлт пен ұлтты татуластыратын алтын көпір екендігі сөзсіз. Ал адамзаттың асыл қасиеттерінің бірі сөз өнері. Көкшетау қаласының өткен тарихы мен бүгінгі жетістіктері, атақты тұлғаларын жырға қосып, халқымыздың өнері мен мәдениетін дамытуға үлес қосып жатқандарыңыз үшін шексіз алғысымды білдіремін,–дей келіп, облыс әкімі Ермек Маржықпаев өңіріміздің өнері мен мәдениетіне зор үлес қосқан жазушы-драматург, ақын Төлеген Қажыбай мен ақын-композитор Иран сал Тақараны Алғыс хатпен марапаттады.
Фестивальдің ашылу салтанатында Көкшеміздің ақиық айтыскер ақыны Құдайберлі Мырзабек пен аталмыш шараға Сыр елінен арнайы келген «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов Көкшетаудың мерейтойына жырдан шашу шашты. Ақындар фестиваліне өңірімізден жиырмаға жуық ақын қатысты. Көшетаудың тарихы, өңіріміздің тұғыры биік тұлғаларын өз жырларына арқау еткен ақындар көрермен көңілін бір серпілтіп тастады. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын-журналист Қорғанбек Аманжолов, Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облыстық филиалының директоры, танымал ақын Алмас Темірбай, республиалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, ақын Саян Есжан, республикалық байқаулардың лауреаты, айтыскер ақын, композитор Қуаныш Оспан, лирикалық жырларымен оқырман жүрегіне жол тапқан ақын Мерген Тоқсанбай, жасын жырларымен танылып жүрген талантты ақын Жайнарбек Заңдыбай, жас дарын Нұрислам Әбділ және тағы басқа айтулы ақындар өз өнерлерін ортаға салды.
Салтанатты шара соңында фестивальге қатысушылардың барлығына бағалы сыйлықтармен дипломдар табыс етілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар