Іскер азамат Мерей Қасенов басқаратын Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасының Ерейментау аудандық филиалы жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бағытында айтарлықтай шаруалар атқаруда.
Әсіресе, «Бастау-Бизнес» бағдарламасы негізінде кәсібін ашқысы келетіндерге кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрету курстарында оқуға ынталылар көп. Жыл басынан бері осындай курста 75 адам білім алып шықты. Тыңдаушылар негізінен аграрлық өңірде тұратындықтан, осы салада өз кәсіптерін ашқысы келетіндер көп. Тігіншілік, ұйымдастыру техникаларын жөндеу шеберлері курстарын оқуға ынталылар да біршама. Осы курсты бітіріп, кәсіптерін ашқысы келетін 30 адамға жеке кәсібін ашу үшін 100 айлық есептік көрсеткіш шамасында грант бөлінген.
«Бастау-бизнес» курсын бітіріп, грант алғандардың бірі Амангелді Қойбақов. Ол кісі қаланың солтүстік-батыс аумағындағы Қарақұдық мөлтек ауданында, меншікті үйінің ауласында «Дина» техникалық қызмет стансасын іске қосты. Жерлесіміз қолға тиген қаржысына әуелі кілт жиынтығын, гидравликалық пресс, қайрақ, болгар арасын, компрессор сатып әкелді. Көлік көтергіш те бар. Осы құрал-жабдықты гаражына рет-ретімен орналастырды. Күз бен қыстың қамы да ерте ойластырылған, бөлмені жылытатын автономды пеш орнатылған.
Түрлі маркалы жеңіл машинаның бүгінде қалада да, ауылда да, негізгі қозғалыс құралына айналып, көлік саны жыл санап өсіп келеді. Осыған орай, кәсіпкердің қызметіне сұраныс та жетерлік. Бір кездері көршілес Сілеті, Бестоғай кентінде көлік жүргізген, бертін келе Ерейментауда жекеменшік «Нұрлан» техникалық қызмет стансасында табан аудармастан 16 жыл еңбек еткен, бұл салада тәжірибесі мол жігіттің ісі бірден алға басты. Күн сайын жаңа шеберхананың ауласынан көлік легі үзілмейді. Әрбір клиент темір тұлпарының диагностика-ақаулық ыңғайына, жөнделім ретіне қарай керекті қосалқы бөлшегін шебердің сұрауымен өздері алдырады. Кәсіпкердің қызметіне клиенттері разы. Қалаға қоса жақын ауылдардан келетін жеңіл машина иелері де шеберханаға жиі ат басын бұрып жатады. Төлемақысы да әркімнің қалтасына қолайлы, сапасы да көңілге қонымды.
Бұл станса иесіне де тиімді әрі көпті көрген жігіт ағасы көліктің күтім-жөнделім ретін, тиісті қашықтыққа жұмсалатын жанар-жағармай шығынын да бес саусақтай жақсы біледі. Сондықтан әрбір жанның қалтасына салмақ салмауды, көңілін қалдырмауды, ізгілік жолынан айнымауды көздейді.
Кәсіпкерлер палатасы филиалының қолдауы арқасында Амангелді Қойбақов сияқты өз кәсіптерін ашып, жұмыс істеп жатқандар қатары көбеюде. Алдағы уақытта филиал жұмыссыз санатындағы 150 адам мен 18-29 жас аралығындағы 50 жасты қысқа мерзімдік курспен қамтылмақ.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретте: жеке кәсіпкер Амангелді Қойбақов.
Ерейментау қаласы.