Сағат 13.00-де Щучинск қаласынан 15 километр жерде «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының
Ақылбай орманшылығының аумағындағы Жекебатыр тау шынында құрғақ шөп пен ағаштың тұтануы орын алды. Зардап шеккендер жоқ.
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советовтің мәлімдеуінше, хабар келіп түскеннен кейін бұл аймаққа дереу құтқарушылар аттанды. «Өрт ошағында Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы қатарынан 75 адам, арнайы 6 техника, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының орман күзетінің 40 қызметкері жұмыс істеуде. Өртті сөндіру топырақпен жабу және өрт сөндіргіштерден су шашу әдісімен жүргізілуде. Тікұшақтардан шамамен 50 тонна су шашылды. 800 метрден астам биіктікте орын алған өртке өрт сөндіруші көліктер бара алмауда. Күрделілік сонда болып тұр. Алдын ала мәліметтер бойынша күйген алаң 0,33 гектар»,–деді ол.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев облыс аудандарына жұмыс сапарын тоқтатып, оқиға болған жерге келді. Оның басшылығымен жедел штаб құрылды. Сағат 15.55-те өрт ауыздықталды. Өрт шыққан алаң қатаң бақылауға алынды, зардаптарын қалпына келтіру жұмыстары одан әрі жүргізілуде.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.