Көкшетауда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Мақтай Сағдиевтің туғанына 90 жыл толуына арналған қоғамдық жұртшылық өкілдерінің жиналысы болып өтті. Оған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Бұл мерейтойлық жиын «Ел ардағы, ер саңлағы – Мақтай Сағдиев» деп аталды. Осы бір атаудан айқын аңғарылатынындай, Мақтай Рамазанұлы Сағдиев туған халқы мен ұлтының бағына туған асыл перзенттеріміздің бірі. Арғы тегі Орта жүзге әйгілі Зілғарадан тарайды. 1929 жылы Ақмола губерниясының Ленин ауданының Өндіріс ауылында дүниеге келіп, 15 жасынан еңбек жолын бастады. 1950 жылы Семей педагогикалық институтын бітіріп, мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, кейін директор болды. Ал, 1962 жылдан бастап шаруашылық жұмысына араласып, артта қалған «Афанасьев» кеңшарын небары екі жылдың ішінде алдыңғы қатарға шығарады.
Мақтай ағаның ел үшін бар қажыр-қайратын аянбаған жұлдызды жылдары осылай басталды. Өзіне сеніп тапсырылған әрбір істе тек биіктен көрінуі талай белеске көтерді. Солтүстік Қазақстан облысы Соколов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Торғай және Қостанай облыстық атқару комитеттері төрағасының бірінші орынбасары, Балық шаруашылығы министрі, Қостанай облаткомының төрағасы және Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. Міне, асыл ағамыздың ел игілігі үшін атқарған жауапты қызметтерінің бір парасы осындай.
Біз бұл ұлағатты, өнегелі жолды Көкшетау топырағындағы қызметімен бір түйіндеп алғымыз келіп отырғандығы, Мақтай Рамазанұлы бес жылға жуық уақыт ішінде осы қызметінде көпшіліктің есінде қаларлық үлкен жұмыстар атқарды. Көкшетау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа сапалы сатыға көтеріп, елдің, халықтың үлкен сүйіспеншілігіне бөленді. Содан болар, ұлтымыздың осы бір біртуар перзентінің аяулы есімі Көкше жерінде әлі күнге үлкен құрметпен аталып, халық жадынан бір сәт те шықпай келеді. Соның бір дәлелі, облыс орталығы Көкшетау қаласында негізгі орталық көшелердің екеуі Бәйкен Әшімов пен Мақтай Сағдиевтің аттарымен аталып, бір-бірімен өзара түйісіп жатуы.
Мұнда үлкен мән, тағылым бар. Осы көшелерге Көкшетаудағы Еркін Әуелбеков, Оразбек Қуанышев ағаларымыздың көшелерін де қоссақ, бар саналы ғұмырларын елінің өсіп-өркендеуіне арнаған асыл тұлғаларымыздың аруағына ел-жұртының адалдығы бірден көзге түседі.
Осындай сан толғаныстар көңіл күмбезінде шарықтай түскен айтулы жиынды Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев ашып, жүргізіп отырды. Көпшілік назарына ұсынылған абзал аға туралы қосбейнефильм де өздерінің мазмұндылығымен әр жүректі өшпес әсерге бөлей түсті. Облыс әкімінің орынбасары Айна Ермекқызы жиналғандарға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың жылы лебізін жеткізіп, Мақтай ағамыздың ғибратты ғұмыры айшықталған құттықтау хатты біртуар тұлғаның қызы Ғалия Мақтайқызына тапсырды.
Жерлес жазушы, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Қорғанбек Аманжол Мақтай ағаның соңғы 20 жыл ғұмырының бедерінде ол кісінің сыйлас, сырлас бір жақын бауырына айналып, «Ғибраты мол ғұмыр» сериясымен деректі кітап жазды. Сондықтан, халқымыздың аяулы перзенті туралы айтары да мол, айта да алатын қаламгердің осы жолы жасаған мазмұнды баяндамасы салтанатты жиынның алтын арқауы болды десек артық емес.
Сол сияқты, әрі қарай сөз алған еңбек және партия ардагері Айдархан Темірбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Тұрғын Сыздықов, «Евразия» телеарнасының басшысы Светлана Жалмағамбетова, еңбек ардагері Болат Жанәділов, тарихшы ғалым Ғалым Мұсатай, еңбек ардагерлері Қымбат Мұстафина, Әнуарбек Сағитовтың сөздерінде де Мақтай ағаның өз қабілет-қарымының, халыққа деген ерен ілтипатының арқасында шығандап биікке кеткен жақсы аты, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы, КСРО халық депутаты, СОКП Орталық Тексеру комиссиясының мүшесі, Президент кеңесшісі, Парламент депутаты, Қазақстан Республикасы ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерінде де еліне сіңірген ұшан-теңіз еңбегі жүйе-жүйесімен, сараланып, салмақталып, жан-жақты баяндала түсті. Шара соңында қызы Ғалия сөз алып, жеті жыл бұрын арамыздан кеткен асыл әке бейнесі туралы жүрекжарды ойларын ортаға салды, біртуар тұлға есімін ардақтап, аялап, жан жүректеріне жақын тұтып келе жатқан барша ақмолалықтар мен көкшетаулықтарға, жиналған қауымға шексіз алғысын жеткізді.
Иә, елін сүйген, сол елі үшін небір жарқын істерге барып, жақсылыққа, жасампаздыққа толы ғұмырында азаматтықтың, еңбекқорлық пен қайраткерліктің ақылгөйлік пен тектіліктің, ұлтаралық келісімнің туын жоғары көтеріп өткен осындай асылдарымыз барда, кейінгі жас ұрпаққа қажет үлгі-өнегені де қайдан аламыз демейтініміз анық. Дұрыс елеп-екшеп, кәдеге жарата білсек, Мақтай ағалардың ғибратты ғажайып ғұмырымен де жастарымыздың санасына тәлім-тәрбиенің мол сәулесін құя алатынымызға сөз жоқ.
Қ.КӘКЕНОВ.
Суретте: шараға қатысушылардың бір тобы.