Жаңа ескерткіштер –елдігіміздің белгісі

    «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының аясында Көкшетау қаласының 195 жылдық мерейтойына орай, Көкшетау – Нұр-Сұлтан автобаны бойында ұлы тарихи тұлғалар – Кенесары хан, Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ және Үкілі Ыбырайдың ескерткіштері орнатылған болатын.

Жуырда Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық- драма театрында Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен өткен Көкшетау қаласының 195 жылдығына арналған «Көзайым Көкшетау!» атты ақындар фестивалінде осы ұлы тарихи тұлғаларға орнатылған бес ескерткіш туралы бейнефильм де көпшілік көңілінен шыққан еді.
Осыған орай, біз Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, есімі елімізге белгілі тарихшы-ғалым Қадыржан Әбуевті сөзге тартып, осы ескерткіштер жайында пікірін білген болатынбыз.
– Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру бағытында Ақмола өңірінде нақты істер атқарылуда. Соның бірі де бірегейі – Кенесары хан, Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай бабаларымызға орнатылған ескерткіштердің тарихи маңызы өте зор. Бұлардың бәрі де қасиетті Көкшенің қастерлі тұлғалары. Оларсыз Қазақстанның мәдениетін, тарихын көз алдымызға елестету мүмкін емес. Ертеңгі біздің жас ұрпақ сол ұлы тұлғаларға қарап, бой түзеп, ақыл орнықтырып, рухани жағынан толысатын болады. Демек, Көкшенің қасиетінің өзі осы ұлы тұлғаларда жатыр. Менің тағы бір білетінім, бұл жұмыстардың өзіміздегі тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының бақылауымен жүзеге асырылып отырғаны.
Өңіріміздің тарихи және рухани әлеуетіне жақсы бір үлес болып қосылған осы ескерткіштердің өзіне келсек, олардың авторы – Қазақстан Рес-публикасы Көркемөнер академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, белгілі мүсінші Қазыбек Қажыкенұлы Сатыбалдин. Ол соңғы жылдары осы салада өзін жете танытып келе жатқан талантты өнер иелерінің бірі.
Мәселен, ол дүниеге әкелген Кенесары Қасымұлы ескерткіші өзінің қара жорғасымен қайсар рухта бейнеленген. Бұл сәтті шешім. Өйткені, халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен оның бүкіл өмірі өз еліне, жеріне деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі болып саналады. Ал, Біржан сал мүсіндік композициясы – біздегі ұлттық өнер мен оны ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп кеткен ұлыларымызға және бір тағзым.
Сондай-ақ, есімі аңызға айналған Ақан Сері мен танымал халық композиторы Үкілі Ыбырайдың ескерткіштері де өңіріміздің ерекше белгісіне айналатыны сөзсіз. Ақмола, Көкше өңірі – шын мәнісінде суырып салма ақын-композиторлардың Отаны болып табылады. Демек, осыны тағы бір ел есіне салған бұл нысандар туристік әлеуетті дамытуда және аймақтың тарихи-мәдени мұраларын ілгерілетуде маңызды рөл атқаратын болады, – дейді өз әңгімесінде белгілі тарихшы. Біз де осы сөзге толық қосылатынымыз анық.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар