2019 жылы Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының арасында орнатылған дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығы аталып өтілуде.
Осыған орай, М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап- ғылыми кітапханасында Қазақстан Гете институтының ақпарат және кітапхана бөлімінің директоры Шолпан Қызайбаева және педагог, аудармашы, журналист Рауза Мұсабаева Көкшетау қаласындағы студенттермен, орта мектеп және лицейлердің мұғалімдерімен, оқушыларымен, сондай-ақ, «Видергебурт» неміс этномәдени орталығы өкілдерімен кездесу өткізді.
Жиналғандар ең алдымен, кітапхана фоейсінде ұйымдастырылған Қазақстан Гете институты аударған кітаптардың көрмесін тамашалады. Онда Абайдың Ескендір, І.Жансүгіровтың «Құлагер» поэмаларының қазақша және немісше нұсқалары бар. Сонымен бірге, аталмыш институттың кітапханаға сыйға тартқан неміс тілінің сөздіктері де көрмеден орын алған.
Шолпан Қызайбаева мен Рауза Мұсабаева Қазақстан Гете институтының жұмыстары және аудармашылық қызметтері туралы әңгімелеп берді. Кездесуге қатысқан Ақмола облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудармашы Ғосман Төлеғұл өз кезегінде Қазақстан Гете институтының атқарып жатқан жұмыстарына оң баға берді және олардың екі ел ортасындағы алтын көпір қызметін атқарып отырғандығына тоқталып, қонақтарға өз ризашылығын білдірді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.