Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Адамгершіліктің айнасындай болған әкеміз еді - АРҚА АЖАРЫ

Адамгершіліктің айнасындай болған әкеміз еді

Жүйткіген жүйріктей, аққан жұлдыздай зулап өтіп жатқан уақыт-ай. Өлімі өзінікі болғанмен, өмірі өзгенікі болған Дөңгілағаш ауылында тұрған асқар таудай әкеміз – Жолдаңғар Қасайыновтың өмірден озғанына қырық күн толды.

Алланың нұры – көктемгі ақ жауындай көпке пайдасы көп тиген әкеміз еді. О бастан өлмек айқын. Бұл пәниде темір өзекті пенде жоқ. Өлмес адам елде жоқ. Өлімнен өтер өткел де жоқ. Бірақ, төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрген, елінің жігері, қоғамның тірегі бола білген әкемізді өлімге қию да, енді арамызда жоқ дегенге сену де қиынның қиыны. Бұрынғылар «Талайлар өтті-ау жалғаннан, Көрген адам таң қалған» деп тамсанғанда, азаматтықтың айнасындай әкеміз тәрізді тұлғаларды еске алған болар.
Қадыр Мырза Әли ақынның бір өлеңінде:
Адам күліп тумайды…
Адам жылап туады.
Жылайтыны туғанда – жамандар бар қинайтын,
Жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын,–
дейді. Онысы рас енді.
Міне, ел арасында Көмекей Бөгенбай бидей болмаса да, белді еңбеккердей баянды беделі бар, өнегесі өзгеше, шапағаты мол әкемізді күллі жерлестері болып соңғы сапарға көзіміздің жасын сыға тұрып, қимай шығарып салғанымыз күні кеше сияқты еді. «Кешегі күннен жүйрік жоқ» деген осы да. Иә, әкеміздің «жағасы жоқ, жеңі жоқ» көйлек кигеніне, «есігі жоқ, төрі жоқ» мәңгілік үйіне енгеніне 40 күн болды. Адамға ерекше қасиет, телегей-теңіз дарын бергенде Алла тағала оның кескін-келбетін, болмыс-бітімін, түр-тұлғасын, жүріс-тұрысын, кесімді сөзін, кесек ой-толғамдарын соған сай етіп береді деген бар. Әкемізді осы тұрғыдағы азамат деп сыйладық. «Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Бірінші байлығым халқым деп білген, ойы да, бойы да биік, сөзі де, ісі де ірі, жаны мен қолы бірдей таза, кішілік пен кісіліктен жаралған, періште пейілді, тұғыры биік тұлғамен қамшының сабындай қысқа ғұмырда пікірлес болғанымызды тіршіліктегі нұрлы бір кезеңіміз деп еске аламыз.
Жолдаңғар Қасайынов 1935 жылы 27 тамызда Дөңгілағаш ауылында дүниеге келді. Ол ауылдың бастауыш мектебін бітіріп, Қызылсая мектебінде оқып жүргенде дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы басталды. Сол кезде ауыл азаматтарын әскерге аттандырған ауылдастарының зар жылағанын әкеміз жиі айтатын. Өз әкесі Қасайын Омаров әскер қатарына 1942 жылы шақырылып, Ленинград қаласын қорғауға қатысады. Кейін хат болмай, хабарсыз кетті. Әкесінің інісі Ғалымжан, Кәкім, Жантаза да адам өмірін жалмаған сұм соғыста хабарсыз кетті. Боздақтардың қайда жерленгені күні бүгінге дейін белгісіз. Әйтеуір Кәкімнің Карпат майданында командир болғаны белгілі.
Әкеміздің балалық шағы қиын болып, ерте есейді. Қоғамдық еңбекке ерте араласуына тура келді. 1948 жылы сегізінші сыныпты тәмамдайды. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдар әкесінен айырылған балаларға ауыр болды, аш-жалаңаштықтың дәмін татты. Отбасында отын-шөп дайындайтын ересек адам болмады. Бар ауыртпалықты анасы Мәриям Баймұқанқызы көтерді. Осыған байланысты әкеміз оқуын жалғастыра алмады. Нақыпов басқаратын Көкшетау қаласының механизаторлар даярлайтын мектебінде оқуға тура келді. 1951 жылы механизатор мамандығын алып, ауылда КТЗ маркалы темір тұлпарын тізгіндеді. Сол кезде Салихов Ережеппен және Сорпабаев Зікіриямен бірге еңбек еткенін ұмытқан емес. Кейін Дөңгілағаш, Қоныспай және өзге де ауылдар қарайтын Күсеп МТС-да тың және тыңайған жерді игеруге қатысады. 1954 жылы Қоныспайға қоныс аударып, жаңа баспана салады.
1956 жылдың 25 қарашасында Көкшетау қаласында тұратын Кенжетай Тасқынбайқызымен көңіл қосып үйленеді. Кейін Дөңгілағаш ауылы Симферополь кеңшарына қарады. Ауылдастары шақырған соң 1957 жылы кір жуып, кіндік кескен Дөңгілағаш ауылына қайтып оралды. Кеңшарда трактор-комбайнда жұмыс істеді. 1964 жылы еңбегімен көзге түскен әкемізге Қырымның Ялтасындағы Буздук курортына дем алу үшін комсомол жолдамасы берілді. Курортқа кеңшар директоры, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Данил Масалкинмен бірге барғанын, кейін оларды облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Клипов пен кеңшардың бас агрономы Бейжан Ахметов қарсы алғанын жиі айтып отыратын. 1966 жылы астық жинауда жақсы көрсеткішке қол жеткізгені үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Он мың тонна астық бастырып, аудан диқандарының арасында бірінші орыннан көрінді.
Жалындаған жас комсомол 1965 жылы партия қатарына алынып, трактор-егіс бригадасының бригадирі қызметі сеніп тапсырылады. Бригадада 3 мың 984 гектар егіс алқабы болды. Мұнда дәнді дақылдар сіңірілді, картоп отырғызылды. Гектарынан 20 центнерден кем өнім алынып көрген емес. Алпысқа жуық түтіні бар Дөңгілағаш ауылының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы біршама жақсарды. 1972 жылы әкеміз ерен еңбегі үшін «Ленин» орденімен, 1982 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен, кейін бірнеше медальдармен және Алғыс хаттармен марапатталды. 1982 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық «ВДНХ» көрмесіне қатысады. Ол кезде әкеміз егіншілік пен мал шаруашылығының біріктірілген кешенді бригадасын басқаратын. Анамыз медициналық пунктте жұмыс істеп, ауылдастарының құрметіне бөленген жан. Ата-анамыз үлкен үй салып, үш ұл, жеті қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір олар ел экономикасының әр саласында еңбек етеді.
Біз әкемізді пендешілікке – парасатты, ұсақтыққа – ірілікті, қастыққа – достықты, кертартпаға – кісілікті қарсы қойып өмір кешті деп ойлаймыз. Тағы бір байқағанымыз – жарысқа қосылған жүйріктердің ізінде шұбатылған шаң қалатыны секілді, басшы болғандардың соңынан да әртүрлі алыпқашпа әңгіме, өсек-аяң ереді. Обалы не керек, әкеміз жөнінде мұндай теріс әңгімені естімедік. Ол адал еңбек етті. Түйені түгелдей жұтатындарға ермеді. Әкеміз жарық дүниеден қашан кеткенше басынан бағы таймаған адам. Әрине, бұл жалғанда төрт жағы төрт құбыла болған пенде сирек. Алайда, тірліктің ләззаты – отбасында дейтін болсақ, әкеміз бұл жағынан бақытты еді.
«Жігіттің бұл жалғанда арманы көп, Егерде тең болмаса алған жары» деп бұрынғылар бекер айтпаған болар. Ерлі-зайыптылар бірін-бірі тәрбиелеп, бірін-бірі жетелейді. Кенжетай анамыз күллі қазақ еліне даңқы жайылған Домалақ ене, Ұлжан, Айғаным секілді аналар дәстүрін жалғастырушы, қолы ашық, жоқты бар, барды мол ететін, «Жүзігім алтын болғанша, жүзім жарқын болсын» дейтін нағыз қас бәйбішенің өзі болды. Анамыз қандай адал жар екенін әкеміз ауырғанда көрсетті. Қайда жатса да қасында болды.
Адам – бұл дүниенің қонағы. Мұндайда сабырға қайрат қосатын, қайнаған күйікті басатын жұбату айту қиын. Тек анамыз бен балаларға:«Аллаға Мұхаммед пайғамбардан жақын кім бар. Оны да 63 жасында Алла қасына алған. Біз одан артықпыз ба? Бұл пәнидің жалғандығын осыдан-ақ білуге болады. Шүкірлік етейік, сабыр сақтайық, болған іске болаттай болайық», – дегім келеді.

Ұл-қыздары, күйеу балалары, келіндері
атынан жазған қызы Мәнсия ТІЛЕУОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар