Түркістан облысы, Арыс қаласындағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге қолдау көрсету аясында Ақмола облысы Арыс қаласынан 500-ден астам баланы қасиетті Көкшенің демалыс-сауықтыру орталығында қабылдауды ұйымдастыру жұмыстары жалғасуда.
Осыған орай, бүгін Арыс қаласынан 162 адамнан тұратын 3-ші топ балалары 20 күндік демалыс мерзімімен кербез Көкше топырағына қадам басты. Ауасы дертке дауа, жұпар иісті Көкше өңірінде тамылжыған табиғат аясында тынығып, демалуға келген жеткіншектерді ел ақсақалдары, облыстық білім басқармасының басшысылары және қала жұртшылығы мен БАҚ өкілдері қуана қарсы алды.
Алыстағы Арыстан жеткен жеткіншектер алдында облыстық білім басқармасы басшының орынбасары Ботакөз Дүйсенова және облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов ақжарма тілектерін айтып, демалыс мерзімін тиімді өткізулеріне тілектестіктерін білдірді. Жас меймандарды Көкшетау теміржол вокзалында ежелгі қонақжайлық салтымен шашу шашып, салтанатты түрде қарсы алған көкшелік жас өрендер өз өнерлерін тарту етіп, ескерткіш суретке түсіп, бауырмалдық пейілмен періште көңілдер арқа-жарқа болып араласып жатты.
Өзін «Арыс қаласының тұрғынымын», – деп таныстырған Феруза Қалдыханқызы балаларды бастап келген тәрбиешілердің бірі екен. Ол балалармен бірге өзі де Көкшетаудың құшақ жая қарсы алып, зор қошемет көрсетіп жатқанына шын көңілден ризашылығын білдірді. Ал, Қалқан Расул болса:
– «Мен Абай орта мектебінің 7-сынып оқушысымын. Жарылыс кезінде ағам, әпшем, қарындасым төртеуміз бірге қаштық. Бойымымды билеген қорқыныштан арылуыма осы Көкшетау жеріндегі лагерьдегі демалысым көмектеседі деп ойлаймын», – дейді ол өз сөзінде. Тағы бір демалуға келген жеткіншек, Арыс қаласындағы Сәкен Сейфуллин орта мектебінің 7в-сынып оқушысы Әбсейіт Сұлтан:
– «Біз жарылысты таңғы сағат 9.30-дар шамасында естіп, шошып кеттік. Отбасында алтаумыз. Ең кіші бауырым балабақшада болатын. Оны Қазығұртқа қарай әкетіпті. Ал, біз өзіміз жаяу қашып, жолда адамдар көмектесті. Әйтеуір, біраз уақыттан кейін ата-анамыз іздеп тауып, қауышқанымызға қуанышты болдық. Енді оның бәрі ұмытылады деп ойлаймын. Бізге қамқор болып жатқандарға рахмет»,– дейді балақай.
Осылайша, арыстық балалар Айыртау ауданының аумағында орналасқан Көкшетау қалалық білім бөлімінің «Чайка» балалар сауықтыру орталығы мен зерлі Зеренді ауданындағы «Аврора-Гарден» демалыс аймағына аттанып кетті.
***
Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің шақыруымен 15 бала Зеренді ауданының курорттық аймағында орналасқан университет жанындағы «Тұлпар» студенттік сауықтыру лагеріне демалуға келді.
Демалушыларға арналған қызықты бағдарламалар жоспарланған. Оның ішінде атпен жүру, әсіресе, аймақтың табиғи байлығы мен тарихи-мәдени мұраларына саяхат жасау, балалар шығырмашылық ұйымдарының концерттері мен түрлі спорттық ойындарға жалғасады. Олар студенттер лагерінде бір айға жуық жазғы демалыстарын өткізетін болады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.