Көкшетауда «ЯРКО кросс» бояулар мерекесі өтті. Облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында ұйымдастырылған бояу мерекесіне қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, тамашалады.
Жарысқа қатысушыларға ақ жейде, кепке мен түрлі түсті бояулар таратылды. «Posadi Derevo.kz» қоғамдық қорының төрайымы Евгения Беляеваның айтуынша, бірінші фестиваль 2013 жылы Алматы қаласында өткізіліп, 250 қатысушы жиналған екен. Осыдан екі жыл бұрын «ЯРКО кросс» Ақмола өңірінде алғаш рет Бурабай курортында өткізілген болатын. Жыл өткен сайын қатысушылардың саны артуда. Бұл жолы да шараға қатысуға тілек білдіргендердің саны 500 адам болса, нақты қатысқаны мыңнан асты. Айта кету керек, аталмыш қайырымдылық шарасы биылғы жылы Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларында да ұйымдастырылды. Қатысушылар 5 шақырым қашықтықты жаяу жүріп өтті. Сондай-ақ, қатысушылардың арасында әртүрлі ойындар өткізіліп, жеңімпаздарға сыйлықтар тапсырылды. Көкшетауда ұйымдастырылған шараға «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы демеушілік көмек көрсетті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.