Өмір теңізі телегей толқындарымен, бұрқанған дауылдарымен көрікті. Ал, мұнда тек өлі балықтар ғана ағыспен бірге ілесе бермек. Әр адамның санасында жетістікке жету жайлы ең үлкен үміттер мен алуан қорқыныштар шоғыры бар. Кез-келген жетістік шыңын бағындырушының тарихына үңілсек, олардың асқақ арманды табанды мақсатпен ұштастыра отырып тер төккенін байқаймыз. Бұл тұрғыда Билл Гейтстің оқудан қуылса да жасымай еңбекке араласуы, Оңтүстік Африканың қара нәсілді президенті Нелсон Манделаның көптеген жыл темір торға тоғытылса да рухы сынбай, жігері жасымай, өз мақсатына деген беріктігі мысал бола алады. Сонымен, жетістікке жетудің бағдарлары қандай?
Бірінші, әлемдегі кез-келген табысқа жетушінің ең бірінші бойындағы қасиеті күн сайын өзін-өзі дамытып отыруы. «Ең жақсы инвестиция – ақшаны яхтаға немес көлікке жұмсау емес, өзіңді дамытуға құю».
Екінші, «ақша керек пе, бар болғаны сатуды үйреніңіз». Белгілі ғалым Әбу Ханифа түске дейін саудамен айналысса, түстен кейін шәкірттерге сабақ берумен, білімін жетілдірумен айналысқан. Яғни, сауда жүйесі, сату жүйесі ежелден қалыптасқан ұтымды табыс көзі болып табылады.
Үшінші, қаншалықты табысты болғыңыз келсе, соншалықты білім алыңыз. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «білім – бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ – әлдекімнің азығы» деген қанатты сөзін есепке алар болсақ, расында білімдінің беті жарық. Әлем тілдерін біліп, озық ойлы шығармаларын оқу арқылы жетістікке деген табандылық та сенім де арта түседі.
Төртінші, уақытты дұрыс пайдалана білу. «Уақыт – ең құнды валюта». Араб ғалымы Абул Фарадждың «уақыт қылыш секілді, сен оны кеспесең, ол сені кеседі» дейтін тәмсілі бар. Жетістікке жетушінің әр уақыты жоспарлы түрде бекітілсе, мақсатқа жету жолы да жақындай түспек.
Бесінші, әр күнге жоспар құру. Асауға тұсау қажет секілді, уақытқа жоспар қажет. Ертеңгі күннің жоспары бүгінгі кештен бастау алады. Кім сананы тізгіндеп, ішкі қажетсіз қалауын жеңе алса, сол ғана арманын бағамдай алмақ.
Әрбір жетістікке жетушінің ұйқы сағаты 5-6 сағаттан аспаған. Әрі олар жалқаулық пен еріншектік секілді ой кеселдерінен бойын аулақ ұстаған.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.