ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯ: өміріміз жеңілдеді, міндетіміз көбейді

«Қазіргі кезде үйде тірлік жоқ, кірді кір жуғыш машинамен жуасың, еденді шаңсорғышпен тазалай саласың, от жақпайсың, күл шығармайсың, су тасымайсың…»

Бүгінгі әйелдер ара-тұра болса да осындай сөз естіп тұрады. Бірақ, кір жуу үшін үйдегі кір киімдерді жинап, қалталарын босатып, кір машинаға салатын, машина тоқтағанда киімдерді алып жаятын, кепкен соң жинап алатын; шаңсорғышты қорабынан шығарып, оны тоққа қосып, үйді тазалап шығатын, соңынан шаң жинағыш қалташасын тазалап қағып, шаңсорғышты жинап, орнына қоятын сол әйел екенін ескермейді. Рас, бүгін біз от жақпаймыз, күл шығармаймыз, иін ағашпен су тасымаймыз, бәрі үйде немесе қол созым жерде тұр. Бірақ, бүгінгі әйел бір мезетте кір машинамен кір жуып, екінші жақтан қазан көтеріп, тамақ жасап, үшінші жақта үй тазалап, оның сыртында балаларына көз қиығын салып, туған-туыс, дос-жаран хабарласа қалса, телефонға жауап беріп – осынша шаруаны қоса-қабат атқарып жүргені беймәлім бе?
Иә, ғылым дамуы, түрлі техника құралдардың шығуы бүгін адамдарды жан-жақты, көп міндетті етіп отыр. Адам өміріндегі әрбір мәселені әлеуметтік-психология тұрғысынан зерттеп, зерделеп отыратын әлемнің дамыған елдерінде бұл тақырып та назардан тыс қалмаған. Ағылшын тілінде бұлай бір мезетте бірнеше міндетті қатар атқаруды «multitasking» дейді екен. Оның пайдасымен қоса зиянды жағы да ойшыл, оқымыстылар арасында аз айтылмайды.
Мысалы, 2009 жылы АҚШ-тың Стэнфорд университетінде Клиффорд Насс бастаған ғалымдар адамның бір мезетте бірнеше міндет атқаруы істің өнімділігіне қалай әсер ететінін зерттепті. Зерттеу нәтижесі ретінде олар бір сәтте бірнеше бағытқа назар аудару, ой мен ықыласты бір істен екінші іске бағыттап отыру психологиялық тұрғыда оңай емесін жазады.
Иә, біз бір мезетте тамақ ішіп, кітап оқып отыруымыз мүмкін. Асығыс кезде әсіресе, жастар жүре тамақтанады. Кейде серуендеп жүріп немесе көлік айдап келе жатып тіске басармен өзек жалғап, су ішеміз. Телефонмен сөйлесіп тұрып тағы бір шаруаны қоса-қабат атқара береміз.
Бұл орайда, «Көп функцияның өнімділікке пайдасы немесе жағымсыз әсері нақты қандай міндеттер арқалағанымызға байланысты, – дейді АҚШ-тың «Tolan Group» компаниясының бағдарламалық қамтамасыз ету және денсаулық сақтау саласындағы тәжірибе жөніндегі басшысы Рейчел Гаутер. – Мысалы, мен демалыс күндері үйде бір уақытта бірнеше үй шаруасын қатар атқара беремін. Олар бір-біріне зиянын тигізбейді. Ал егер сіз жұмыс барысында осылай істесеңіз, мысалы, конференция өткізетін болып, бір жағынан электронды пошта арқылы клиентпен сөйлесіп отырып, екінші жағынан жаныңыздағы әріптесіңізбен әңгімелесетін болсаңыз, оның соңы ыңғайсыз жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін».
Бұл, әрине, америкалық бір әйелдің ғана айтқан сөзі. Ал бір мезгілде біреуге – ана, біреуге – келін, бір ұжымда – әріптес, біреуге – қызметкер, елі алдында азамат, біреуге – жар, енді біреуге дос болып, осы міндеттің қай-қайсысына да шашау түсірмей атқарып жүрген қазақ әйелдерінің жалпы «көпміндетті» (multitasking) болмауы әсте мүмкін бе?
Десек те, ғалымдар адамның бірнеше міндетті қатар атқарып, бірақ өнімді жұмыс істей білуі мүмкін емес деп есептейді. Тіпті, АҚШ-тың Брайан колледжі жасаған зерттеу нәтижесі бойынша, қазіргі таңда жұмысшылардың бір мезетте бірнеше қызметті қатар атқаратыны салдарынан адамзат экономика тұрғысында жыл сайын 450 миллион доллар көлемінде шығын жасап отыр екен. Өйткені, көп міндетті орындау когнитивтік тапсырмалар кезінде IQ деңгейі 15 ұпайға азайып, уақыт өте келе эмоциялық интеллект пен мидың тығыздығы төмендейтін көрінеді. Бұл дегеніңіз, адам, яғни, бірнеше жұмысты қатар атқаратын адам өзіне түскен қысым салдарынан стреске ұшырап, денсаулығы төмендей бастайды. Бұл, әсіресе ақылға, ойға салмақ салатын жұмыспен айналысатын адамдарға байланысты.
Қолыңызда прожектор бар делік. Сол прожектормен өзіңіз көргіңіз келген жерге жарық түсіре аласыз. Бірақ, сіз алдыңыздағы нәрселердің әрқайсысына кезек-кезек көзіңізді аударып қарамағанда ғана бәрін көріп шығуыңыз мүмкін. Ғалымдар адамның миы мен ойы да дәл солай кезек-кезегімен ауысып отыратынын, яғни, адам бір мезетте ақыл мен ойды жұмсайтын бірнеше жұмысты атқара алмайтынын айтады. Бірнеше жұмысты қатар атқарған күннің өзінде олардың жұмысында көп қате жіберілетіні дәлелденген. Бұл, әрине, көңіл мен ықылас жетіспеуінің белгісі. Көп міндет атқарып жүрген адам бір мақсатына басымдық беріп, жоғары деңгейде орындағанымен, басқа істері ақсап жатуы кәдік.
Сонымен, заманауи техника, технологиялардың шарықтап дамуы қазір бізді «көпміндетті» етіп отыр. Қолжетімді интернет те бізге әр уақытта жаңа нәрселер үйренуге мүмкіндік береді. Бірақ, көріп, үйреніп жатқанымыз көп те, оларды жасап, тәжірибемізге енгізетін уақытымыз жоқ. Бұл да біздің ішкі гармониямыздың бұзылуына әсерін тигізетіні сөзсіз.
Ендеше, не істеу керек? Заман талабына сай көп қырлы, жан-жақты бола жүріп өнімді, сапалы еңбек етудің жолы қайсы?
Қазір әйгілі коучтар, тренерлер, психологтар, мотиваторлар көп. Олар ең әуелі қай іс маңызды, қай мақсат бірінші кезекте орындалуға тиіс және қандай жұмыстарды кейінге шегере тұруға болады – тізімдеп (ойға болса да) жазып отыру қажет екенін айтады. Қай іске де жаңа серпінмен ден қойсаң, барынша ықылас аударсаң, жемісін бермей қоймайды.
Ерік-жігерді шыңдап, қолға алған ісіңе қажетсіз немесе кедергісін келтіретін нәрселерден өзіңді тыя тұру – жеңіс пен жетістіктің кілті. Мәселен, бастаған ісіңді абыроймен аяқтағанша ұялы телефонның өзін дыбыссыз режимге қойып, оқшаулана тұру артық етпейді.

P.S. Сөздің түйіні, көпміндетті болу – бүгін кез-келген адамнан талап етіліп отырған нәрсе. Заманауи техника мен технологиялар да бізге, қазақ әйелдеріне, бір мезетте бірнеше жұмысты қатар атқаруға мүмкіндік береді. Тек «кірімді жая салайыншы» немесе «еденді жуып болып қалдым ғой, аяқтай салайыншы» деп жүріп, қазандағы тамағымызды күйдіріп алмасақ болғаны.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар