Көкшесін жүрегімен жырлап өткен…

Ілкідегі жақсылардың жалғасы, сал-серілердің сарқыты әнші-жыршы, айтыскер ақын, қаламы жүйрік журналист, көкірегі алтын сандық Жұмабай аға Есекеев мәңгілік сапарға аттанғалы да жыл өте шыққан екен. Көкше өңіріндегі рухани байлық, ұлттық өнер шүпілдеген теңізге жылы ағысымен келіп құйылған қайнар бұлақтың көзі еді.

Жұмабай Қабділмәжитұлы бұл күнде Солтүстік Қазақстан облысына қарасты жақсылар ұшқан жасыл тау Сырымбеттің етегіндегі шоқ жұлдыздай шағын ғана Егіндіағаш ауылында 1939 жылы дүниеге келген. Қасиетті ауылдың қотанында тұрып қарасаң көгілжім шымылдық жамылған жатаған ғана Сырымбет тауы көз ұшымда мен мұндалап көрінер еді. Географиялық өлшеммен алып қарағанда атақ-даңқы алысқа кеткен Сырымбет тауы тау есебіне жата қоюы да неғайбыл. Сырымбеттің абыройын алты алаштан асырған бауырында туып биікке шыққан перзенттері. Соңғы лекте бүгін біз шырайлы шығармасын, тұла бойына табиғат дарытқан тамаша талантын, тіршілігінде кіршік түсірмей кеткен кісілік келбетін, Сырымбеттің бауырындағы Талдыкөлдің суындай тұнық жан дүниесін, арман-мұратын, азаматтық ажарын, өміршең өнерін айтқалы отырған Жұмабай Есекеев.
Бір кезде төңіректегі қоғадай қалың ел ішінде «Егіндіағаштың бұзауына дейін ән салады» дейтұғын қалжың сөз болатын. Әзіл болғанымен шындыққа бір табан жақын. Орта жүздің ішінде алдына ақын салмаған Орынбайдың кіндік қаны тамған жер. Бұл ауылдың қаптал шапан киген қарттары нағыз қазына еді. Атасы Мұқыштың жанына ерген бала Жұмабай сол қарттардың әсерлі әңгімелерін, өлең-жырларын құлағына құйып өсті. Сөз өнеріне деген ғашықтық қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне жетелеп әкелді. 1963 жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Қарағанды өңірінде қызмет етті. Қаламы жүйрік журналистің сан қилы мақалалары, көркем әңгіме бергісіз ойлы очерктері Қарағанды облыстық орталық Қазақстан, бұрынғы Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газеті, кейінгі «Көкшетау» газетінің беттерінде жарық көрді.
Журналистік қызметімен қатар өз бойындағы сан қырлы өнерін де құштай түсті. 1970 жылдардан бастап айтыскерлік қырымен жалпақ жұртқа таныла бастады. Ақын облыстық, республикалық айтыстарға да қатысты. Абылай хан, Бөгенбай батыр, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Кенесары, Мағжан Жұмабаев, Майлықожа, Қашаған жырау, Бұқар жырау тойларында торғайлық Қабдан Байқасынов, қызылордалық Серік Ыдырысов, оралдық Сағынтай Бейсенғалиев, өзбекстандық Шалқар Отарбаев, қырғызстандық әйгілі «Жылқышы» әнінің авторы, сазгер, айтыскер, жыршы Әшірәлі Айталиев, қызылжарлық Кеңес Тынымбаев, Нұрлан Қасымов тәрізді ақындармен сайысқа түсті. Осы айтыстардың сақталған кейбір мәтіндеріне көз жүгіртіп, ой елегінен өткізсеңіз төрт аяғын тең басқан жорға екендігін қапысыз таңыр едіңіз. Ақын жырларында мазмұн мен мағына басым. Жылтырағы аз, есесіне пайымды пікір, орнықты ұсыныс мол. Бәлкім бұл жастайынан арыдағы арыстардың өлең-жырларын жаттап өскендіктің әсері шығар. Қалай болған күнде де бала жасында еркін сусындаған өнер мектебінің өрісі танылып тұрады екен.
Жұмабай ағаның жұрт есінде қалған жарқын өнерінің бір қыры – жыршылық. Толқын-толқын сөз тербетіп томағасын сыпырған қырандай шарықтап бір көк аспанның астын кернеп кететін ғаламат сезім селі бір толастамас еді. Баяғыда, бала кезімде «Алпамыс», «Ер Тарғын» тәрізді батырлар жырын жырласа, кейін ел ішіндегі жыршылық дәстүрмен, оның ішінде Байсейіт жырау дәстүрімен «Мұңлық-Зарлық» дастанын өзіндік мақаммен жырлауға машықтанды. Қазақтың классикалық поэмаларынан Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер», Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау», Мағжан Жұмабаевтың «Оқжетпестің қиясында» поэмаларын жатқа айтатын. Сондай-ақ, Біржан салдың, атасы Орынбайдың, Шал ақынның, Ақан серінің, Жамбылдың, Кемпірбайдың, Шөженің әр жылдарғы айтыстарын мақамға салып, нәшіне келтіріп айтып беретін.
Қазақ баспасөзіне 40 жылдан астам қызмет еткен қаламгер артына өлмес мұрасын, жыр жинақтарын қалдырды. Алғашқы жыр жинағын «Кеудемнің көкала үйрегі» деп атауы тегін емес. Келісті ақын Кемпірбайдың бұл күнде қанатты сөз тіркесіне айналған жыр жолының жалғыз шумағын биік талғамның белесі ретінде көрсеткен шығар, сірә. Өйткені, өмір бойы өлеңге адалдықпен қарауға машықтанған. Ақын келесі жинағын «Жыр – домбыра» деп атапты. Жинақты сүйсіне оқып отырып бірінен-бірі сұлу, бірінен-бірі мазмұнды өлең-жырлар құтты домбыраның шанағынан сыбызғыдай сызылып, сыбдырлап сыр айтып сорғалап жатқандай әсерде қаласыз. Оқырманды тәнті ететін дүние туған жер, туған ел туралы ойлы өлеңдер, тебіреністі толғаулар, әсіресе, «Астана», «Туған ел», «Қобыз сазы», «Ән – Біржан», «Бурабай», «Айыртау», «Көкшенің көркемі», «Жалғызтау» тәрізді лирикалық әндер әнге сұранып тұр.
«Сезім пернелері» деп аталатын екінші бөлімде өлең отына өрттенген ақын былай дейді:
Отырғанда оңаша,
Ортақ ойлар қоздаған.
Сол ойларды оздырып,
Тереңнен толғап қозғаған.
Айырып мәнді-мәнсізін,
Ақылдан асып озбаған.
Түйінін айтпай тобықтай,
Сөзімді босқа созбағам.
Жыр жақсысын жазарда,
Жалын атып маздаған.
Өлең өртеп өзекті,
Жанып кете жаздағам.
Міне, ақын бойындағы сезімнің шарпысы, көрікті көңілдің толғануы.
Қазына Жұмекеңнің көкірегіндегі көп дүние қайда қалды деген заңды сұрақ туары сөзсіз. Бір парасы дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасеновте қалды.
–Алғаш рет ол кісіні көргеннен екеуміздің әңгімеміз жарасып құдды бір талай жыл араласқан адамдарша тіл табысып кеттік. Сол таныстығымыз менің шабытыма жаңа бір дем бергендей болды. Бірден ұстаз бен шәкірт болып араластық. Консерваторияның соңғы курсында бізге, өз еліндегі азаматтары жайлы және сол адамды республикалық дәрежеде насихаттау туралы кафедра меңгерушісі тарапынан тапсырма берілді. Мен бірден Жұмабай Қабдылмәжитұлын таңдадым. Және тапсырманы ойдағыдай орындадым. Оқуымды тәмамдап келіп филармонияға орналасқаннан кейін Жүкеңмен шығармашылық байланысымыз одан әрі беки түсті. Бес жыл бойы жаттап келген әндерімді ол кісіге айтқаныма қаншама әннің сөзін, ырғағын, иірімін менің естуімше былай орындалады дегенде мен өзім іштей қысылатынмын. Мысалы, біз орындап жүрген «Он саусақ», «Шалқыма», «Сырымбет», «Ақанның әні», «Толқын» осы тәріздес көптеген әндерді қайтадан жаттауыма тура келді. Көкшенің көп әуендерімен үйретті десем артық емес. Шынымды айтсам күнара, кей кездері күнде жолығып тұратынбыз. Әр кездескен сайын маған өлеңдер оқып, әндер, жырлар, шежіре тарихынан сыр шертетін.
Жұмекеңнің «Айыртау арыстары», «Кеудемнің көкала үйрегі», «Ғибрат», «Арқаның сал-серілері» және соңғы жинағы басылар кезде көп толқыды.
Бұл еңбектердің барлығы құнды кітаптар сал-серілердің мұраларына Жұмабай Қабдылмәжитұлындай жанашыр адамды әлі жолықтырмадым. Ал, жырлары жаттаған поэмалары, терме, толғаулары өз алдына бір бөлек әңгіме. Өз аузынан «Құлагер», «Батыр Баян», «Үмбетейдің толғауы» «Оқжетпестің қиясында» сияқты, әндерінің «Әудем жер», «Балқадиша», «Маңмаңгер» сынды тағы басқа жыр, терме, толғау, әндерді үйренуіме себеп болды. Одан бөлек «Қарға», «Зарқұм», «Көкшетау» поэмасы, Шал ақынның жырларын жатқа айтқанда таң қалушы едім.
Ал, енді Орынбай ақынды Жұмабай ағадай басқа ешкім дәріптемеген шығар. Әлі есімде Орынбайдың «Қырық парызын» үйреткенде бірден ұғуға тырыс-
тым. Кәкімбек Салықовтың шығармашылығын сүйіп оқуға, әндеріне әуес болуыма Жұмабай атам себепкер болды. Жұмекеңнің тағы бір қыры композитор және әндер құрылымын жақсы меңгергендігі. Ол кісінің үш әні бар, үшеуі де тарихи әндер. «Бурабай», «Сырымбет», «Жалғызтау». Көкшенің үш өлкесі жайлы әндері тіптен керемет. Жалғызтау мен Сырымбет әндерінің әуендерінің әуенді құрылымы ұқсас, интонациялары жақын болғанымен екі бөлек әндер. Ал, Бурабай үлкен классикалық тұрғыда орындалатын ән. Және орындаушыдан үлкен шеберлікті талап етеді. Өзі маған үйретіп қайта-қайта айтқызып әбден жаттағаннан кейін, күліп сенің репертуарыңа тағы бір ән қосылды, құтты болсын деп көтермелеп қоятын. Бұл да бір өткен дәурен екен.
Сәрсенбай әнші айтқандай жолыққан сайын Орынбай атасын айтар еді. Атаусыз қалды дейтұғын. Ал, Орекеңнің бар мұрасын шашау шығармай жинаған. Соңғы жылдары бар мұраты Орта жүздің ішінде алдына ақын салмаған Орекеңнің бір тойын өткізу болды. Талай жерге хат жазды, өтініш айтты, өкініші өзімен бірге кетті.
–Бұрынғылар бірін-бірі қатты сыйлап қадірлеген ғой. Кісі қадірін білген,– дейтұғын Жұмабай Қабділмәжитұлы,–Сырымбеттің етегінде өткен Орынбай мен Ақан серінің айтысын білесін ғой. Сонда Ақан сері Орынбай ағасына «Ореке сіз бір кеме біз бір қайық» демейді ме. Таланты төмен, өнері кем болмаса да ағасын қалай құрметтейді. Бүгінгіде осындай жақсылықты, ізетті жазушы-драматург, Қазақстан Рес-
публикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиевтан көрдім. Қырық жыл сахнада жүргенде бір марапат бұйырмап еді. «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атағын» алып берді.
Өмірінің соңғы жылдары таяғын тықылдатып редакциямызға келетін. Ұжыммен арқа-жарқа амандасып, ажарлы әңгімесін айтып, ойнап-күліп шүйіркелескен соң есік алдында, Сәтбаев көшесінің бойында сейілдейтін. Қара суық, өткір жел соғып тұрса да. Соңғы кезде жанарында ептеп сырқат бар еді.
–Нағашы үйге барсаншы көзіне жел тиеді ғой,– дейміз бір жанымыз ашып.
–Жоға, Астанада Жабал інім небір мықты дәрігерлерге көрсетіп, емдеп берген. Қарашы міне, жайнап тұр,– деуші еді жарықтық.
Кейбіреулер ғой жанарынды ашып бермек түгілі жабуға құмартып жүргені. Інісінің қара басына жасаған қайырымдылығын айтып тауыса алмас еді. Бір қызығы Жұмекең ойыншыл болатын. Ал, кейбір мінезі оң-солын аңғармаған баладай. Тез ашуланатын, тез қайтатын. Ашуландыру оп-оңай. Жөн сөзін жоққа шығарсаң болды күйіп-пісіп өз пікірін дәлелдегенше бұрқ-сарқ етіп қайнар еді. Қайтымы тез болатын. Шай қайнатым уақыттан кейін сабасына түсіп келіп арқаңнан қағып басыңнан сипап кетеді.
Қазір сол нағашы мен жиеннің қазақы қалжыңын сағынып жүрмін.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қазақстан Республикасы Мәдениет
саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар