Кеше Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты мәжіліс болып өтті. Мерейлі шараға қатысқан жауапты сала қызметкерлері мен ардагерлерін, облыс жұртшылығын Ақмола облысы әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаевтың атынан оның орынбасары Қанат Ыдырысов құттықтады.
– Көлік кешені отандық экономиканың аса маңызды және стратегиялық саласы саналады, – деді Қанат Ыдырысов. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауларында көлік секторы мен логистикасын заманауи Қазақстан дамуының драйвері деп атап көрсетті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Игілік баршаға: Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды тұғырнамасында: «Еліміздің көлік-логистикалық кешенін дамытып, жетілдіреміз, транзиттік қуатын арттырамыз, көліктік тосқауылдарды кемітеміз және жаңа жұмыс орындарын құрамыз», – дей отырып сала болашағына айрықша маңыз артты. Мұның өзі көлік-логистикалық инфрақұрылымды уақыт талабына сай жетілдіру, сонымен қатар өңірлік және қалалық инфрақұрылымды нығайту жөніндегі мақсатты міндет болып табылады. Алға қойылған көптармақты тапсырманы орындау кәсіби және білікті кадр құрамынсыз орындау мүмкін емес. Бізде өз ісіне шынайы берілген мұндай азаматтар көптеп саналады. Бүгін біз алысты жақын қылатын, отандастарымызды ғана емес, халықтар мен елдерді қауыштыратын көлік қызметкерлерін – автомобиль жүргізушілерін, машинстерді, ұшқыштарды, жөндеушілер мен техниктерді, инженерлер мен кәсіпорын басшыларын, көлік қызметінің барша өкіліне құрмет көрсетіп, жұмыстарына табыс, отбасыларына амандық тілейміз. Қарышты даму үстіндегі бүгінгі Қазақстанда сіздердің еңбектеріңіз жа-уапты бола түспек және өндірістік үрдісті дамытудағы жаңа ізденістер мен резервтерден игілік төгуге ұмтылуды қалайды. Сіздер бұл талаптар биігінде болатындарыңызға шәк келтірмейміз. Мереке құтты болсын! –
деген Қанат Мұратұлы өңір басшысының атынан ардагерлерге гүл шоқтарын ұсынды және 13 өндіріс озатын облыс
әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Мерейлі мереке марапаттар молшылығымен есте қалды. Бұл күні 7 адамға «Еңбек ардагері» медалі тапсырылып, саңлақтардың үлкен тобы омырауына «Құрметті автокөлікші», «Құрметті теміржолшы», «Құрметті авиатор», «Үздік автокөлікші», «Адал еңбегі үшін», «Кәсібі бойынша үздік», «Үздік маман» төсбелгісін тақты. Сондай-ақ, салалық министрлік пен ведомстволардың Алғыс хаттары, грамоталары мен дипломдары да құрмет тұғырына көтерілген жерлестеріміздің жүзін шырайландырып тұрды.
Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.