Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шетелдік туристер «Бұйратау» табиғи саябағын тамашалады - АРҚА АЖАРЫ

Шетелдік туристер «Бұйратау» табиғи саябағын тамашалады

Ерейментау өңіріндегі «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мәртебесі жыл санап арта түсуде. Бұл өңірдің әсем табиғаты мен көне дәуір ескерткіштері, облыс тұрғындарынан бөлек, шет елдік туристердің де назарын өзіне аудара бастады.

Жуырда бізге жеткен тағы бір жағымды жаңалық туған ел мәртебесін еселегендей әсерге бөледі. Нақты мән-жайды білу мақсатымен Ереймендегі филиалдың мемлекеттік инспекторы әрі гид маманы Дина Әбілдиноваға жолықтық.
– «Балқарағай» демалыс аймағында «Киелі Қазақстан» атауымен жасақталған салтаттылар экспедиция-сы көпкүндік сапарға шықты. «Нұр-Сұлтан-Приречное-Қарағайлы-Балықты-Алғабас-Кордон-Қарағаш» бағытын бетке ұстаған саяхатшылардың мақсаты да ауқымды. Олар жер көруді, салт атпен жүру мәдениетін көпшілікке паш етуді, Қазақстанда жалпы ат туризмін дамытуды, осы кәсіп мәдениетін дамытуды көздеген екен. Шерушілеріміз аталған межелі бағыт арқылы Ерейменді де бойлай отырып, Қарағанды өңірін аралап қайтуды, жалпы Ақмола, Қарағанды, Павлодар облысының аумағымен 10 күндік тур ұйымдастыруды көздейді. Жолшыбай «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне аялдаған. Күніне шамамен 50-60 шақырым қашықтықты сәтімен еңсерген саяхатшылар өздері тоқтаған елді мекендерде, дәмханаларда жергілікті халықтың қонақжайлық кең пейілін молынан сезінді. Атап айтқанда, ауылдастар мен шайхана иелері «құдайы қонақтарын» құрметпен қарсы алып, дәм-тұзын ұсынып отырды. Отыз адамдық саяхатшылар құрамында көршілес Ресейден бөлек, америкалық, француздық өкілдер де болды.
Ереймен аумағында Талғат Сағындықов басқаратын «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қорықшы қызметкерлер ұжымы алыс-жақын шет ел өкілдерін ыстық ықыласпен қарсы алды. Олжабай батыр ауылдық округіне қарасты табиғаты сұлу Кордон шатқалында қонақтарға арнайы дастархан жайылды. Шет елдіктер біздің әріптес-мамандармен жүргізген емен-жарқын әңгіме барысында қазақ жерінің әсемдігіне, әрбір тау-тасында шежірелі тылсым сырдың молдығына, халқының пейілінің кеңдігіне, құшағының ашықтығына, бауырмалдық қасиетіне ризашылық білдірді. Ғұмырын ат үстінде өткерген ата-бабамыздың ізгі дәстүрі, сәйгүлік баптаған атбегілік өнері, қасиетті түлікті ер қанаты ретінде таныған дәстүр-салтын шет елдіктердің мойындай бастағаны ел мәртебесінің еселенгенін айғақтайды.
Осындай танымдық сапарлардың өңірімізге шетелдік туристерді көптеп тартуға сеп болатыны да анық.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар