Кеңес заманында бала кезімізде американдық «Генералы песчанных карьеров» деген фильм көргеніміз бар. Кинода қаңғыбастыққа салынған үйсіз-күйсіз адамдардың аянышты өмірі көрсетіледі. Қоқыс полигонында таң атпай қоқыс төгетін машинаны күтіп алатын әлгілердің арасында жас балалар да, орта жастағы адамдар да, егде кісілер де бар. Қолдарына таяқ ұстап қоқыс қопарып жүрген соларды көріп, мұғалімдеріміздің аузынан жиі еститін капиталистік қоғамның «жетістігі» осы екен ғой деп ойлайтынбыз.
Бүгінде социализм келмеске кетті. Бір кезде шетелдік кинолардан көретін капиталистік қоғам бізге де орнығып, қазір үстемдігін жүргізіп отыр. Нарықпен бірге жұмыссыздық, кедейшілік деген де келіп, енді қоқыс жағалағандарды кинодан емес, күнделікті өмірде көріп, кездестіретін болдық. Оларға адамдар алғашқы кезде таңырқай қараса, қазір көз үйреніп кетті. Таңертең ертерек қоқыс төгуге шыға қалсаңыз, ескі қытай сөмкесін арқалаған, жүдеу өңді, сұрқай киімді адамдарды кездестіресің. Олар айналасындағыларды елең қылмай, қоқыс жәшіктерін қопарыстырып, бірдеңе іздеп жатады.
Тағдыр жолы сан қилы. Кейде жоғары көтерсе, кейде құрдымға құлатып, тағдыр талқысына салатыны бар. Ерік-жігері күшті, алдына нақты мақсат қойып, қиындықтан қорықпай жарқын болашаққа ұмтылатын жандар болмаса, тағдыр теперішіне шыдамайтындар БОМЖ дегендердің қатарына оп-оңай қосылып жатады. Қоқыс жағалап, жәшіктерді қопарыстырып нәпақа іздеп жүретіндердің дені солар.
Қоқыс жәшіктерін жағалап жүретіндердің бәрі БОМЖ емес, олардың арасында үй-жайлары бар адамдар да кездеседі екен. Күнкөрістік жұмыстан айрылып, басқа мамандық алып, өмірге бейімделе алмаған ондай адамдар қоқыс жағалап, тамағын асырайды. Қоқыс арасынан тапқан шыны, пластик ыдыстарды өткізеді, басқа да қажетке жарайтын заттарды алып, кәдесіне жаратып жатады. Тіпті, кейбіреулері қоқыс тасыйтын арба да жасап алған. Әлгілер арбаларын кәкір-шүкірге толтырып алып, сүйреп кетіп бара жатады.
Ұлы Абай айтқандай: «Есектің артын жусаң да мал табатын» нарықтық қоғамды қоқыс жәшіктерін қопарып, нәпақасын тауып жүргендерді айыптауға бола ма дейтіндер де табылар. Әрине, қоқыс арасынан кәдеге жарайтын дүниелер тауып, соны пайдасына асыру да еңбек. Оны жоққа шығаруға болмас. Дегенмен, сол қоқыс жағалайтындар керек дүниені алып, ешкімге залалын тигізбей өз жөнімен жүрсе ештеңе демес едің. Олар қоқыс жәшіктерін қопарып, ішіндегілерді түгел айналасына төгіп-шашып кетіп жатады. Қоқыс жәшіктерінің айналасына қарасаңыз, әрдайым шашылып жататынын көресің. Бұны жасайтындар сол қоқыс жағалайтындар. Шашылған қоқыс желмен ұшып айналаны бүлдіреді.
Әлгі қоқыс жағалап жүргендердің орта жастары – 30-50-дің арасы. Яғни, еңбек етуге қабілетті жастағы адамдар. Қол-аяқтары бүтін, дендері сау бұл жандар жұмыс істемейді, салық төлемейді. Олардан мемлекетке бір тиын пайда жоқ. Шындығында, қазір іздеген адамға қайдан да болсын жұмыс табылады. Аялдамалардан, одан қалды үйімізге кіре берістегі тақтадан үнемі жұмысқа адам іздеген хабарландыруларды жиі көремін. Яғни, жұмыс бар. Тек ынта болсын де. Қоғамға бейімделе алмай, айдың-күннің аманында қоқыс жағалап кеткен адамдар қатарының уақыт өткен сайын көбейіп және жасарып бара жатқаны алаңдатады.
…Бүгін таңертең жұмысқа кетерде қоқыс салынған қапшықты алып, жәшікке сала кетейін дегенмін. Қоқыс жәшіктерінің айналасы әдеттегідей шашылып жатыр екен. Ал, жәшіктер керісінше бос болып шықты. Әлдекімдер жәшіктегі қоқысты айналаға шашып кетіпті. Бұны жасап жүрген таңертең ерте сөмкелерін көтеріп, қоқыстан нәпақа іздейтіндер екені айтпаса да түсінікті еді…
Қалкөз ЖҮСІП.