Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Зеренді ауданының Ақкөл селолық округінде болып, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үйлердің инженерлік коммуникациясын және егіс алқаптарын аралап көрді.
Алдымен, өңір басшысы электр желілері тартылып жатқан участокқа келіп, салынатын 170 тұрғын үйдің құрылысы мен сәулетіне, үйлерді су алмауына басты назар аударуды тапсырды. Жалпы, бұл участоктағы инженерлік коммуникация тарту жұмысына 180 миллион теңге бөлінген. Келесі жылы скважина арқылы су құбырлары жүйесі тартылады деп жоспарланған.
Зеренді ауданының әкімі Берікжан Әбутәліпов «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Ақкөл және Садовой селолық округтерінде екі жоба жүзеге асырылып жатқанын айтып берді.
–Ақкөл селолық окугінде 20 гектар жер бөлініп, мердігермен келісім-шарт жасалды. Қазір электр желісін тарту жұмыстары жүзеге асырылуда. Келесі жылы су құбыры тартылады. Бұл участокта кезекте тұрған адамдар үшін тұрғын үйлер салынатын болады. Үйлердің құрылысы мен сәулетіне қатысты мәселе туындамас үшін мердігерлер өз қаржысына коттедждер салмақшы. Кейін бұл үйлердің құны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы кері қайтарылады,–деді аудан әкімі. Бұдан кейін өңір басшысы Уәли хан кесенесінде болып, оның абаттандырылуына назар аударды. «Берекет Агрофирмасы – 2050» серіктестігінің құрылтайшысы Борис Козлов кесененің іші мен маңайын тәртіпке келтіргендерін айтып берді. Кесене темір шарбақпен қоршалып, жаяу жүргінші жолына бедертас төселіпті. Сондай-ақ, мұнда келушілер үшін демалыс орындары қойылып, күннен қуат алатын жарық орнатылған. Кесенеге өмірдің табалдырығын жаңа аттаған жас жұбайлар да келіп, тағзым ететін көрінеді. Абаттандыру жұмысына 11 миллион теңге жұмсалыпты. Облыс әкімі игілікті іс атқарған серіктестік құрылтайшысына алғысын білдірді, мұнда келетін автокөлік жолы мәселесін шешуді тапсырды.
«Берекет Агрофирмасы – 2050» серіктестігі Қазақстан ауылында орналасқан. Шаруашылықтың 5 мың 35 гектар жері бар екен. Негізінен бидай, арпа және майлы дақылдар өсірумен айналысады. Серіктестік директоры Яков Савченко қазір 570 гектар алқаптағы арпаны жинап жатқандарын айтып берді.
–Гектар берекесі 25 центнерден айналуда. Лизинг арқылы 3 комбайн, «Бурго» егіс кешенін, «Бюллер» тракторын өз қаржымызға сатып алдық. Сондай-ақ, екі «МТЗ», үш «К-700» тракторы, бір «КамАЗ» автокөлігі мен сеялкалар бар. Біз дәнді және майлы дақылдар тұқымын жерді шағын өңдеу әдісімен септік. Химиялық өңдеуді уақытында жүргіздік. «Тобыл» сұрыпты бидай тұқымын Қостанай өңірінен сатып алдық. Бұйырса, бидайдың әр гектарынан 35-40 центнерден өнім аламыз ба деп үміттеніп отырмыз,–деді серіктестік директоры.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев бітік егін өсірген серіктестіктің жұмысына оң бағасын берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.