Ел экономикасының күретамыры ретінде бағаланған салада тер төгіп жүрген теміржолшыларымыздың кәсібі мен игі ісі жыл он екі ай бойы сұранысқа ие.
Елуінші жылдардың басында негізі қаланған, 1954 жылдың наурызында алғашқы тыңгерлерді қабылдаған Ерейментау темір жолы тармағы кешегі Тың темір жолы, бүгінгі «Қазақстан темір жолы» АҚ құрамында еліміздің экономикасын өркендетуге өз үлесін қосып келеді.
Өткен кезең ішінде жол бойы мекемелерінде барлық ұлт өкілдерінің мақсат-тілегі бір арнаға тоғысты. Түрлі мамандық иелерінің бірнеше буыны тасымал жұмысына, жол жөнделіміне, жылжымалы құрамның қауіпсіз, іркіліссіз қатынасына сүбелі үлес қосты. Тіпті, әрбір салада әулет дәстүрін жалғастырғандар да аз емес.
Бүгінде бір шеті Айсары мен Көкшетау, Павлодар мен Өскемен Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласын жалғастыратын Ерейментау стансасы елдің темір жол қатынасы картасында өзіндік мәртебелі орнын иеленеді.
Әрбір мекеме басшылығы бұл күндері өз ардагерлері мен жұмыскерлерін мерекелік сый-құрмет шуағына бөлейтіні заңдылық. Бұл да маңдай тердің лайықты бағасы, еңбектің еленгенінің бір нышаны.
Ерейментау стансасының қызметкерлері төл мерекелерін салтанатпен атап өтті. Қаланың көркемөнерпаз ұжымдары барша жұртшылыққа ашық сахнадан сазды сәлемін арнады. Жиылған қауым – зейнеттегі теміржолшылар, бүгінгі еңбеккерлер мен олардың балалары, немерелері тартымды концертті тамашалады. Айтулы өнер иелерінен бөлек, В.Резановтың жетекшілігіндегі жергілікті «Портал» вокалды-аспаптар ансамблі көпке танымал ескірмес ежелгі әуендерімен, орындаушылық шеберлігімен көпшіліктің ілтипатына бөленді. Дүбірлі мейрам дәстүрлі отшашумен, би кешімен тәмамдалды.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Ерейментау қаласы.