Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласында салынып жатқан православ шіркеуінің құрылысымен танысып, шіркеудің алда атқарылатын ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстарына назар аударды, сондай-ақ, құрылысты көпке созбай аяқтау қажеттігіне тоқталды.
Өңір басшысы құрылыс жұмыстарын жалғастыруда барлық мүмкіндіктер қарастырылатынын және оны барынша жеделдетіп аяқтау керек екенін атап өтті.
Көкшетау қаласындағы Қопа көлінің жағасында бір мезгілде 500 адамды қабылдай алатын жаңа православие шіркеуінің құрылысы басталған болатын. Бұл ғибадатханада жоспарланған жексенбілік мектеп құрылысы да салынуда.
Көкшетау епископы православие шіркеуінің құрылысы туралы әңгімесінде:
– Ақмола облысының орталығында Қопа көлінің жағасында, ең тамаша жерге салынып жатқан собордың құрылысы жалғасуда. Ғибадатхана құрылысы 2015 жылдың 21 қарашасында Архангел Михайлді еске алу күніне орай басталған болатын. Астана мен Қазақстан митрополиті Александр шіркеудің іргетасы үшін крестпен негізін қалау рәсімін жасады. Шіркеу құрылысы қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты тоқтатылған кездері де болды. Алайда, біз құдайдың қолдауы мен қайырымды адамдардың көмегінің арқасында жұмысты жалғастырудамыз. Ғибадатхананың өзіне келетін болсақ, қоңырау мұнарасындағы күмбездің сыртқы әрлеу жұмыстары жасалуда. Сол жерден төбені аяқтап, ішкі безендіру жұмыстарына кірісеміз. Аса, ерекше безендірілудің қажеті жоқ. Жексенбілік мектептің құрылысы да қатар жүргізілуде. Мүмкіндігінше, осы қасиетті жұмыспен айналысатындардың барлығына ғибадатхананың құрылысын аяқтауға қаржылай да, дұғамен де үлес қосуға шақырамын. Бұл оңай шаруа емес, десек те, облыс, қала басшылығының қолдауымен шіркеу жұмысы аяқталып, қаланың көрікті орындарының біріне айналары сөзсіз, – деді.
Қазір ғибадатхана айналасына қоршау салу жұмыстары басталып кетті. Болашақта ғибадатхананың жанында адамдар демалатын саябақ пен су бұрқағы болады деп күтілуде.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.