Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдарының 5 жылдығына арналған салтанатты шара өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Құрылғанына бес жыл толып отырған бұрынғы бірнеше басқармаларды біріктірген кіріс департаменті осы кезеңде өзіне жүктелген ауыр да жауапты міндетті абыроймен орындап келеді, – дей келе, облыс әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлы жиналғандарды мерейтойларымен құттықтап, жүркежарды жылы лебізін білдірді.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Шыңғыс Әнуарбеков Қазақстан дамуындағы маңызды орынға ие бұл құрылымдық жүйенің уақыт жүктеген міндеттері мен атқарылған жұмыстар жайлы жан-жақты баяндап берді.
Өткен бес жыл ішінде мемлекеттік бюджет кірісі 83 миллиард теңгеден 159 миллиард теңгеге өсуі ұжымның мақсаткерлік қызметін айшықтайды. Биылғы бірінші жартыжылдықта ортақ қорға 6,4 миллиард теңге қаржы құйылуы қамтамасыз етілді. Осылайша, мемлекеттік кірісті толықтыру бағытындағы берекелі жұмысымыз алдағы табыстарымыздың толымды болатындығына сенім қалыптастырады.
Департамент басшысы Шыңғыс Әнуарбеков салтанатқа қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, таңдаулы әріптестеріне Алғыс хаттарын тапсырды.
«Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.