Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тоқсандағы әже бақыты - АРҚА АЖАРЫ

Тоқсандағы әже бақыты

«Ананың ақ сүтінің ақталғаны осы ғой, шіркін!», – дедік ішімізден. Ақжаулықты әже, «Күміс алқа» иегері Алмагүл Байшағырованың шаңырағында болғанымызда осы ой санамызға орала кетті. Алты баланы дүниеге әкеліп, мәпелеп өсірген кейуананың дәл бүгін туған күні. Аяулы ана торқалы тоқсан жасқа келіп жатыр.

Кіші қызы Рабиға анасының туған күні қарсаңында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесіне хабарласып, анасының мерейтойында мерзімдік басылымда мақала шығарғылары келетінін айтып, өтініш білдіріпті. Міне, біздің Аналар кеңесінің төрайымы Зере Еспайқызымен көп балалы ана Алмагүл Байшағырованың үйіне келген себебіміз де осы болатын.
Балалары, немере-шөберелері қарт аналарының жанына тегіс жиналып, біздің келуімізді күтіп отыр екен. Кейуана бүгінде тұңғыш немересі Талғат пен келіні Заринамен бірге тұрады. Қазақта «Бірінші немере – үлкендердікі» деген сөз бар ғой. Әжей де осы Талғатын туғанынан бауырына басып, өзі тәрбиелеп өсіріпті. Ер жеткесін үйлендіріп, Зарина есімді өнегелі қызды келін етіп түсірді.
Алмагүл әжей 1929 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Еңбек колхозында дүниеге келіпті. Өмірлік қосағы Көкшетаудың азаматы Олжабай Байшағырұлы. Ол соғыс жылдары Қырғызстан мен Қытайдың шекарасында әскери борышын өтеп, кейіннен Жамбыл облысындағы темір жол станциясына жұмысқа келгенде осында болашақ жары Алмагүл Ыдырысқызымен танысып, отау құрыпты. Артынша тұңғыштары Серік, одан кейін Сәбит есімді тағы бір ұлдары, Роза, Зура, Советгүл, Рабиға есімді қырмызыдай қыздары дүниеге келеді. Біраз жыл Жамбыл облысына қарасты Шу қаласында темір жол саласында жемісті еңбек еткеннен кейін отбасымен бірге өзінің туған жері Көкшетауға біржолата қоныс аударыпты.
Отағасы елде де еңбектен қол үзген жоқ. Темір жол саласында ұзақ жыл табан аудармастан қызмет атқарды. Адал қызметі үшін бірқатар мақтауларға ие болған, еңбек ардагері атағы бар. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, Алмагүл әжей әлдеқашан марқұм болған отағасының орнын жоқтатпай, оның туған жері Көкшетауында ұрпағымен бірге мәнді де сәнді, мағыналы ғұмыр кешіп жатыр.
Торқалы тоқсан жасқа келген кейіпкеріміз немере-шөберелеріне зейнет, береке, молшылық, бақыт та, байлық та еңбекпен келетінін ылғи да айтып отырады. Ал, тоқшылықта тоқмейілсімеуді, астамшылдық жасамауды, әр нәрсені ысырап қылмауды ұрпағына бәрінен бұрын үйретеді. Себебі, өзі бала кезінде жоқшылықты көп көрді. Он екіге толар-толмас шағында Ұлы Отан соғысы басталып, ер-азаматтар майдан даласына аттанғанда елде қалған бала-шаға, әйелдер, кемпір-шалдармен бірге еңбекке араласуға тура келді.
–Ол кездерде қиын заман болды ғой. Ауылдағы ер-азаматтарды түгел соғысқа алып кетті. Елде балалар, әйелдер мен қарттар ғана қалдық. Соғысқа кеткендердің көбісінен хабар келмеді. Ал келсе, жарлары мен ата-аналарын, балаларын жылатып, қолдарына тек қара қағаз ғана жететін. Майдан даласында қол-аяғынан айырылып, үйіне мүгедек болып оралғандарды да көрдік. Өте қиын кездер еді. Әйелдер күні-түні қырманда жұмыс істеді. Біз жеткіншектер бірде солардың балаларын бақсақ, енді бірде қойдың жүнін түтіп, жіп иіріп, жауынгерлерге қолғап, шұлық тоқып беріп жіберіп отырдық. Ол кезде дастарханымыз қазіргідей аста-төк болмайтын. Әр отбасына бес келіден ғана ұн берілетін. Оның өзі бірде бар, бірде жоқ. Шешелеріміз қырманнан қалталарына тығып, ұрлап әкелген бидайды қуырып жейтінбіз. Мата деген тіпті болмайтын. Шешелерінің көйлектерін кішірейтіп, балаларына киім тігетінбіз. Соғыс жылдары аналарымыз өз балаларын ғана емес, өзге ұлттың балаларын да бауырына басты. Поволжьедегі балалар үйінен біздің өлкеге екі вагон бала әкелініп, соларды ауыл тұрғындары екі-үшеуден алып бақты, – деп, өткен өмірім ұрпағыма өнеге болсын деген ниетпен әңгімесін айтқан кейуана еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын деген тілегін жеткізді.
Ананың балаға деген махаббаты шексіз болатынына, жүрегі үнемі балам деп елеңдеп тұратынына ақжаулықты анамен болған әңгімеміздің барысында тағы да көз жеткізгендейміз. Тоқсан жасқа аман-есен жеткені әуелі Алланың, одан кейін балаларының мейірімі мен қамқорлығының арқасында екенін айтып, абзал ана бір марқайып қалса, бүгінгі жақсы тірліктері, өмірлеріндегі бар жақсы атаулы үшін аналарына қарыздар екендіктерін айтып, балалары бір қуантып тастады.
Кейіпкеріміздің үлкен қызы Роза: –Ортамыздағы ақылшымыз – анамыз. Ауырмасын, денсаулығы мықты болып, отбасымыздың ұйытқысы болып жүре берсін, – деген тілегін жеткізсе, немере келіні Зарина: –Апам бала-шағасына қамқор. Әрқайсымызға жаны ашып тұрады. Осы әулетке келін болып түскенде білмегенімді үйретіп, ақылын айтты, – деп, ағынан жарылды. Тоқсанға толып отырған Алмагүл Ыдырысқызына Қазақстан халқы Ақмола ассамблея-
сы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова сый-сияпат жасап, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, ұл-қыздарына отбасылық құндылықтарды, салт-дәстүрді, адамгершілік секілді ізгі қасиеттерді сіңіре білгені үшін шынайы алғысын жеткізді. Біз де алты баласынан 13 немере, 32 шөбере сүйіп отырған күміс алқалы Алмагүл әжейге Алланың берген жасын жасай беріңіз дегіміз келеді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар