Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Былғары қолғап – серігі - АРҚА АЖАРЫ

Былғары қолғап – серігі

баспасөз және спорт ардагері Қалымбек Мұхамеджанов туралы бір үзік сыр

Журналистика мен спорттың тізгінін қатар ұстаған бұл азаматты сонау өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың басында облыстық телерадио хабарларын тарату комитетінде бірге қызмет еткеннен бері білемін.

Екеуіміз демалыс күндері радиорепортаждар жасап, одан журналистиканың әліпбиін үйренгенмін. Аузын ашса, жүрегі көрінетін Қалекең көпшіл болды. Көмек сұрап келген адамдардың бетін қайтармайтын. Ол 1955 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Айыртау ауданының Сарыбұлақ ауылындағы педагогтар отбасында дүниеге келген. Ауылдағы бастауыш мектепті бітіргеннен кейін 1966 жылы облыс орталығындағы №3 қазақ пансион-мектеп интернатында оқуын жалғастырды. Пансионда өңірдің түкпір-түкпіріндегі ауылдардан келген қазақ балалары оқыды. Сол жылдары осы мектептің оқушылары жаппай бокс секциясына қатысып, чемпион болуды армандамайтын. Мақсаттары бокстың қыр-сырын үйреніп, қаланың тентек балаларынан қорғану болатын. Қалекең өз сыныптастары Ерғали Ескендіров, Амантай Бекенов, Мұрат Оспанов, Жұмаш Сағынаевпен бірге бокс секциясына барды. Ол кезде қазіргі замандағыдай зәулім спорт залдар жоқ. Антисанитарлық жертөледе құм салынған қаппен және жыртық былғары қолғаппен жаттығуға тура келді. Жаттықтырушысы 1-ші разрядты спортшы Амангелді Балтабаев техникум бітіріп, әскерде бокспен айналысқан көрінеді.
–Бапкер өз қаражаты есебінен спорттық киімдер сатып әперіп, жарыстарға да өз қаражатымен апаратын. 1969 жылы 35 келі салмақ дәрежесінде Көкшетау қаласының, кейін облыс чемпионы атандым. Ерғали Ескендіров те біраз жетістіктерге қол жеткізіп, облыс чемпионы болды. Амантай Бекенов шаңғы спортына ауысып кетті. Мектеп оқушылары арасындағы Қазақ КСР чемпионатында екінші, кейін үшінші орын алып, жасөспірімдер арасындағы 1 разрядқа қол жеткіздім. Қазақтың белгілі ақыны Қорғанбек Аманжолов мен сияқты өлең шығаруға қаламының желі бар жастардың ұстазы болды. Жазудың қыр-сырын үйретті. Өлеңдерім мен мақалаларымды газетке шығаратын,–дейді Қалымбек Мұхамеджанов.
Сөйтіп, 1972 жылы орта мектепті бітірген Қалекең әскери борышын өтеуге Украинаның Чернигов облысындағы танкішілерді дайындайтын әскери оқу орнына келеді. Әскерге жаңа келген азиялық және кавказдық сарбаздардың арасынан 1-ші разрядты боксшыларды жинап алып, спарринг өткізеді. Сарбаздардың бәрін жеңген Қалымбек Мұхамеджановты Киев әскери округінің спорт батальонына қабылдайды. Мұнда боксшыларды Михаил Левин жаттықтыратын. Жаттықтырушы оң қолымен жұдырықтасуға үйретіп, бокстың қыр-сырына баулиды. Киев әскери округінде Қалымбек Мұхамеджанов украиндық Владислав Засыпка, Анатолий Климанов сияқты Еуропаның чемпиондарымен бірге жаттығады. 1972 жылдың күзінде КСРО Қарулы Күштерінің кубогы Украинаның Ужгород қаласында сарапқа салынып, Киев әскери округінің командасы бірінші орыннан көрінеді. Осы жарыста Қалекең қола жүлдеге ие болып, КСРО спорт шеберлігіне үміткер атағының нормативін орындайды. Кейін Польша мен Румынияда өткен халықаралық жарыстарға қатысады. Днепропетровскіде өткен жарыста Қалымбек Мұхамеджанов бірінші орыннан көрінді.
Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін Арқалық қаласында Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген жаттықтырушы Серік Бошаевтың көмекшісі болып еңбек етеді. Сол кезде Қалекеңнің өлеңі мен мақаласы «Торғай таңы» газетінде жиі жарық көргендіктен болар, газет редакторы Мәтен Бижанов қызметке шақырады. Жақсылық Жүнісов меңгеретін өнеркәсіп бөлімінде жұмыс істеп, спорт тақырыбында мақалалар жазады. Ақын Әбжан Әбілтаев пен академик Тұрсынбек Кәкішевтің көмегімен Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, Есенғали Раушанов, Сәуле Досжанова сияқты қазақтың белгілі ақындарымен бірге тәмамдайды. Сол жылдары марқұм Мәули Әлімов, ақын Қайырбай Төреғожа да осы университетте оқыды.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев та бокспен айналысқаны белгілі. Ол Целиноград облысының, Қазақстан Республикасының чемпионы болған. Жаттықтырушысы Қаныбек Бойғұлов Серік Бошаев пен Қалымбек Мұхамеджановтың дос әріптесі болды. Целиноград пен Арқалық қалаларының боксшылары жиі жолдастық кездесу өткізіп жүріпті. Ермек Маржықпаевтың ағасы, бокстан спорт шебері Берік Боранбайұлы танымал бапкер болды.
–Қазақстан құрама командасында оқу-жаттығу жиындарында Серік Қонақпаев, Бақтай Сәпиев, Қуанышбай Қоқышев, Юрий Дергунов, Анатолий Пермяков, Ғалымжан Айбасов сияқты белгілі боксшылармен бірге жаттықтым. Бурабай өңірінен шығып, Омбы қаласында тұрған танымал боксшы Бауыржан Бекеновтың өмірден ерте кеткені көңілге қаяу түсіреді,–дейді спортты жанына серік еткен әріптесіміз.
Қалымбек Мұхамеджанов саналы ғұмырының 40 жылын журналистика саласына арнады. Облыстық газет пен радиода қызмет істеді. «Хабар» мен «Ақшамның» Көкшетау облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазір облыстық телекомпанияда қызмет етеді. Телекөрермендердің көбі Қалекеңді спорт тақырыбында жазатын журналист деп біледі. Ол ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласына да қалам тербеп тұрады. Спорттың басы-қасында жүргеннен кейін Азия чемпионы Теміртас Жүсіповке көмек көрсетіп, ақыл-кеңесін берді. Қалымбек Мұхамеджанов марқұм Қуанышбек Әжіғұловты мектеп қабырғасынан боксқа баулыды. Кейін алғашқы қанаттандырған шәкірті бокстан спорт шебері, Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы атанып, Польшада өткен халықаралық жарыста «Алтын белбеуді» жеңіп алған.
Ата жолын қуған немересі Айым Болатқызы Степногорск қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқиды. Ол ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы жарыста күміс жүлдегер атанып, ҚР спорт шебері нормативін орындады. Осылайша, ата жолын қуған немересі спортта өз орнын тауып үлгірді.
Қалекең бокс, күрес, футбол, волейбол, баскетбол, ұлттық спорт түрлерінің ережесін терең зерттеген, бұл саланы жақсы білетін журналист. Ол әлі күнге дейін бокстан қол үзген жоқ.Таңертең ерте тұрып жүгіріп, әртүрлі дене қимылдарын жасайды. Спорт залына барып, жаттығып тұрады.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар