Мүмкіндіктері шектеулі жандардың қала ішінде қоғамдық көлікте жүру мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып отыр. «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығының басшысы Василий Шиманскийдің айтуынша, бүгінгі таңда автобус аялдамаларында арбамен мінуге қажетті пандустардың тапшылығы байқалуда.
«Ақмола – адалдық алаңы» жобасының маңызды бағыттарының бірі азаматтарға қолайлы жағдай жасау болып табылатыны анық. Осыған орай Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті жобалық кеңсемен бірлесіп, әлеуметтік маңызы зор нысандардағы пандустардың жағдайын тексеру, бар-жоғын анықтау мақсатында арнайы мониторинг жүргізді.
-Осы жылы мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін барлық жағдайы қарастырылған жаңа автобустар сатып алынды. Мүгедектер қаланың кез-келген бөлігінде қоғамдық көлікті пайдалана алады. Бұл әрине қуанышты жай, себебі біз сияқты адамдарды тасу қызметін көрсететін «Инватакси» ұйымы барлық мүгедектерді тасып үлгермейді. Бірақ, осы автобустарды толыққанды дәрежеде қолдану үшін белгілі бір қосымша жағдайлар жасалуы тиіс. Мәселе осыған бейімделіп үлгермеген автобус аялдамалары жөнінде болып отыр. Олардың көпшілігінде пандустар жоқ, мүгедектерді түсіру және мінгізуге арналған арнайы алаң да қарастырылмаған. Яғни, көлік бар, ал оны қолдану мүмкіндігі жасалмаған, — дейді Василий Шиманский.
Жеке бизнес нысандарына қатысты да көптеген кемшіліктер бар. Қазіргі пандустардың көбі қолдану үшін жарамсыз, белгіленген талаптарға сай келмейді, көпшілігінде тайғанауға қарсы қаптамалары жоқ. Департамент қызметкерлері жобалық кеңсе өкілдерімен бірлесіп, аталған нысандарға тексеріс жүргізіп, мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін қажетті жағдайлардың жасалмағанына көз жеткізді.
Жобалық кеңсенің басшысы Самира Тайтенова алдағы уақытта уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері мен мүмкіндіктері шектеулі азаматтарды қатыстыра отырып, үш жақты кездесу өткізуді жоспарлап отырғандарын, онда осы мәселелерді түбегейлі шешу бойынша тиісті әрекеттер қабылданатынын айтты.
Қалкөз ЖҮСІП.