Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ерте солған қызғалдақ - АРҚА АЖАРЫ

Ерте солған қызғалдақ

►Жарық дүние есігін ашқан әрбір оныншы сәби 15 жасқа толмаған қыздардың перзенті.
►Көкшетау қаласында 2018 жылы 15 жастан 18 жасқа дейінгі жеткіншектердің 2965-і жыныстық ауруларға шалдықса, 2019 жылы олардың саны 3528 адам. Облыс бойынша бұл көрсеткіш 9214-ке жетіп отыр.
►ВИЧ ауруымен ауыратындардың саны күрт өсіп кетті. 2014 жылы облыс бойынша 66 адам болса, 2018 жылы 148 адамға жетті. 2014 жылы бұл аурумен 26 әйел ауырса, 2018 жылы 52 әйел ауырды.
►2014 жылы 14 жастан 29 жасқа дейінгі адамдардың 15-і ВИЧ ауруына шалдықса, 2018 жылы 18 адамға жетіп отыр. 2014 жылы осы ауруға шалдыққан бір сәби дүниеге келсе, 2018 жылы 3 бірдей сәби сырқат күйінде туды.

Таяуда өткен брифинг барысында осындай жайлар мәлім болды.
Облыс орталығындағы перинатальдық орталық директорының орынбасары, акушер-гинеколог Аемкүл Маханованың айтуына қарағанда, қазір бұл мәселенің әбден ушыққаны сондай, әрбір оныншы баланы балалар өмірге әкеліп жатыр.
–Қазір не көп? Оң жақта отырып, жүкті болу оқиғасы жиілеп кетті,–дейді ұлағатты ұстаз Рауза Бәйкенова,–бұл ең алдымен отбасылық құндылықтардың олқы түсуінде. Шынын айтуымыз керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қоғамымыздағы осындай қаны шығып тұрған мәселелерді жойып, ұлтымыздың ұлық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қайта жаңғыртып, сауықтыруға арналған деп түсінемін. Сан ғасыр бойы жақсы мінезін бойына жинаған ұлтымызда отбасылық құндылықтарды дәріптейтін институт болды ғой. Қызға қырық үйден тыйым салдық. Ар-ұят дегенді үйреттік. Обал-сауапты білгіздік. Сол мұра ұрпақтан-ұрпаққа көшіп отырды. Қайын енелерімізден сүбемізге сіңген қағиданы біз қылтиып бой жетіп келе жатқан жас толқынға үйреттік. Бүгінгі күні осы сабақтастықтың тіні үзіліп қалып отыр. Олқылықтың орнын толтыратын отбасындағы тәрбие. Одан қалды білім ошақтарындағы тәрбие сағаттары. Мен өзім қырық жыл ұстаз болған адаммын. Сондықтан, екпін түсіре айтуға хақым бар деп ойлаймын. Әнебір жылдары білім ошақтарында этнопедагогика дейтін факультативтік сабақ жүргізілді ғой. Пайдасы зор еді. Енді не істеуіміз керек? Елбасының өзі нұсқап отырған жолға түссек жаңылмаймыз. Арыдағы қазақ арлы еді. Егер өз руының, әйтпесе тайпасының бір қызы жаңылыс басса, тәмам ел айыпты болатын. Сүйекке түскен таңба-тұғын. Мұндай сұмдық оқиға орын алған аталас, әйтпесе рулас ағайын ел ішіндегі айт пен тойға бара алмай, бетінен басатын. Қазір ше? Ағайын арланудың орнына күңкілдеп ауылдасын табалайды. Бір кезде осы Көкшетауда мұсылман әйелдер лигасы дейтін ұжым құрдық, тәп-тәуір жұмыс істелінді. Уақыт тозаңының астында қалған қаншама асылымызды аршып алдық. Отбасы мен білім ошақтарында олқы түсіп жатқан кемшілікті жоюға ат салыстық. Қазір сондай жұмыстарды қайта жаңғырту керек. Әйтпесе, көп ретте ата-ананы емес, мұғалімді кінәлайтын әдет пайда болды. Мұғалім қазір бір емес, екі күнделік толтырып әуре. Тәрбие беруінен қағазбастылығы басым.
Ұлағатты ұстаздың пікірін теріс дей алмасақ керек-ті. Отбасылық құндылықтардың ойсырай жүдеуінің әсері көзге ұрып тұр. Таратып айталық. Статистикалық деректер бойынша бүгінгі күні бой жетпеген қыздардың 5,6 проценті, ер жетпеген балалардың 19,5 проценті жыныстық қарым-қатынасқа түседі екен. Ал, олардың 17 жасқа жеткендерінің 75 проценті жыныстық ауруларға душар болған. Дабыл қағатын-ақ мәселе емес пе?!
Үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылдығында 15 пен 18 жас аралығындағы 79 қыз бала жүктілігі себепті дәрігерлер бақылауына алынған. Өткен жылы ондай жаза басқандардың саны 69 екен. Бір дәтке қуаты жасанды түсік жасаушылар азайған.
–Бәлкім олар басқа қалаларға көшіп кеткен болар, әйтпесе, жекеменшік клиникаларда да жасанды түсік жасатып жатыр ғой,–дейді Аемкул Маханова,–сондықтан, статистикалық көрсеткіштер кей сәтте қалыптасып отырған жағдайды дәл көрсете алмайды.
Бұл мәселеге жеткілікті көңіл аударылмағандықтан аурудың тым көбейіп кеткендігі алаңдатарлықтай. Бұл жұмсарта, жұқалап айтқанымыз. Әйтпесе, дабыл қағарлық деңгейде.
– Саралап көрелік, –дейді ЖИТС-дың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының дәрігері Гүлбаршын Жақсылықова,–қазір ВИЧ ауруымен ауыратындардың саны күрт өсіп кетті. 2014 жылы облыс бойынша 66 адам болса, 2018 жылы 148 адамға жетті. 2014 жылы бұл аурумен 26 әйел ауырса, 2018 жылы 52 әйел ауырды. 2014 жылы 14 жастан 29 жасқа дейінгі адамдардың 15-і осы ауруға шалдықса, 2018 жылы 18 адамға жетіп отыр. 2014 жылы осы ауруға шалдыққан бір сәби дүниеге келсе, 2018 жылы 3 бірдей сәби сырқат күйінде жарық дүние есігін ашты. Біз қазір бейкүнә балалардың осындай дауасыз дертпен дүниеге келуінен өте қорқатын болдық. Кей сәтте дәрі де, дәрігер де дәрменсіз.
Тұлымы желбіреген, жаза басқан жас қыздардың барар жер, басар тауы да жоқ. Мұндайда шарапаты мол «Ана үйінің» жанашырлығын көруде. Бірақ, оның өзі жетіскеннен болып жатқан іс емес.
–Жаза басқаннан кейін отбасындағы ахуал белгілі ғой,–дейді аналар үйінің директоры Құралай Жұмабекова,–сондықтан тағдырмен жалғыз арпалыспас үшін қоғамдағы дертке қарсы біз де күресіп жатырмыз. Байғұстардың өздері де әлі бала ғой. Не сәбилі боларын, не перзентінен бас тартарын білмейді. Аналар үйі осы кеселмен күресуге бағытталып отырған жоба. Жобаның ұйымдастырушылары отыз жасқа дейінгі аналарға сәбилі болғаннан соң 18 айға дейін көмек көрсетеді.
Жан ауыртарлық жағдайдың негізгі себебі, біздің қоғамға сырттан келер әсерге сүзгі қойылмауынан. Жақсы әдет пе, жаман әдет пе үздіксіз тоғытылып жатыр.
– Әсіресе, батыстың ықпалы көп,–дейді ел ағасы Қадырбай Жұмабаев,–бұл жайында мың рет айтылып, жүз рет жазылды. Әне бір жылдары экономикалық байланыстар ыдырап, ел дағдарып қалғанда, тәрбие жұмысында да бос кеңістік пайда болды. Оның орнын шет елдің зиянды тәрбиесі басты. Енді сол кеселді ұлт бойынан сылып тастай алмай жатырмыз. Олқылықтың орнын толтыратын жалғыз-ақ дүние – ұлттық намыс. Егер біз кері кетіп бара жатқан кейбір жастың санасындағы сәулесін жағып, намысын қамшылай алсақ қана тығырықтан шығамыз.
Көпті көрген ақсақалдың пайымы осы. Ал, сіз қалай ойлайсыз?!.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар