Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тамыз кеңесі: міндеттер мен межелер - АРҚА АЖАРЫ

Тамыз кеңесі: міндеттер мен межелер

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев білім саласы қызметкерлерінің жыл сайынғы дәстүрлі тамыз конференциясына қатысып,

облыс педагогтарының алдағы жаңа оқу жылында тың жетістіктерге жетулеріне тілектестігін білдірді.

«Көкшетау» мәдениет сарайында өткен алқалы жиынға облыстық мәслихат хатшысы Әлібек Баймағамбетов, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілі Дулат Жекебаев, облыстық басқармалардың басшылары мен аудан, қала, облыс әкімдерінің орынбасарлары, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің жетекшілері, ардагер ұстаздар, білім қызметкерлері мен Бақ өкілдері қатысты.
Кеңесті алдымен білім саласындағы жетістіктерге арналған көрмені көріп шыққан Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев ашып, жүргізіп отырды. Білім беру саласында айтулы жетістіктерге қол жеткізген мұғалімдер мен оқу орындарының басшылары, балабақша тәрбиешілері облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталып, ұлағатты ұстаздарға Ы.Алтынсарин және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілері табыс етілді. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Білім саласының үздік ұйымы» атты облыстық байқаудың жеңімпазы атанған Бурабай ауданының №9 Щучинск қаласының мектеп-гимназиясының ұжымы 24 миллион 313 мың 600 теңгенің ақшалай сертификатына ие болды. Бір атап өтерлігі, биылғы жылы алғаш рет өңіріміздің орта кәсіптік білім беретін колледждері арасында үздік білім ұйымы анықталды. Бұл айтулы марапатқа Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледжі лайық деп танылып ордалы оқу орнының ұжымына 24 миллион 313 мың 600 теңгенің ақшалай сертификаты табыс етілді. Сонымен қатар, жастарды қазақстандық патриотизм және азаматтық рухында тәрбиелегені, «Мәңгілік ел» ел идеясын насихаттағаны үшін Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Айбын» әскери-париоттық клубы 200 мың теңгенің сертификатымен марапатталды. Сондай-ақ, биыл алғашқы рет білім саласында қажырлы еңбек етіп жүрген көп балалы аналар да өңір басшысының 100 мың теңге сертификатына ие болды.
– Бүгін облыстың педагогикалық жұртшылығы өздерінің дәстүрлі тамыз кеңесіне жиналып отыр. Бұл кеңесте атқарылған жұмыстың қорытындылары шығарылып, жаңа оқу жылында алда тұрған міндеттер айқындалатын болады. Білім беру ісінің бағыт-бағдарын айқындайтын бұл шара бізде берік дәстүрге айналған. Ол арқылы мемлекеттің білім саясаты нақтылана түсіп, өзекті мәселелер күн тәртібіне қойылады. Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жаңа табыстарға жетулеріңізге тілектестігімді білдіруіме рұқсат етіңіздер, – деді ашылу салтанатында өңір басшысы.
Әрі қарай кеңес барысында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісов Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларына орай, білім саласын дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша жұмыстар жөнінде баяндады.
– Республикалық конференцияда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті» деп айқындады. Облыс педагогтары ел Президентінің алға қойған міндеттері мен мақсаттарын жүзеге асырып, жас ұрпаққа сапалы білім беру жолында жаңа серпінді рухта жүйелі жұмыс атқарып келеді. Қазіргі заманда білім беру жүйесі жаңартылған оқу мазмұнына көшуде,–дей келе ол. – Өңірімізде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында 614 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 240 балабақша және 374 мектепке дейінгі шағын орталық бар. Мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен 37955 бала қамтылған. Орта білім беруде негізгі міндет білім берудің жаңартылған мазмұнына көшуді қамтамасыз ету болып табылады. Ақмола облысының мектептерінде Назарбаев Зияткерлік мектебі негізінде білімді бағалау және оқыту әдістемесінің бірыңғай жүйесі енгізілуде. Өткен оқу жылында жаңартылған бағдарламалар бойынша 88 мыңнан астам оқушы немесе 73 пайыз білім алды, жаңа оқу жылында 4, 9 және 10 сыныптар өтеді. Толық көшу 2021 жылы аяқталады. Жаңа оқу жылында 10 сынып оқушылары болашақ мамандығын таңдауға бағытталған жаңа бағдарламалар бойынша білім ала бастайды. Одан әрі бейімдеуді 7 сыныптан бастау керек. Оқушыларды таңдау бойынша «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Графика және жобалау» жаңа пәндері, сондай-ақ «Бастапқы әскери және технологиялық дайындық» жаңартылған оқу бағдарламасы енгізілетін болады. 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Елбасының тапсырмасы бойынша балаларды ерте дамыту бағдарламасы енгізілуде. Үш тілде оқыту мәселесі ерекше назар аударуға тұрарлық. Қазақ тілін білу – әр қазақстандық азаматтың борышы. Қазақ тілін дамытуды Президентіміздің тапсырмасы аясында орындайтын боламыз. Барлық білім мекемелерінің негізі ұстанымы – мемлекеттік тілді дамыту болады. Облысымыздағы 558 мектепте 124 мыңнан астам оқушы оқиды, оның 16 мыңы – бірінші сынып оқушылары. Облыстың қалалары мен аудан орталықтарында орналасқан 103 мектепте «Мектепке балаларды қабылдауды автоматтандыру мемлекеттік қызметі» енгізілді. Оқушылардың білім деңгейі арқылы кез келген оқу ордасының оқу сапасын анықтауға болады,–деген өңіріміздің бас педагогы нақты деректерді алға тартты.
– Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 61,7 пайызды құрайды (2018 жылы – 60,2 пайыз еді). Зияткерлік конкурстар, түрлі деңгейдегі олимпиадалар жүйесі арқылы дарынды балаларды анықтау және қолдау бойынша жүйелі жұмыстың нәтижесі біздің оқушылар республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында әр түрлі деңгейдегі 60 медаль жеңіп алды. Оның ішінде: 18 алтын, 13 күміс, 29 қола. Ағымдағы жылдың маусым айында Қарағанды облысының Спасск қаласында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен әскери-патриоттық жастар слеті өтті. Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ жоғары колледжінің «Айбын» әскери-патриоттық клубы жүлделі 3 орынға ие болды,–дей келіп 2018-2019 оқу жылының қорытындыларына тоқталды. Атап айтсақ, өткен оқу жылында 4606 түлек мектепті тәмамдаса, оның 242-і «Алтын белгі» төсбелгісімен және 173-і үздік аттестатпен марапатталды. 3375 түлек жоғары оқу орындарына оқуға түсті. 1384 түлек мемлекеттік білім гранттарына ие болды, бұл жалпы санынан 30 пайызды құрайды. Республикада алғаш рет көп балалы отбасы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар мектептерінің түлектері үшін қосымша білім беру гранттары бөлінді. 86 грант осы санаттағы түлектерге берілді.
Облыста, барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарында педагогикалық қызметті 21 мыңнан астам (21327) қызметкер жүзеге асырады, оның ішінде облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 15 мыңға жуық (14841) педагог жұмыс істейді, олардың 12 мыңнан астамында (12 401) жоғары білімі бар.
2019 жылы өткізілген аттестаттау қорытындысы бойынша жаңа жүйе бо-
йынша облыстың 5559 мұғалімі өтті, оның ішінде педагог-модератор – 1645, педагог-сарапшы – 2344, педагог-зерттеуші – 1522, педагог-шебер – 48 мұғалім. 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап аталған мұғалімдер лауазымдық жалақыдан 30 пайыздан 50 пайызға дейін қосымша ақы алады. Осы жылдан бастап педагогтардың аттестациядан өту форматы өзгертілетін болады. 2018-2019 оқу жылында облыс мектептеріне 469 жас педагог қызметкер келді. Соңғы үш жылда облыстың 17 800 педагогы білім беру мазмұнын жаңарту бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Ағымдағы жылдың соңына дейін орта және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 871 педагогын және жаңа білім беру бағдарламалары бойынша колледждердің 415 оқытушы мен өндірістік оқыту шеберлерін оқыту жоспарлануда. Өткен жылы білім беру саласына бюджеттен 73,3 миллиард теңге бағытталды, оның ішінде 55,8 миллиард аудандық, қалалық деңгейде және 17,5 миллиард облыстық бюджеттен қаржыландырылды. 2018 жылға республикалық бюджеттен 2,3 милллиард теңге сомасында нысаналы трансферттер бөлінді. Ағымдағы оқу жылында мектептердің материалдық базасын дамыту және нығайту бойынша белсенді жұмыс жүргізілді.
2018 жылы облыста 1 300 орындық 4 жаңа мектеп ашылды. 2019 жылдың соңына қарай тағы 4 мектеп тапсырылады. (Целиноград ауданының Қоянды ауылында 1200 орындық, Қажымұқан және Максимовка ауылдарында 300 орындық, сондай-ақ Бурабай ауданының Щучинск қаласында 800 орындық).
Жыл сайын облыс мектептері оқулықтармен және оқу-әдістемелік материалдармен жарақтандырылады. Бүгінгі күні мектепке 4, 9,10 сынып оқулықтарын жеткізу ұйымдастырылады. Бейнебақылау жүйелерімен 280 мектеп немесе 50 пайыз жабдықталып, 3982 камера орнатылды. Жаңа модификациялы кабинеттермен қамтамасыз етілуі 50,4 пайызды құрайды. Облыстың барлық мемлекеттік күндізгі жалпы білім беретін мектептері 100 пайыз кең жолақты Интернетке, «BilimLand» білім беру платформасына және «Күнделік» бірыңғай ақпараттық жүйесіне қосылған.
Облыс мектептерінде 14 мыңнан астам (14656) бірлік компьютерлік техника бар, оның 4406 ауыстыруды қажет етеді. Пәндік кабинеттер саны 8220-ны құрайды. 3598 кабинетті толық жарақтандыру қажет. Бұл мақсатқа шамамен 2,1 миллиард теңге қажет. STEM-білім беру шеңберінде 136 білім беру ұйымы робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Осы оқу жылында облыстың 560 мектебінде «Тегін ІТ сыныптары» ашылады және тағы бір жағымды жаңалық ағымдағы жылы Бурабай ауданында ІТ мектеп-лицейінің ашылуы жос-
парланып отыр.
Ақмола облысында 33 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жұмыс істейді. 2018-2019 оқу жылында «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға», «Серпін» мемлекеттік тапсырыс аясында 230 студент қабылданды. Біздің облыс WorldSkills халықаралық қозғалысына белсене қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, осы жылдар ішінде өз қоржынында 15 алтын, 4 күміс, 14 қола және 6 медальға ие. 2018 жылы Ақмола облысының командасы ұлттық чемпионатта 3 жалпыкомандалық орынға ие болды.
Ағымдағы жылдың 22-27 тамызы аралығында Қазан қаласында өтетін WorldSkills әлем чемпионатында Республика құрамасының құрамында біздің облыс колледждерінің 3 студенті өз білімдерін сарапқа салады. Олардың қатарында, Максим Соколовский, Естай Қасым, Татьяна Антонова бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жұмыс біліктілігі бойынша оқитын колледж студенттеріне жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 30 пайызға арттырылады, бұл әр студентке 21 мың теңгеден астам қаржыны құрайды. – Бүгінгі таңда облыста қосымша білім берумен қамтылған 26 мыңнан астам баланы қамтитын 56 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді. Ақмола оқушыларының қарым-қабілеттерін дамытуға жағдай жасау үшін «Болашақ» сарайының құрылысы бас-
талып, іргетасы қаланып жатыр. «Болашақ» сарайында – мектепке дейінгі жастағы балалар мен студент жастарды білім мен ғылымға баулитын ортақ алаңға айналады деп есептейміз. Жүз мыңнан астам бала ағымдағы жаз айында демалумен, сауықтырумен қамтылды. Жазғы кезеңде барлық лагерь ауысымдарында «Парасаттылық» пен «Адалдық» мектептері ашылды. Біздің облыс Арыс қаласынан келген 405 баланы дем алумен және сауықтырумен қамтыды. Білім беру саласындағы айшықты істерді жіпке тізгендей түгел айтып шығу мүмкін емес. Біздің ендігі мақсатымыз бойымыздағы барлық күш-жігерімізді сарқа жұмсап, заман талабына сай білім, тәрбие ісін жаңа сипатта дамытып, жарқын белеске көтеру болып табылады. Бүгінгі тамыз кеңесіне облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысып, конференцияны жүргізіп жатқандығы ұстаздар қауымы үшін зор мәртебе деп білеміз. Биылғы оқу жылында оқу-тәрбие үрдісін қоғамның жаңа қажеттіліктеріне сүйене отырып, ұйымдаса еңбек етейік. Оқушыларды тәрбиелеу мен оқытуда табысты нәтижелерге бірге жете берейік,–деп сөзін түйіндеді Талғат Тұрлыбекұлы.
Жарыссөзге Бурабай ауданындағы Щучинск қаласының №10 мектеп-интернатының директоры Алтыншаш Есмағұлова шығып, «Ресурс орталығының тәжірибесі мен болашағы» тақырыбында сөз сөйлеп, өз тәжірибесін ортаға салды. Ал, Щучинск қаласының жоғары техникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Антон Лазорский болса «Мамандарды даярлау сапасы: білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы жаңа тәсілдер» туралы баяндама жасап, баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасын жүзеге асыру туралы кеңінен тарқатып айтып берді. «Білім дамытудың жаңа көзқарастары» тақырыбында сөз алған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарушы директоры Айгүл Қазжанова жаңартылған оқу мазмұнына сәйкес білім беру қызметін ұйымдастырудың ерекшеліктеріне баса назар аударып, елімізде атқарылып жатқан ауқымды істерге тоқталды. Келелі кеңесте Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Әсем Дүйсембина «Шағын жинақталған мектептерге арналған педагогикалық кадрларды даярлау: мәселелері мен келешегі» тақырыбында ой қозғады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев «Парасатты ұрпақ тәрбиелеудегі білім берудің рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілі Дулат Жекебаев білім саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылымен құттықтап, зор табыс тілеп, алдағы міндеттерді айқындай түсті. Алқалы жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
– Жылдар бойы дәстүрге айналған тамыз кеңесі өткен оқу жылына терең талдау жасауымызға, өзекті мәселелерді анықтауға, жаңа оқу жылына жаңа міндеттер қоюға мүмкіндіктер береді, – дей келіп, облысымызда білім саласында атқарылуға тиісті бірқадау мәселелерге тоқталып, назар аударды. Салтанатты шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Ұлмекен ШАМЕНОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар