Осыдан он жыл бұрын Айбота Әлкей Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін табысты аяқтап, жолдамамен Есіл қаласындағы №2 балалар үйіне жұмысқа орналасқан еді.
Ұстаздық тәжірибесі жоқ болса да, ол ұжыммен бірден араласып кетті. Балалар да оны жатсынбай, бірден бауыр басып кетті. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жәудіркөздермен жұмыс істеу оңай-оспақ шаруа емес-ті. Сабақтан тыс уақытын да балаларға бөліп, олармен етене араласып, бауырмал бола білді. Бала көзін көңілінен ұғып, бар мейірім шуағын арнап, жан жылуына бөлеуге тырыс-
ты. Осы мекемеде жинақтаған тәжірибесі оны шыңдай түсті, өз ісінің білгірі ретінде қалыптастырды.
Қазіргі таңда Айбота Әлкей Есіл қаласының №1 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейді. Сабақтан тыс уақытта ол туған өлкенің тарихымен, тұрмыс-тіршілігімен және байырғы дәстүрімен сабақтас іс-шараларды өткізеді.
– Мен мамандық таңдаудан қателескен жоқпын деп ойлаймын, – дейді ол. Біз көп уақытымызды мектепте өткіземіз. Ол үшін еш өкінбеймін. Шәкірттеріміздің жетістігін көру ұстаз үшін зор бақыт деп білемін. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстаз мәртебесін арттыру туралы айтылған ойлары бізді одан сайын қанаттандырып, жігерлендіріп отыр. Өмірлік мақсатым – алдымнан тәлім-тәрбие алған шәкірттер еліміздің айтулы азаматтары болса екен деймін, – дейді ол ағынан жарылып. Арманы асқақ Айбота екі бала тәрбиелеп отырған өнегелі шаңырақтың ұйытқысы. Өмірлік жары Алтынбек теміржолшы болып еңбек етеді.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Суретті түсірген автор.
Есіл ауданы.