Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығындағы Ақмола облыстық әдебиет және өнер музейінің жөндеу жұмыстарының барысымен танысты
және Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің жаңа қосымша құрылыс ғимаратының ашылу салтанатына қатысып, колледж директоры Құралай Ыдырысоваға 30 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.
Өңір басшысы алдымен әдебиет және өнер музейінде болды. Жауапты сала басшыларына қарата айтқан сөзінде әкім мәдениет нысанының жөндеу жұмыстары барысын күн сайын қадағалап отыру керектігіне назар аударды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдар-ламасы аясында көптеген игі шаруа атқарылып, ел еңсесі көтерілуде, өшкеніміз жанып, халық мұрасы мәңгілік елдің мұратына сай оралуда. Осы жылы Астана – Көкшетау тас жолының бойында қасиетті топырақта туған ардақты тұлғаларымызға арналған жаңа ескерткіштер бой көтерді. Осыған орай, тұрғындар тарапынан жақсы пікірлер айтылуда. Қала орталығында орналасқан бұл музей ертеңгі күні қала ажарын ашатын, сәулетті мекеменің біріне айналуы керек. Музейге жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына жүрдім-бардым қарауға болмайды. Құрылыс сапасына зор мән берілсін, – деді облыс әкімі.
Музей директоры Нұрбек Нұралиннің айтуынша, 1904 жылы іргетасы қаланған ғимаратта күрделі жөндеуден соң жаңа 5 экспозициялық зал ашылады. Атап айтсақ, этнографиялық- фольклорлық залы, қазіргі қазақ әдебиетінің, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығы және мәжіліс залы, суретшілер галереясы жасалынады. Күрделі жөндеу жұмыстарына 64 миллион теңге бөлінген. Жобаның мердігері – «Темірлан – LTD» компаниясы.
Музейді қайта жаңғырту жұмыстары қараша айының соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Облыс әкімі мердігер компания басшылығына жұмыстарды сапалы жүргізу керектігін ескертті.
Ал, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің жаңа қосымша құрылыс ғимаратының ашылу салтанаты есімі алты Алашқа мәшһүр атақты Ақан серінің бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
– Бүгінгі оқиғаның біз үшін маңызы зор. Бұл біздің елімізде, білім мен мәдениеттің келелі мәселелеріне елеулі көңіл бөлініп жатқандығын көрсетеді. Жаңа қосымша ғимараттың ашылуы жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға, рухани адамгершілік тәрбиесіне игі ықпал етіп, сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» жобасы аясында танымдық іс-шараларды сапалы өткізуге үлкен мүмкіндік береді, – дей келіп, облыс әкімі салтанатты жағдайда колледж директоры Құралай Ыдырысоваға оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 30 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.
Колледждің жаңа қосымша ғимаратында жаттығу, спорт залдары, кітапхана кешені, 240 орындық акт залы, 140 орындық асхана бар. Қосымша құрылыс ғимаратының жалпы аумағы 6400 шаршы метрді құрайды. Мердігер – «Аян» ЖШС-і. Жобаның сметалық құны – 641 миллион теңге.
Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің іргетасы 1955 жылы қаланған. Бүгінгі таңда бұл ордалы оқу орнында 500 студент білім алуда. Колледждің шығармашылық ұжымы біздің облыста ғана емес, сонымен қатар, республикадан тыс жерлерде де кең танымал. Колледж жастары халықаралық байқауларда, Түркия, Дағыстан және тағы басқа елдерде болған өнер шараларында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Колледждің екі студенті Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының стипендиаттары. Біз жоғарыда санамалап өткен жетістіктер колледж студенттерінің қол жеткізген биігінің бір парасы ғана. Алдағы уақытта колледж ұжымы әлі талай өнер биігін бағындырады деген сенімдеміз.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.