Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің республикалық тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде «Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті» деп атап көрсеткен еді. Әрине, бұл міндет білім саласында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздардың арқасында жүзеге асырылатыны сөзсіз.
Айқындалған жолмен алға жылжысақ, болашағымыз үшін алаңдамауға болады деуге әбден негіз бар. Себебі, қазіргі таңда жастар жан-жақты дамыған, бірнеше тілді білетін, заманауи технологияларды меңгерген білімді маман ретінде қалыптасуы үшін біздің мемлекетімізде барлық жағдайлар жасалынған.
Ата Заң білім алудың басты кепілі. Біздің Ата Заңымыз еліміздің әрбір азаматының білім алып, белгілі бір мамандық түрін меңгеруіне кепілдік береді. Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңы – республика азаматтарының білім алуының конституциялық құқығын қамтамасыз етуге арналған. Білім беру жүйесінің міндеттері көрсетіліп, осы сала ұйымдарының ережелері, бағдарламалары мен білім деңгейлері айқындалған. Сондай-ақ, білім беру жүйесін басқару мен оның экономикасы, білім беру саласындағы халықаралық қызметі де айқын көрсетілген. Ата Заң негізінде орта мектепте білім алған жастар жыл сайын ұстаздары алдында білім ұяларынан қанаттанып шығып, білімін одан әрі жалғастырып, өздері қалаған мамандық түрлерін игеру үшін жоғары оқу орындарына түсіп жатады. Кешегі мектеп партасында отырған жастардың есейіп, ақыл тоқтатқанын, әр салада абыроймен еңбек етіп, өзі оқыған мектебінің, оқытқан ұстаздарының сенімін ақтағанын көрген қандай ғанибет десеңізші. Кешегі тарихтың қиын-қыстау кезеңінде Алаш ардақтыларының келешек ұрпаққа үміт артқаны тегін болмаса керек.
Мінекей, жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Ағымдағы жылы өңірімізде 614 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді, оларда 38 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Елбасының тапсырмасы бойынша балаларды ерте дамыту бағдарламасы енгізілуде.
Бүгінгі таңда 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 99 пайызды құрап отыр. Барлық мемлекеттік балабақшаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Алдағы оқу жылында 557 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді, оған 124 мыңнан астам баланы қабылдау жоспарланып отыр. Оның 16 мыңнан астамы –
бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 мыңға артық. Биыл білім берудің жаңартылған мазмұнына 4, 9, 10 сыныптар кіріседі. Олар тиісті бағдарламалармен, жоспарлармен толық қамтамасыз етілген. Мектеп педагогтары біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Облыста 2019-2020 оқу жылына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді (4,9,10 сыныптар) жеткізу аяқталуда, бұл мақсатқа бюджеттен 1 400 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.
Мектептердің ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуда. Облысымыздың 9 мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Атбасар қаласындағы ақыл-ой бұзушылықтары мен психикалық дамуы кеш балаларға арналған № 2 облыстық арнайы түзету мектеп-интернатына күрделі жөндеу жүргізуге қаржы бөлінді.
Облыста 11 үш ауысымды мектеп бар. Олардың санын азайту мақсатында, республикалық бюджет есебінен 6 мектеп салынуда. Ағымдағы жылы 4 мектепті тапсыру жоспарланып отыр. Атап айтсақ, Бурабай ауданының Щучинск қаласында, Целиноград ауданының Максимовка, Қажымұқан, Қоянды ауылдарында жаңа мектептердің есігі айқара ашылады. Облыста апатты мектептер жоқ.
Сондай-ақ, алдағы жылыту маусымына облыстың білім беру нысандарын да-
йындау толық қарқынмен аяқталуда. Барлық жерде отынға қаражат бөлінді, шарттар жасалды, жеткізу кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Бұл жұмыс тұрақты бақылауда.
Мектептерге 6 мыңға жуық баланы тасымалдау мәселелері жүз пайыз пысықталды. Ол үшін 182 автокөлік қолданылады. 2019 жылы 5 жаңа автобус сатып алынды. Бірақ қазіргі таңда 33 автобусты жаңарту қажеттілігі бар.
2019 жылдың 1 шілдесінен бастап Ақмола облысында «Мектепке жол!» республикалық акциясы басталды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен аталған республикалық акция жыл бойы өтеді. Бүгінгі күні облыс бойынша 3945 оқушыға 52 миллион 505 мың теңгеге көмек көрсетілді.
Облыста жалпыға міндетті білім беру қорынан әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасылардан шыққан 13 мыңнан астам баланы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен тегін және жеңілдікпен тамақтану 100 пайыз қамтамасыз етіледі.
2019 жылғы сәуірде жалпы білім беру үшін облыстық бюджеттен 541,8 миллион теңге, аз қамтылған отбасы балаларына тегін тамақтандыруды ұйымдастыру үшін 224,3 миллион теңге және мектеп формасын және кеңсе тауарларын сатып алу үшін 317,5 миллион теңге (аз қамтылған отбасының бір баласына 27,9 мың теңге есебінен) қосымша қаражат бөлінді.Жалпы білім беру қоры бойынша көзделген қаражаттың жалпы сомасы 2019 жылы облыс бойынша 1,038 миллиард теңгені құрады, бұл жалпы білім беретін мектептерді ағымдағы ұстауға бөлінген жалпы соманың 1,6 пайызын құрайды.
Республикалық Тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тәрбие жұмысының күшеюін ерекше атап өтіп, қосымша білім берудің көркемдік, музыкалық, би, туристік-өлкетану, робототехника, СТЕМ-білім беру, 3Д-принтинг және бағдарламалау, балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторлар үйірмелерін сақтау мен дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі күні облыста 26 мыңнан астам баланы қамтитын 56 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді, бұл қосымша біліммен қамтылған балалардың 74,3 пайы-
зын құрайды. Ақмола оқушыларының қабілет-қарымын дамытуға жағдай жасау үшін «Болашақ сарайының» құрылысы бойынша жұмыстар басталды. Ол ІТ-технологиялар мен инновациялық әдістемелерді біріктіріп, мектепке дейінгі балалардан бастап студент жастарға дейін ғылымға баулуға мүмкіндік беретін бірегей алаң болмақшы.
Облыс мектептерінде 15 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді.
Алдын ала деректер бойынша білім беру ұйымдарына жұмысқа 286 маман орналасты, олардың 159-ы жас маман.
Мектептермен қатар колледждерді оқу жылының басталуына дайындау аяқталады. Облыста 33 колледж жұмыс істейді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 15583 студент оқиды, олардың 70 пайызы техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша.
2019-2020 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына шамамен 6 мың адам қабылданады. Барлық мемлекеттік колледждерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында республикалық бюджеттен Астраханка ауылындағы №6 агротехникалық колледжінің ағымдағы жөндеуге 128,8 миллион теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар, Краснояр ауылындағы №3 агротехникалық колледжі мен Ақкөл қаласындағы № 10 агротехникалық колледждерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 4537 орындық 28 жатақхана бар. Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталады.
Білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындау – мекеме әкімшілігінің барлық күштерін шоғырландыруды талап ететін күрделі және ауқымды процесс. Бірақ, оқушыларды оқытудың қауіпсіздігі мен жайлылығы осы іс-шаралардың қалай жоспарланғаны және өткізілгеніне байланысты болады.
Мемлекет басшысы, Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімдігінің біздің алдымызға қойған мақсаттары мен міндеттері маңызды болып саналады. Біз оларды іске асыру үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Жаңа оқу жылында білім қызметкерлеріне амандық, табыс, жоғары жетістіктер мен нәтижелер тілеймін.
Талғат ЖҮНІСОВ,
Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы,
техника ғылымдарының докторы.