Елбасының парасатты саясатын жалғастырып отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн», – деп атап өткен еді.
Қазір елімізде жүргізіліп отырған салиқалы тіл саясаты – толеранттық тілдік орта қалыптастырудағы маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі болып саналады. Біздің облысымызда да бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Биылғы жылғы Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай өткізілетін іс-шаралардың жоспары жасалып, тілдер мерекесіне арналған көптеген шаралар өткізілетін болады.
Жыл сайын Қазақстан халықтарының Тілдер мерекесі 22 қыркүйекте аталып өтіп келген еді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» №689 қаулысының негізінде айтулы мерекелердің арасында Қазақстан Халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланатын болды. Айта кету керек, Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ұлы тұлғамыздың туған күнінде Тіл мерекесін тойлайтын болады.
Биылғы Тілдер күні мерекесіне орай өткізілетін іс-шаралар жоспарына тоқтала кетейін. Жоспардың бірінші бөліміне сай, барлық мемлекеттік органдарда, еңбек ұжымдары мен ұйымдарда Қазақстан халқы тілдері күні мерекесінің салтанатты ашылуы ұйымдастырылады. Жоспардың екінші бөлімінде «Тақырыптық шаралар» қамтылған. Аталған бөлімде ұлтымыздың мақтанышы саналатын – Біржан сал, Ахмет Байтұрсыновтармен қатар, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына орай оқушы жастар арасында танымдық іс-шаралар ұйымдастыру қарастырылған. Сондай-ақ, жерлесіміз, Қазақстанның халық жазушысы, драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің туғанына 85 жыл толуына орай іс-шаралар өткізу де жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Текті сөздің төресі – терме» облыстық жыршы-термешілер байқауы және «Тілдарын» облыстық олимпиадасы өткізілетін болады.
Жоспардың үшінші бөлімінде өткізілетін мәдени-көпшілік іс-шаралар жинақталған. Сондай шаралардың қатарында «Қазақ тілім – мәңгі жасар байлығым» атты жастар форумы, «Жаңғырудың жаңа белесі – латын әліпбиі» атты ғылыми-практикалық конференция, мемлекеттік қызметте істейтін өзге ұлт өкілдері арасында өткізілетін «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты сайыс, өзге ұлт өкілдерінің қатысуындағы «Ән –
халықтың ажары» атты қазақша караоке байқауы, «Сәлем саған, Туған жер!» атты мемлекеттік тілде өтетін облыстық жас-
тар конкурсы, әр ұлттың өз ана тілдеріне арналған «Менің тілім – менің мақтанышым» атты шығармалар байқауы бар. Сонымен бірге, Степногорск қаласында «Латын графикасына көшу – рухани жаңғырудың басты бағыты» атты облыстық практикалық конференциясы, «Кәнеки, тілім, сөйлеші!» атты шешендік өнер байқауы, «Мақал – сөздің мәйегі» отбасылық өнер байқауы тағы да басқа шаралар өткізу жоспарланған.
Осылайша Қазақстан халықтарының Тілдер күні мерекесіне орай облысымызда өткізілген осындай іс-шаралардың өңірімізді мекендеген сан түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы достық қатынасты одан әрі нығайтып, бірлігіміз бен татулығымызды сақтауға игі ықпалын тигізетіні анық.
Ғалым ШОЙКИН,
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы