Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жолдаудан туындайтын тың міндеттер белгіленді - АРҚА АЖАРЫ

Жолдаудан туындайтын тың міндеттер белгіленді

Көкшетау. (5 қыркүйек, 2019 жыл.) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы 2 қыркүйек күнгі

«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы Ақмола облысының кеңейтілген актив жиналысында талқыланды. Бұл шараға аудандар мен қалалардың әкімдері, облыстық мәслихаттың депутаттары, партиялар мен қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттер және өңірді өркендетудің жаңа мүмкіндіктері жайлы облыс әкімі
Ермек Маржықпаев баяндама жасады. Облыс әкімі өз баяндамасында Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында жарияланған Мемлекет басшысының Жолдауы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұстанған бағытының жалғасы болып табылады. Онда Бес институционалдық реформалар мен «100 нақты қадам» Ұлттық Жоспарын жүзеге асырудың міндеттері айқындалғандығын атап көрсетті.
Актив жиналысында баяндама бойынша «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы И.М.ТЕРЕНТЬЕВА, Целиноград ауданындағы «Агрофирма Green Star» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры И.С.ШӨНКЕНОВ, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, «Той Дастархан» серіктестігінің директоры Е.И.МАЩИНСКАЯ, «Тыныс» акционерлік қоғамының бастауыш партия ұйымының төрағасы Д.С.ТӘШЕНОВ, Щучинск қаласындағы №7 мектеп лицейінің директоры Д.Ш.СҰРАҒАНОВ сөз сөйледі.
Кеңейтілген актив жиналысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қ.Б.Бәйімбетов қатысып отырды.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы туралы кеңейтілген облыс активінде жасаған баяндамасы

Қазіргі Жолдауда осы заманғы әлеммен табысты үйлесім табу үшін ел экономикасын дамудың жаңа сапалы деңгейіне көтеру шаралары қарастырылады. Мұның барысында халықты жан-жақты қолдауға және оның әл-ауқатын арттыруға негізгі бағыт ұсталған. Мемлекет басшысы сайлау алдындағы бағдарламасының орындалуын есепке ала отырып, өзінің Жолдауында нақты міндеттер мен оларды шешудің жолдары қарастырылған бес маңызды бағытты айқындап отыр.
Бірінші бағыт. Заман талабына сай тиімді мемлекет.
Президент ұсынған «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнатудың негізі болып табылады. Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік органдар халықпен өзара іс-қимылды күшейту жөнінде бірқатар шаралар қабылдады. Азаматтарды жеке қабылдау, халықпен есеп беру кездесулері және азаматтық сектор өкілдерімен кездесулер өткізіледі, «Электрондық үкімет» порталы жұмыс істейді, қоғамдық кеңестер құрылған, ашық отырыстардан онлайн-көрсетілім жүргізіледі, ресми сайттар мен әлеуметтік желілердің аккаунттарында ақпараттар орналастырылады.
Алайда, жетістіктермен бірге, диалог құруда бірқатар проблемалар мен олқылықтар орын алуда. Негізгі проблема – халықтың мемлекеттік органдардың қызметі туралы нашар ақпараттануы. Мемлекеттік органдар мен ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізудің барысында басты көңіл тек қана атқарылған жұмысқа бөлінеді.
Бұл ретте халыққа іс-шаралардың қандайда бір ықтимал әсері түсіндірілмеген. Халықпен тиімді байланыстарды құру процесінде ұсынылған шараларды әлеуметтік желілер мен жедел хабарламалар басты рөл атқарады, олар диалогтың барлық қатысушылары арасындағы коммуникацияның маңызды тетіктерінің бірі болуы керек.
Біз елімізде алғашқылардың бірі болып Көкшетау, Степногорск қалалары мен аудандарының әкімдері мен департаменттерінің ресми есеп аккаунтын құрдық. Бірақ, өкінішке орай, олардың халық арасында танымалдылығы төмен.
Сондықтан әртүрлі медиа форматтарды, соның ішінде бейне-хабарламаларды (қоңыраулар, хабарландырулар) пайдалану қажет. Келесі – мәлімдемелерге бақылауды күшейту. Алайда, мемлекеттік органдардың жауаптары қабылданған шаралар туралы көрсетілген тұжырымдарды ғана қамтитын нормативтік-құқықтық актілерге сілтеме жасай отырып формалды болып табылады.
Негізгі міндеттердің бірі – үйлесімді мемлекет құрудың негізі ретінде халықтың бірлігін нығайту. Азаматтық қоғам билік құрылымдары мен халықтың, бизнес өкілдерінің жоғары сеніміне ие мемлекеттің тең құқылы әріптесі болып табылады. Аталған мәселелер құрастырылып жатқан 2025 жылға дейінгі Азаматтық қоғамды дамыту концепциясында қаралатын болады.
Екінші бағыт. Қауіпсіздік пен азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету.
Жолдаудағы актуальды тапсырмалардың бірі – құқық қорғау органдарының жүйесін толыққанды реформалау болып табылады. Президент айтып өткендей, полиция мемлекеттің күш құралынан елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін азаматтарға қызмет ететін органға айналуы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстар қазір облысымызда барлық әкімшілік аудандарда жүргізілуде. Атап айтсақ, полиция департаментінің барлық әкімшілік ғимараттарында және аумақтық бөлімшелерінде фронт-офис «Азаматтарды қабылдау» жобасы жүзеге асырылуда. Полиция департаментіне бейнебақылау жүйесін одан әрі дамыту қажет, бұл полицияға қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігінің кез-келген көріністеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Үшінші бағыт. Дамыған және инклюзивті экономика.
Бұл блокта Мемлекет басшысы Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде бірқатар құрылымдық міндеттерді жүзеге асыруды тапсырды.
Өнеркәсіпті дамытуда негізгі екпін индустрияландырудың үшінші бесжылдығын іске асыруға бағытталып отыр.
Еңбек өнімділігін кемінде 1,7 есеге арттыру міндеті қойылған.
Біз экспортқа бағдарланған бәсекеге қабілетті өнім шығаруымыз керек. Бұл қажеттілік елдің Орталық Азиядағы өңірлік көшбасшы ретіндегі беделін нығайту мақсатында туындады.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына бірлесіп:
– аудандар мен қалалардың әкімдерімен өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің жоғары қарқынын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты, оның ішінде кәсіпорындарды цифрлау және жоғары технологиялық өндірістерді іске қосу есебінен жалғастыруды тапсырамын;
– «SMART AQMOLA» ЖШС-мен өнеркәсіпті цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыру, орта мерзімді перспективаға цифрландыруды енгізу бойынша жобаларды пысықтау.
Ел Президенті атап өткендей, қала мен ауыл дамуының берік негізі тиімді шағын және орта бизнес болып табылады.
Біздің облыста «қарапайым заттар экономикасы» қоржыны 65 миллиард теңге сомасына өңдеу өнеркәсібі мен АӨК саласының 31 жобасынан тұрады. Оның ішінде 4 миллиард теңгеден астам сомаға 13 жоба қолдау тапты.
Банктердің қарауында тағы да 26 миллиард теңгеге 11 жоба бар.
Алайда, осы бағыттағы жұмысты айтарлықтай жандандыру керек.
Аудандар мен қалалардың әкімдері, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм басқармалары, өңірлік кәсіпкерлер палатасы (келісім бойынша) «қарапайым заттар экономикасының» жаңа жобаларын іздестіру және сүйемелдеу жөніндегі жұмысты жандандыруы қажет.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармалары кәсіпкерлер палатасымен (келісім бойынша) бірлесіп, тиісті орталық мемлекеттік органдармен көп балалы аналарды микро және шағын бизнеске, оның ішінде үйде тарту жөніндегі арнайы бағдарламаны әзірлеу және енгізу, сондай-ақ, отбасылық бизнесті, бірінші кезекте көп балалы және аз қамтылған отбасыларды құру мәселелерін пысықтасын.
Жолдауда әлеуеті мен мүмкіндіктері бар агроөнеркәсіп кешеніне баса назар аударылды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, аграрлық саясат, ең алдымен, тек ескі ғана емес, шетелде де талап етілетін органикалық және экологиялық таза өнім өндіруге бағытталуы тиіс.
Ауыл шаруашылығын дамыту басымдықтарының бірі суармалы жерлерді кезең-кезеңмен ұлғайту болып табылады.
Таяудағы үш жыл ішінде біз суармалы жерлердің көлемін 40 мың гектарға дейін (суармалы жерлердің көлемі 24 мың гектарды құрайды) жеткізуіміз керек, ал, 2030 жылға қарай 3 еседен астам – 140 мың гектарға дейін ұлғайту қажет.
АӨК басым бағыттарының бірі – қайта өңдеу өндірісін дамыту.
Бүгінгі күні бірқатар азық-түлік тауарлары бойынша біздің облыста импортқа тәуелділік сақталып отыр (сүт өнімдері, ірімшік және сүзбе, жеміс-көкөніс консервілері, шұжық өнімдері және т.б.).
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша қуаттың жүктелу деңгейі 40-60 пайызды құрайды, оны ұлғайту үшін бізге сапалы шикізат жетіспейді.
Бұл ірі және орта деңгейдегі шаруашылықтарды дамыту үшін қолданыстағы өндірістерді техникалық модернизациялауға елеулі қаржы жұмылдыру қажеттігін білдіреді.
Тағы бір өзекті мәселе – жер ресурстарын тиімді пайдалану.
Бүгінгі күні облыста ауыл шаруашылығы айналымына 1 миллион гектардан астам жер қосылмай отыр, мұның 300 гектары егістік және 800-дей гектары шабындық.
Жер қатынастары басқармасына аудан әкімдерімен бірлесіп пайдаланылмай жатқан жерді экономикалық айналымға қосуды тапсырамын. Жерді мақсатты пайдаланбайтындардан, онда тиісті жұмыс жүргізбейтіндерден бұл жер қайтып алынады.
Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына жердің тиімді пайдаланылуына бақылауды күшейтуді жүктеймін.
Жермен, ең алдымен, жаңа технологияны енгізген және еңбек өнімділігін үздіксіз арттырған адамдар ғана жұмыс істеуі тиіс.
Төртінші бағыт – әлеуметтік модернизацияның жаңа кезеңі.
Мемлекеттің әлеуметтік саясатында адами капиталды дамыту сөзсіз басымдық ала бермек. Ел Президенті білім сапасын көтеруде бірқатар кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл ең алдымен кәсіби бағдарланған жұмыс, білікті педагог кадрлары, отбасы институты мен балалықты қолдау, инклюзивті қоғам және балаларды қорғау болып табылады.
Бұл бағытта облыста жүйелі және тыңғылықты жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, атқарылған кәсіби бағдарламалық жұмыстардың нәтижесінде, 11 сынып түлектерінің 95 пайызы қазірдің өзінде өздерінің болашақ мамандықтарын таңдап, жоғары оқу орындары мен колледждерде сабақтарын бастады, ал, 9 сыныпты бітіргендердің 50 пайыздайы біздің колледждерімізде білім алуға шешім қабылдады.
«Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы аясында 16 мың студент мемлекеттік тапсырыспен қамтылды. Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасымен соңғы үш жылда колледждерге қосымша 3 мыңнан астам оқушы қабылданды. Осының барлығы мамандығы жоқ жастар санын ең төменгі деңгейге дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары аудандар мен қалалардың әкімдерімен бірлесіп, кәсіби оқудың сапасы және колледж түлектерін жұмысқа орналастыру бағытындағы мақсатты қызметті жалғастыруы қажет.

Мемлекет басшысы осы саладағы өзекті мәселелерге қатысты орта білім беруде қалалар мен ауылдар оқушыларының арасындағы алшақтықты атап көрсетті. Облыста жалпы білім беретін мектептердің 70 пайыздайы (557 мектептің 380-і) шағын комплектілі болып табылады.
Біздің міндетіміз – Назарбаев зияткерлік мектептері стандарттарындағы 20 ресурстық орталықтар үлгісімен шағын комплектілі мектептердің интерактивті білім алуын қамтамасыз ету. Аталған алшақтықты қысқартуға оқу үрдісінде білім берудің заманауи тәсілдерін, мұның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияны белсенді түрде енгізу үлкен мүмкіндік береді.
Бұл үшін мектептерді жетілдірілген компьютерлермен және мультимедиялық техникамен қамтамасыз етуді жалғастыруымыз қажет. Облыс мектептеріне қазіргі таңда 370-тен астам мультимедиялық жабдықтар жеткізілді, бірақ, мектеп компьютерлерінің 30 пайызын жаңарту қажет.
Білім басқармасына, аудандар мен қалалардың әкімдіктеріне 2020 жылы қолданыстағы компьютерлік техниканы жаңартуды тапсырамын. Білім берудегі алшақтық ауылдарда білікті кадрлардың жеткіліксіздігінен де көрініс табады (жыл сайын білім беру ұйымдарына 400-ден астам жас педагог келуде).
Ауылдық жерлерде мұғалімдердің жеткіліксіздігін және олардың ауылдық жерде тұрақтану мәселесін шешу мақсатында, біз жоғары педагогикалық білім алу үшін облыстық бюджет қаржысы есебінен гранттар бөлу тәжірибесін жалғастыратын боламыз. Бүгінгі күні облыс әкімінің грантымен 200 адам оқып жүрсе, биыл тағы да 100 грант бөлінді.
Соңғы үш жылда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен 873 адам өтемақы алды (139 миллион теңге), сондай-ақ, 800 мұғалімге 2,5 миллиард теңгенің бюджеттік несие қаржысы берілді. Аудандар әкімдері жас кадрлардың әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етілуін тұрақты түрде бақылап отыруы талап етіледі. Жергілікті мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қосымша әлеуметтік қолдау мүмкіндіктерін қолдану және бұл іске шаруашылық нысандарын белсенді түрде тарту қажет. Дарынды балаларды қолдау мақсатында әр аудандағы озық мектептер мен тиісті сыныптар базасында гимназиялар, лицейлер ашу мәселесі қарастырылсын.
Бүгінгі күні облыста бұлардың саны 19 және олар қалалар мен жекелеген аудан орталықтарында жұмыс істеуде. Мұндай білім ордаларын ашу жекелеген пәндерді тереңдете оқыту үшін жаңа бағдарламаларды белсенді түрде енгізуге және оқушылардың үлкен тобын ерте кәсіби бағдарлануға мүмкіндік береді. Жолдауда отбасы институты мен балаларды қолдауға ерекше екпін түсірілді.
Облыста бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сандықтау ауданында ауыр тұрмыстық жағдайға тап болғандар үшін балаларды қолдау Орталығы құрылды (75 орындық). Дәл осындай Орталық Щучинск қаласында жұмыс істеуде (25 орындық). Біз 2025 жылға дейін Ақкөл ауданында орналасқан соңғы балалар үйін жабу міндетін қойып отырмыз. Білім алудағы ерекше қабілеттегі балалар жергілікті атқарушы органдардың айрықша назары мен қолдауында болуы тиіс.
Біз инклюзивті білімді белсенді дамытып, мектептерде кеңінен қолданылуын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл орайда психологиялық-медициналық-педагогтық кеңестің және психологтық-педогогтық коррекция кабинеттерінің рөлін күшейтуіміз қажет. Биылғы жылы мұндай орындардың ашылуын аяқтадық.
Президент балаларды қорғау және тұрмыстық қысым көрсетуге тосқауыл қою жұмыстың басым сипатын алатындығын атап көрсетті. Біздің облыста былтырғы жылы балаларға қатысты қысым көрсету қылмысының тіркелуі 33 пайызға өсті. Мұндай балалардың 60 пайыздан астамы тұрмыстық қолайсыз және толық емес отбасыларында тәрбиеленген. Бұл өте алаңдатарлық цифрлар мен деректер.
Полиция департаментіне кәмелетке толмаған балалар зорлығын алдын алу жұмыстарын жандандыруды, білім басқармасымен бірлесе отырып, кәмелетке толмаған балаларды зорлау фактілерін алдын алу мақсатында оқушылар мен ата-аналардың құқықтық сауаттылықтарын арттыру жұмыстарын жандандыруды тапсырамын.
Медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру халықтың әл-ауқатын көтерудің басты факторларының бірі болып табылады. Ағымдағы жылы денсаулық сақтау жүйесіне бөлінген қаражат көлемі 6,6 миллиард теңгеге немесе 20 пайызға өсті (42,9 миллиард теңгеге дейін өсті, 2018 жылы 36,3 миллиард теңге бөлінген). Медициналық қызметтердің сапасын жоғарылату үшін 13 емдеу ұйымдары оңтайландырылды, бұл кадр мен материалдық ресурстарды жұмылдыруға мүмкіндік берді.
Жыл сайын сала инфрақұрылымын дамып келеді, оларды жарақтандыру жұмыстары да жандандырылуда. Биыл денсаулық сақтаудың 5 жаңа нысанын (онкологиялық емхана, 3 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық пункт) салуға қаражат бөлінді, одан бөлек тағы да жедел медициналық көмек көрсетудің 12 қосалқы станциясы ашылды.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Көкшетау қаласының көпбейінді ауруханасына компьютерлік томография (381,6 миллион теңге) және жедел жәрдемнің 30 жылжымалы кешені (790 миллион теңге) сатып алынды, олар облыстың барлық өңірлеріне үлестірілді. Осының барлығы халық денсаулығына зор септігін тигізіп, бұл көрсеткіштің өсуіне оң серпін берді («Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының 22 көрсеткішінің ішінде тек 2 көрсеткішке қол жеткізілген жоқ, олар: жалпы өлім мен ана өлімі). Сонымен бірге, үстіміздегі жылы бала өлімі жоғары болды (26 пайызға өсіп отыр).
Бұл көрсеткіштерді жақсарту мақсатында, денсаулық сақтау басқармасына төмендегілерді іске асыруды тапсырамын:
-ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімді болуына ерекше назар аударылсын;
-ана мен баланы қорғау, жастардың репродуктивті денсаулықтарын нығайту бойынша атқарылатын профилактикалық іс шараларды күшейту негізгі міндеттердің қатарында қалады;
-дене шынықтыру және спорт басқармасымен, аудан және қала әкімдерімен бірлесе отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене тәрбиесі мен сауықтыру нысандары желісін арттыру арқылы халықты бұқаралық спорт түрлеріне жұмылдыру жұмыстары жалғастырылсын.
Президент өз Жолдауында халықты әлеуметтік қолдау жүйесін бұдан әрі дамытуға ерекше назарын аударып отыр. Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін қолдан келгенше барлық шараларды қолданып жатыр. Біздің облысымызда атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 3 есе (2,7 мыңнан 8,3 мың отбасыға дейін) өссе, төленген аталмыш мемлекеттік көмектің көлемі 9,5 есе (400 миллионнан 3,8 миллиард теңгеге дейін) артты. Ағымдағы жылы әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасыны қолдауға қарастырылған қаражаттың жалпы көлемі шамамен 7 миллиард теңге (6,9 миллиард теңге) болып табылады.
Сонымен бірге, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Ақмола облысы бойынша республикалық мәліметтер базасынан әлеуметтік көмек алу үшін өздерінің табыстарын жасырған 2 мыңнан астам, дәлірек айтқанда, 2074 отбасының тізімін шығарып алды. Аталмыш министрлік тізімнен тыс тағы да 64 отбасыны анықтады (барлығы 2138 отбасы). Бүгінгі күні бюджетке өз еркімен 5 миллион теңге (30 өтініш беруші), сот органдары арқылы 14 миллион теңге (56 өтініш беруші) қайтарылатын болады, 1,5 мыңнан астам отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылды. Әлеуметтік көмек тек қана әлеуметтік аз қамтылған және мұқтаж отбасыға көрсетілуі тиіс, бұл көмек халық арасында арқа сүйеушілік және азаматтардың өздерінің қиындықтарын мемлекетке арту кейпін туындатпауы тиіс. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысына аудан және қала әкімдерімен бірлесе отырып: атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу жөніндегі учаскелік комиссия құрамын күшейтуді; заңсыз төленген атаулы әлеуметтік көмек көлемін бюджетке қайтару жұмыстарын қамтамасыз етуді және бұл мәселені жеке бақылауға алуды; арқа сүйеушілікке, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде өздерінің табыстарын жасыруға жол бермеуге ерекше назар аударып, халық арасында жүргізілетін ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жандандыруды; салық органдарымен бірлесе отырып, атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген үміткерлердің ішінде міндетті зейнетақы аударымдары жоқ жеке кәсіпкерлердің, сондай-ақ өздігінен жұмыспен қамтылғандардың табыстары туралы мәліметтерді тексеру жұмыстарын жүзеге асыруды тапсырамын.
Бесінші бағыт. Қуатты аймақ – қуатты ел.
Мемлекеттік басшысы өзінің Жолдауында аймақтық дамудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Қуатты Қазақстан ең алдымен қуатты аймақтан туындайды.
Жергілікті атқарушы органдардың жұмысының тиімділігін арттыру үшін қанатқақты жоба түрінде тұрғындардың жұмысты бағалау жүйесі енгізілетін болады. Бюджетаралық жүйеде де реформа жүргізілмек.
Келесі жылдан бастап шағын және орта бизнестен түскен қосымша салық жергілікті аймақтардың еншісіне берілетін болады. Бұның өзі барлық деңгейдегі әкімдіктердің жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін толтыруға ынталандыру тетігі болмақ.
Басым бағыттардың бірі тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру, бұл, әсіресе, тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз топтарына қатысты. Мемлекет басшысы алдағы үш жылдың ішінде кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету міндетін қойып отыр.
Қазіргі күні біздің облысымызда осындай 950 отбасы бар. Биылғы жылы біз 176 көп балалы отбасын баспанамен қамту мәселесін шешетін боламыз (әлі де 770 отбасы қалады). Келесі жылдан бастап жыл сайын біз кем дегенде 260 аз қамтылған көп балалы отбастарын пәтермен қамтамасыз етуіміз қажет.
Бұл бағыттағы жұмыстар облысымызда «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде және меценаттар тарту арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, құрылыс басқармасы жеке меншік иелерінің үй салуы үшін қажетті инфрақұрылымдар құру жұмыстарын белсенді жүргізуі қажет. Биылғы жылы жеке меншік үй құрылысы үшін инженерлік желі мен сумен және электр қуатымен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 1,9 миллиард теңге қаржы бөлінді.
Бұған қоса, тұрғын үй қорын сақтау шеңберінде тұрғын үйлерді қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары үшін бюджеттік кредит түрінде Мемлекет басшысы аймақтарға екі жылдың ішінде 30 миллиард теңге қаржы бөліп отыр.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына аудан, қала әкімдерімен бірлесе отырып, биылғы жылдың соңына дейін жөндеуді қажет ететін үйлерді анықтау үшін көп пәтерлі тұрғын үйлерді мүліктеу жұмыстарын жүргізуді тапсырамын.
Қазіргі күні тұрғындарды сапалы ауыз сумен, көлік инфрақұрылымымен, табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып қалып отыр. Осы бағытта алдағы үш жылдың ішінде мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінетін болады. Біздің міндетіміз – осы қаржының тиімді игерілуін қамтамасыз ету.
Осыған байланысты мынаны тапсырамын:
-Целиноград және Аршалы аудандарының әкімдіктері биылғы жылдың 1 қазанына дейін нысандарды қаржыландыру үшін орталық мемлекеттік органдарға ұсынуға қажетті сарапшылардың сараптамасы алынған сметалық-жобалық құжаттамалар дайындалсын;
-энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен қала, аудан әкімдіктері 2024 жылға дейін елді мекендерді орталықтанған ауыз сумен қамтамасыз етуді 100 пайызға жеткізуі тиіс;
-жолаушы транспорты және автокөлік жолдары басқармасы, аудан, қала әкімдіктері «Жол активтері сапасы Ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын тұрақты тарта отырып, жол құрылысы жұмыстарының барысын қатаң қадағалауға алсын.
Құрметті актив жиналысына қатысушылар!
Бүгінгі күні алдымызда Мемлекет басшысының Жолдауын өңіріміздің әрбір тұрғынына жеткізу және алға қойған тапсырмаларды орындау міндеті тұр. Осыған орай, ішкі саясат басқармасы жұмыс жоспарын жасауы керек:
-Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіретін ақпараттық-насихат жұмыстарының жоспары;
-ақпараттық-насихат топтарының құрамы мен өңірлерге шығу кестесі жасалуы қажет;
-Жолдаудың басым бағыттары туралы тұрғындардың қолдауы мен қоғамдық әлеуметтік қабылдауын анықтауды ұйымдастыру.
Облыс әкімінің аппараты «Nur Otan» партиясын, қоғамдық кеңесті тарта отырып, Президент Жолдауының негізгі бағыттарын жүзеге асыру барысын қадағаласын.
Бірлескен іс-әрекетіміз арқылы алдымызға қойған міндеттерді орындап шығатынымызға сенемін. Бізден барлық бағытта жұдырықтай жұмылып бірлесе жұмыс істеу талап етіледі.
Әрқайсымыз, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы – ортақ Отанымыздың гүлденуі мен халықтың әл-ауқатының артуына өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Назарларыңызға рахмет!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар