Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сүт өнімдерінің молшылығын жасау өз қолымызда - АРҚА АЖАРЫ

Сүт өнімдерінің молшылығын жасау өз қолымызда

Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіқалықовтың төрағалығымен Бурабай ауданының Атамекен ауылында тауарлы-сүт фермаларын

құру мәселелеріне арналған мәжіліс өтіп, онда осы салада қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың жолдары талқыланды. Мәжіліс жұмысына аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудандық бөлімдерінің басшылары және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.

Мәжіліске қатысушылар алдымен Атамекен ауылындағы «Б.Д.Әбдірахманов» жеке кәсіпкерлігінің тауарлы-сүт фермасының жұмысымен танысты. Кез-келген шаруашылықтың мұңтаздай тап-таза болып жайнап тұрған қорасынан-ақ басшысының қандай ұқыпты адам екенін байқауға болады. Бұл шаруашылық басшысы Болат Әбдірахмановты да өз ісіне мығым іскер азамат екенін аңғардық. Жастайынан ата кәсіппен айналысып келе жатқан оның дәстүрлі шаруашылыққа деген қызығушылығы мол. Соның арқасында ол бүгінгі күні мемлекеттің қолдауымен сүт өндіру бағыттағындағы мал шаруашылығын дамытуда.
Болаттың айтуынша, ол «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 500 бас симментал сиырларын сатып алған. Ал, мемлекеттен алған несиесінің бір бөлігіне мал азығын дайындауға қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға жұмсаған. Қалғанына қазіргі замаңға сай жабдықталған бірнеше мал қорасын салған.
– Қазіргі уақытта сүтті бағыттағы 500 бас сиырым бар. Дайын сүтімізді «Milk Projekt» сүт зауытына жеткіземіз. Олармен сүт жеткізу жөнінде бекіткен келісімшарттарымыз бар. Жыл сайын сүт тапсыру көлемін де арттырып келеміз. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруашылығымыз өз деңгейінде дамып жатыр. Ендігі жоспарым – мал басын көбейте түсу, – дейді шаруашылық басшысы Болат Әбдірахманов.
Осы ретте, Ғалымжан Әбдіқалықов тауарлы-сүт фермасын ашуда мемлекеттің бағдарламаның тиімді екенін атап өтті.
– Бүгінгі мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау көмек жеткілікті. Соны дұрыс пайдаланып қалуымыз керек. Жалпы, етті мал шаруашылығынан гөрі, сүтті мал шаруашылығын қолға алған тиімді», дейді облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіқалықов.
Сонымен қатар, ол облыстағы кейбір сүт зауыттарының толық қуатына шықпай отырғанын айтып, тауарлы-сүт фермасын ашқан кәсіпкер сүт сатып алатын тұтынушы іздеп бас қатырмайтынын еске салды. Осыған орай, кәсіпкердің табысы да жоғары болады. Табыс көп болған соң жаңа техника алып, машина-трактор паркін қазіргі заманғы өнімділігі жоғары техникалармен жаңартуға да мүмкіндігі бар. Оған бүгінгі күні бас қосып отырған «Б.Д.Әбдірахманов» жеке кәсіпкерлігінің базасының аумағында тұрған қазіргі замаңғы егіс кешендерінен-ақ аңғаруға болады.
Жиналғандарға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалының директоры Абзал Кенжеғалиев бұл несиенің пайыздық төлемінің тиімді әрі мерзімінің қолайлы екенін және бағдарламаның өзіндік талаптары бар екенін айтты. Біріншіден, кәсіпкер ауыл тұрғыны болу керек. Екіншіден, жобаны іске асыратын қора-қопсысы болуы шарт. Несие алған адам ісін дөңгелеткенше, яғни, екі жылға дейін оны төлеуден босатылады.
– Қор ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар несие өнімдерін іске асырады. Мысалы, «Сыбаға» бағдарламасы етті бағыттағы мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарын қолдауға арналған. Бағдарламаның мақсаты – ірі қара мен ұсақ мал етін өндіру бойынша саладағы отандық экспорттың әлеуетін арттыру. Жылдық сыйақы мөлшері 4 пайыз болатын несие 15 жылға 70 миллион теңгеге дейін беріледі. Сыйақы мен негізгі қарызды төлеу бойынша 2 жылға дейінгі жеңілдетілген мерзім қарастырылған, – деп түсіндірді Абзал Кенжеғалиев.

Бұдан әрі, жиналғандар Атамекен орта мектебінде тауарлы-сүт фермасын ашу мәселесі кеңінен талқыланған мәжіліске қатысты. Мәжілісте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсовтың мал шаруашылығын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Басқарма басшысы атап өткендей облыста сүт өндірісімен айналысатын барлығы 27 шаруашылық қана бар. Бұл әрине, астаналық облыс үшін аздық етеді. Тіпті, кейбір аудандарда тауарлы-сүт фермасын ашуға асығар емес.
Алайда, жиында кәсіпкерлерде өз пікірлерін білдіріп қалды. Олардың айтуынша, сүт өндірісін дамыту үшін көп қаражат қажет. Оның үстіне бұл сала тынымсыз көп еңбекті қажет етеді. Тауқыметі де аз емес. Мәселен, өнімділігі жоғары, ұзақ жыл қызмет ететін сүт сауу аппаратуралары, мұздатқыш, мал қорасы, ең бастысы, мал азығының мықты базасы болуы қажет. Мал азығын дайындау үшін жер телімі қажет. Егер ондай болмаса, мемлекет тарапынан қолдау көмекке қолжеткізу қиынға түседі. Тіпті, көмек алып, тауарлы-сүт фермасын ашқанның өзінде бірден табыс тауып, пайдаға кенеліп кету қиын. Жоғарыда аталған қажеттіліктердің бәрін жасаған адам ғана мол пайдаға кенелмек.
Мәжілісте айтылғандай, әкімдіктегілер қайткен күнде де өңірде тауарлы-сүт фермасын ашуды көздейді. Өйткені, осы күні мемлекеттік бағдарламалардың барлық тетіктері елде мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Елдегі аса ірі мегаполис Алматы мен халық саны күн санап өсіп келе жатқан Нұр-Сұлтан қалаларында сүтке деген сұраныс арта түсуде. Одан қалды, кедендік одақ бар. Қазақстандық сүтті тұтыну рыногының Кедендік Одақпен шектелмейтіні де анық. Өйткені, соңғы жылдары миллиардтан астам тұрғыны бар көрші Қытай елінде де ауыл шаруашылығы табиғи өнімдеріне сұраныс айқын байқалады.
Ақмола облысының жоғарыда атап көрсетілген маңызды «азық-түлік белдеуінің» нақ өзінде орналасқандықтан қазір мұнда көпсалалы етті мал тұқымын өсіретін кешендер салынып, шетелден етті бағыттағы ірі қара сатып алынуда. Ендігі кезекте сүт өндірісін дамыту басты мәселе болып отыр.
Мәжілісті қорытындылаған Ғалымжан Әбдіқалықов аудан әкімдерінің орынбасарлары мен аудандық бөлім басшыларына мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланып, тауарлы-сүт фермасын ашуды тапсырды. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарға қатаң сұрау болатынын ескертті.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар