Салық Кодексіндегі өзгерістерде сәйкессіздік байқалады

Келесі 2020 жылдың қаңтарынан бастап салық төлеушілер оңайлатылған декларация негізінде патент арқылы салық төлеуден арнайы салық режіміне міндетті түрде көшуді қарастыратын салық Кодексінің жаңа нормасы күшіне енеді. Бұл сауда саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты болмақ.

«Атамекен» Ұлттық Палатасы облыстық филиалында кәсіпкерлердің қатысуымен осы мәселеге қатысты қызу талқылау өткізілді. Пікір алаңында сөз алғандар бұл норма экономиканың маңызды саласымен айналысушылар құқығына елеулі түрде нұқсан келтіретіндігін атап көрсетті. Ендігі жерде, жаңа жүйе шеңберінде, атап айтқанда, патент арқылы қызмет көрсетуді жалдамалы адамдар еңбегін қолданбайтын және жеке кәсіп үлгісімен ғана айналысатын, мәселен, сылақшы, бояушы, ағаш шеберлігі, автокөлікпен жолаушы және жүк тасымалы, жылжымайтын мүлік пен автокөлікті жалға беру және басқа қызметтерді көрсетуші кәсіпкерлер ғана пайдалана алады.
Бұған қоса, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап тауарларды сату деректерді міндетті түрде онлайн-қабылдау қызметіндегі бақылау-касса машиналарын қолдану арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік кіріс Комитетінің бағалауынша, аталған нормалардың енгізілуі салықты әкімшілдендіру ісін жақсарта түсуі тиіс. Әйткенмен, бұл пікірмен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік Палатасы келісе бермейді. Өйткені, кәсіпкердің таза пайдасы қосымша шығындар: банктің есеп шотын ашу мен қызмет көрсету, POS-терминалды жалға алу, интнернет пен сервистік қызмет ақысын төлеу арқылы қысқарады.
«Жоғарыда аталғандардың барлығы бизнестің адал жүргізілуіне күмән келтіреді, яғни, көлеңкелі экономиканың өрістеуіне мүмкіндік туғызады. Оның үстіне, сауда саласында есеп айырысу көбінесе нақты ақшамен жүргізілетіндіктен, мемлекеттің кіріс көзі елеулі түрде зардап шегеді. Оңайлатылған декларацияның патенттен айырмашылығы – салық ствакасында. Қазір бұл 2 пайызды құраса, арнайы салық режімінде 3 пайызға жетеді. Сондай-ақ, жеке кіріс салығынан алынатын қосымша 1,5 пайызға, әлеуметтік салықтан да 1,5 пайыздық деңгейде өсім алынады», – деді Ақмола облыстық кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Шыңғыс Темір.
Өз кезегінде, бақылау-кассалық аппаратты сатып алған кәсіпкер өзінің жеке кіріс салығын шығындардың 50 пайыздық көлемінде азайта алады, бірақ бұл сома 60 мың теңгеден аспауы тиіс. Ал, үш компонентті интеграцияланған жүйені қолданушы екі жылдың ішінде жылдық салық көлемін 60 мың теңгеге қысқарта алады.
Сонымен бірге, облыстық салық департаментінің деректері бо-
йынша, бақылау-касса аппаратын қолданушы кәсіпкерлер тарапынан сатылған тауарлар, жұмыстар мен қызметтерге қатысты чектердің дұрыс тіркелуін жасыру фактілері кездеседі екен. Мәселен, қаңтар айында нөлдік көрсеткішпен 1302 чек, ақпан айында – 2082, наурызда – 2176 чек болған. Жалпы, 3 ай аралығында салық төлеушілер саудадан түскен кірістің чекте көрсетілген күндік сомасы 1 және 1000 теңге аралығында болып отыр.
Бұл мәселенің салдары елеулі болмақ, себебі, көрсетілген деректердің шындыққа жанаспауы түпкілікті хронометрлік тексеріске негіз болуы мүмкін.
Ақмола облыстық кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Кеңесі мәжілісінің қорытындысымен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер Палатасына, салық Кодексінің патентпен сауда жасау нормасын оңайлатылған декларация жүйесіне көшіруді тоқтату жөнінде ұсыныс жолдауға шешім қабылданды. Осыған сәйкес, мемлекеттік кіріс Департаментіне Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 284-бабы бойынша салық төлеушілерге ескерту жасау институтын қолдану ұсынылды.
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар