Еліміздің тұрақты дамуының басты көрсеткіштері – экономикалық және саяси жүйенің жаңғыруы мен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру. Қазіргі сәтте ел алдында тұрған әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру кәсіподақтардың басты міндеті болып табылады. Себебі, біз азаматтық қоғамның негізгі тіректерінің біріміз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жүйесінде кәсіподақтардың рөлі маңызды екенін атап көрсете келе, Кәсіподақтар федерациясы қазақстандықтарды Төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа шарттарына әлеуметтік бейімдеу үшін қозғаушы күш болуы тиістігін атап өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік бастамалары кәсіподақтардың басты құндылықтарымен үйлесім табады. Осы орайда, Мемлекет басшысының ел халқына арнаған биылғы Жолдауында атап көрсетілген реформалар да кәсіподақ қызметін одан әрі жаңғырту және еңбек адамын қорғау тиімділігін арттыру үшін жаңа серпін беруі тиіс. Өйткені, ол осы тұрғыдағы міндеттерді іске асырудың тағы бір айқын бағыты.
Бүгінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының (ҚРКФ) кәсіподақтар қызметі «ҚР Кәсіподақтар федерациясының жаңғырту жол картасын» жүзеге асыруға негізделген. Бұл құжатта ұжымдық шарттар санын арттыру, еңбек дауларын шешу, еңбек қатынастарын заңдастыру, жұмыс орындарын сақтау, қауіпсіз еңбек шарттарын құру сынды өзекті мәселелерді шешу міндеті негізге алынған. Кәсіподақтар қызметіндегі басым бағыттардың қатарында әлеуметтік әріптестік механизмдерін жетілдіру айрықша рөлге ие. Кәсіподақ ұйымдарының жүйелі жұмысының арқасында мемлекеттік органдар, кәсіпорындар басшылары мен барлық деңгейдегі кәсіподақ ұйымдары арасында өзара байланыс жүйесінің тұрақты қызметін қамтамасыз етуге қол жеткізілді.
Үкімет, ҚРКФ және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісім, сонымен қатар, 21 салалық және 16 аумақтық келісімдер кәсіподақтардың үшжақты комиссия, дағдарысқа қарсы штаб, қоғамдық және үйлестіру кеңестерінің отырысына кеңінен қатысуына мүмкіндік берді. Әлеуметтік әріптестермен өзара ынтымақтастықтың айқын дәлелі Кәсіподақтар федерациясына мүше салалық кәсіподақтар санының 18-ден 23-ке артуы болып табылады. Өткен кезеңде 40 мың еңбеккерді қамтитын 500-ге жуық бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылды.
Кәсіподақтардың кәсіпорындар мен ұйымдардағы белсенді жұмысының нәтижесінде ұжымдық келісім-шарттардың саны биыл 2017 жылмен салыстырғанда 16,1 пайызға (77 750-ден 92 645-ке), ал, 2016 жылмен салыстырғанда 24,3 пайызға (2016 жылы – 70 142) артты. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жалпы санымен алғанда ұжымдық келісім-шарттар үлесі – 98 пайыз.
Әлеуметтік әріптестік аясында мүше ұйымдар тиісті салаларда кәсіподақ ұйымдарының қызметін біріктіре алды. Кәсіподақтар медиация және дүниежүзілік келісім арқылы еңбек дауларын кикілжіңсіз шешу жүйесін қалыптастыруға ерекше назар аударуда. Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу мақсатында 2018 жылы ҚРКФ, Еңбек министрлігі және «Атамекен» ҰКП арасында Біріккен іс-қимылдар жоспарына (алгоритміне) қол қойылды. Кәсіподақтар федерациясының ұсыныстары ескеріле отырып, ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 29 мамырдағы Қаулысымен әлеуметтік шиеленісушіліктің алдын алу және әлеуметтік-еңбек дауларын шешу бойынша кешенді жоспар бекітілді.
Еңбек даулары туындауы мүмкін жұмыс орындарына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Біз мемлекеттік органдардың назарын «кикілжің алаңдарына», проблемалық кәсіпорындарға аударамыз. Осы орайда әлеуметтік шиеленісушілікке жол бермеу үшін әлеуметтік әріптестермен бірлесе шаралар қолдану қажет.
Осындай байланыстың арқасында «Оil Service Company» компаниясында (Маңғыстау облысы), Тобыл бекетінде (Қостанай облысы), «Мұнайфилдсервис» (Маңғыстау облысы), «СНПС Ақтөбемұнайгаз» компаниясында және тағы басқаларында еңбек даулары бастапқы кезінде ауыздықталды. Біздің кәсіподақтар қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың еңбекақы жүйесінде кемсітуге жол берілмеуі үшін елеулі жұмыстар атқаруда. Еңбек ұжымдары тарапынан ереуілді жағдайлардың алдын алу мақсатында шілде айында Ақтөбе облысында кәсіподақтардың, мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің қатысуымен облыстағы ірі мұнай-газ кәсіпорындарындағы әлеуметтік-саяси жағдайларға қатысты мәселелер қаралды.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Мұғалжар ауданының мұнайлы Жаңажол ауылында жер қойнауын пайдаланушылармен және Ақтөбе облысының басшылығымен өткізілген отырыста еңбектегі кемсітушілік фактілерін жою және азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл отырысқа кәсіподақтар тарапынан Федерация төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев қатысты. Осы отырыс аясында кәсіпорын басшыларына қазақстандық және шетелдік жұмысшылар арасында ұқсас қызметтерде еңбекақы бойынша кемсіту фактілерін болдырмау туралы ұсыныстар берілді.
Кәсіподақтардың басты міндеттерінің бірі – еңбек дауларының алдын алу және шешу. Оларды сотқа дейінгі тәртіпте келісу рәсімдері арқылы шешу үшін Жоғарғы сот және Кәсіподақтар федерациясы арасында тұңғыш рет өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында барлық аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері арасында 17 татуласу орталықтары құрылды. 2018 жылғы наурыздан бастап Татуласу орталықтарында 3 мыңнан аса медиациялық рәсімдер өткізілді, оның еңбек дауларына қатысты 1590-ы оң шешімін тапты. Бүгінгі таңда жұмыс орындарын сақтау бойынша 126 мыңнан аса меморандум бекітілді, ол еліміз бойынша 2 миллион 292 мың еңбеккерді қамтыды.
Өткен кезеңде Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыру мақсатында ең төменгі жалақы көлемі 1,5 есеге, яғни, 28 000-нан 42 500 теңгеге артты. Бұл шара түрлі меншіктегі кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамға тікелей қатысты. Кәсіподақтар жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын арттыруға жүргізілген мониторинг бойынша республикалық және аймақтық штабтар жұмысына белсенді қатысуда. Олар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ірі компаниялармен жалақысы төмен еңбеккерлердің еңбекақысын арттыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп келеді. 2019 жылғы 1 тамызда республика бойынша 199,6 мың жұмыс беруші 1,1 миллион еңбеккердің жалақысын арттырды, олардың 1916 мыңы ірі, 2916 мыңы орта және 194 мыңы шағын кәсіпкерлік субъектілері. Кәсіподақтардың бастамасымен базалық лауазымдық еңбекақыны анықтау әдістемесін қайта қарастыру, ең төменгі еңбекақының еңбек төлеміне ықпалы және барлық санаттағы жұмысшылар үшін тарифтік мөлшерлеме көлемін қайта қарау мәселелері көтерілді.
Қазіргі таңда салалық келісімдерге, ұжымдық шарттарға тарифтік мөлшерлеме көлемдері мен разрядаралық коэффиценттерді өзгертуге қатысты өзгерістер мен қосымшалар енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде қазіргі және мерзімі өтіп кеткен қарыз 37 кәсіпорындағы 1540 жұмысшы алдында 501,7 миллион теңгені құрайды. Бізге Қазақстанның әр кәсіпорнында әлеуметтік тұрақтылықты қолдау механизмдері мен стандарттарын әзірлеу қажет. Сонымен қатар, біз 2020-2025 жылдарға арналған «Лайықты еңбек – адам әл-ауқаты мен мемлекеттік даму негізі» ұлттық бағдарламасын әзірлеудің уақыты келді деп есептейміз. Бағдарламаның негізгі мақсаты Қазақстанда халықаралық еңбек ұйымдарының еңбек тұжырымдамасында қалыптасқан лайықты еңбек стандарттарын насихаттау болып табылады.
Кәсіподақтар федерациясы 2018 жылды «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы» деп жариялаған болатын. Барлық өңірлерде кәсіподақтардың бастамасымен «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы бекітіліп, жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, Кәсіподақтар федерациясы заңнаманы әрі қарай да жетілдіру бойынша жұмыс тобының жұмысына қатыса отырып, еңбек заңнамасына өндірісте еңбекті қорғауды басқару жүйесінің міндеттілігі туралы, сонымен қатар, жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды жақсарту жөніндегі ұсыныстарын орындамағаны үшін жауапты болуы туралы нормаларды ұсынады.
Кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөнінде 14792 өндірістік кеңес құрылған. Олардың 79,4 пайызы кәсіподақтардың бастамасымен құрылды. Кәсіподақтар тарапынан 18 мың техникалық инспекторлар бұл мәселеге қоғамдық бақылау жасайды. 2018 жылы еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар 70 мыңнан аса тексеріс өткізіп, еңбекті қорғау және қоршаған ортаға қатысты 126 мың заң бұзушылықты анықтады. Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп тудыратын жұмыстарды тоқтата тұру туралы 322 талап қойылды.
«Атамекен» ҰКП және Қазақстанның жұмыс берушілер конфедерациясымен бірге 2018-2019 жылдарға арналған «Еңбекті қорғау саласында алдын-алу мәдениетін бірге арттырамыз» республикалық акциясы іске қосылды. Бұл, өз кезегінде, жұмыс берушілердің қоғамдық бақылау институтын дамытуға және жұмысшылардың пайдалы және қауіпсіз еңбек шарттарын құруға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді.
Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әділдік қағидаларын насихаттай отырып, жұмысшылардың әлеуметтік шарттарын жақсарту және олардың мәртебесін арттыру бойынша бірқатар іс-шараларды қолға алды. Мәселен, 2019 жылдың қаңтарынан бастап «SENIM» салалық кәсіподағымен бірлесе отырып, облыстық және аудандық медициналық ұйымдардағы жас мамандарды қолдау мақсатында 500 000 теңгелік сертификаттар бекітілді.
Қазіргі Еңбек кодексі еңбеккерлер тарапынан көптеген келіспеушіліктер туындататынын атап өткен жөн. Сондықтан да, жаңа Еңбек кодексін әзірлеу қажет. Жаңа Еңбек кодексінде жұмысшылардың бұрынғы кепілдері мен құқықтарын қайтару, жүйелі әлеуметтік әріптестікті күшейту, кәсіподақтардың заңнамалық беделін арттыру және жұмысшылардың мүдделерін кемсітетін нормаларды алып тастау қажет.
2018 жылы кәсіподақтардың бастамасымен ҚРКФ төрағасы алғаш рет Үкімет жанындағы заң жобалау қызметі бойынша комиссия құрамына кірді. Кәсіподақтар федерациясының жас белсенділерін қолдау мақсатында Жамбыл облысында еңбекші жастар форумы, Солтүстік Қазақстан облысында ауылдың еңбекші жастарының республикалық форумы, Ақмола облысында жас мемлекеттік қызметшілер форумы өтті. Сонымен қатар, кәсіподақтарды алаңдататын тағы бір мәселе – бұл жастарды жұмыспен қамту мәселесі. Еліміздегі қазіргі жағдай бойынша жастар арасында жұмыссыздықтың жоғары деңгейін көруге болады. Бұл ретте, жұмыссыздық кезеңдерінің ұзақтығы ерекше алаңдаушылық тудырады. Жастарды тиімді жұмыспен қамту мақсатында кәсіподақтар еңбек нарығында жастарды қорғаудың жаңа механизмдері мен оларды жұмысқа тартуға, соның ішінде жас мамандарға алғашқы жұмыс орындарын ұсынуға экономикалық ынталандыру шараларын заңнамалық тұрғыда бекітуді ұсынады.
Кәсіподақтар федерациясының ынтымақтастықты нығайту бойынша қызметінің маңызды бағыттарының бірі – халықаралық әріптестік. Есептік кезең ішінде Кәсіподақтар федерациясының өкілдері кәсіподақ қызметіне қатысты 50 халықаралық іс-шараларға, соның ішінде еңбек саласы бойынша үш маңызды халықаралық шараға қатысты. Азаматтарды емдеу және еңбек демалысы кезінде қызмет көрсетуді жаңа жоғары сапалық деңгейге көтеру бағытында да кәсіподақтар үлкен жұмыстар атқарды. Бірінші кезекте, қаржы жылдар бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген «Щучье» шипажайы, «Алакөл» және «Ақмола турист» турбазаларына бағытталды.
2018 жылғы қарашада ҚРКФ жанында «Қазақстандық кәсіподақтардың спорттық-сауықтыру қоғамы» қоғамдық қоры құрылды. Оның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты қолдау және дамыту. Соның бір нәтижесі ретінде еңбеккерлердің алғашқы республикалық саларалық спартакидасы өткізілді. Спартакиадаға 12 республикалық салалық кәсіподақтардың тарапынан 500-ден аса адам қатысты.
Кәсіподақтар федерациясы Жол картасы аясында барлық мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізді. Қысқа уақыт ішінде кәсіби қауымдастықта кәсіподақ құндылықтарына қызығушылық артты, билік пен жұмыс берушілер тарапынан жұмысшылардың мәселелеріне айрықша көңіл бөліне бастады. Дегенмен, кәсіподақтар реформаларының қарқынын азайтпаған жөн. Бұдан бізді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы да міндеттейді.
Гүлнар ЖҰМАГЕЛДИЕВА,
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы комитетінің төрайымы