Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Латын әліпбиі – жаңғырудың жаршысы - АРҚА АЖАРЫ

Латын әліпбиі – жаңғырудың жаршысы

Өткенімізге көз жүгіртер болсақ, латын тіл мәдениетімен қатынасымыз да сонау ерте заманнан бастау алған. Оның бір дәлелі, бұлжытпас айғағы – Кодекс Куманикус (лат. Codex Cumanіcus), «Қыпшақ тілінің сөздігі» – қыпшақ тілінде жазылған діни мәтіндер мен сөздіктерден тұратын кітап. Бұл еңбектің түпнұсқасы 1294 жылы латынның готикалық көне қарпімен жазылған.
Ал, қазақ тіл білімі тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшкен болатын. Сонымен қатар, 1929-1940 жылдар аралығында да латын әліпбиі қолданыста болған еді. Сондықтан біз латын әліпбиіне көшу арқылы өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жағуға жол ашамыз. Қазір осы бағытта еліміздің түкпір-түкпірінде сындарлы ой-талқылар сарапқа салынып жатыр. Бұл, әрине көңілге қуаныш ұялататын жай.
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне әкелері сөзсіз. Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге жетуіне жол ашады», – деп көрегендікпен атап өтті.
Рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғырту үшін латын әліпбиіне көшудің пайдасы зор. Түркі әлемімен ықпалдастығымызды нығайтады. Шет елдегі қандастарымызбен де жақындаса түсеміз. Оның бір дәлелі әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақ бар екенін ескерсек, олардың 80 пайызы латын әліпбиін қолданады екен. Түбі бір түркі әлемінің басы қосылса руханиятымыз дамып, мәдениетіміз де нығая түсер еді. Тағы да бір айта кететіні қазіргі әліпбиіміздегі жат әріптер алынып, тіл тазалығы сақталады. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, ұлттық тіліміз таза болса онда ол мәңгілік жасайтыны сөзсіз.
Латын әліпбиіне көшкен елдердің қазір асығы алшысынан түсіп тұр десекте болады. Әлем халықтарының бүгінгі уақытта 80 пайызы латын графикасын меңгеріп, әлемдік ақпараттың 70 пайызы осы таңба арқылы таратылуда. Қазіргі таңда әлем халықтарының ішінде латын әліпбиін пайдаланатын халықтар саны 1,5-2 миллиардқа жуық екені расталған факт. Кириллицаны ұстанып отырғандар 300 миллионды құрайды. Сондықтан Қазақ елі білімнің, ғылымның, IT технологияның жарқын жетістіктеріне жету үшін өркениеттің өріне жетелейтін төте жолға түсуі керек. Бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен, бұның қатарына түркі тілдес елдердің ішінде Қазақстан мен Қырғызстан да кіреді. Қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің 22-сі латын әліпбиін пайдаланса, ең мықты экономикасы бар 10 мемлекеттің 7-еуі, әлемдегі ең бай 20 мемлекеттің 18-і латын әліпбиіне көшкен. Дүниежүзілік бизнес жүргізуге ең қолайлы 30 мемлекеттің 25-і де латын әліпбиін қолданушы елдер қатарында.
Ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына, ұлттық тілдің қалыптасуына латын графикасына негіздеген қазақ әліпбиі негіз болады. Ұлттың қасиетін, мәдениетін, әдебиетін құрайтын ұлттық кодымыздың тасымалдаушысы да осы тіл болып келеді. Латын әліпбиіне ауысу арқылы біз ұлттық кодымызды жаңғыртып, өзгелерге ұлттық құңдылықтарымызды айшықтап көрсетіп, дәріптей аламыз. Ұлттық кодты таныта алсақ, ол еліміздің бір биікке көтерілгені болып табылады және де басқа шыңдарды бағындыруға жол ашылады.
Латын әліпбиіне көшеміз дегеннен бері ел арасында «Латын әліпбиі бізге керек пе?» деген сауал тараған болатын. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін ауыстыру елімізге шығын әкеледі дегендері де болды. Бірақ та шығынды есептеу құр бекершілік екенін ұғынған жөн. Әліпбиді ауыстырып жаңа әліпбиге көшу қазақ халқының рухани шығынын азайтады, елімізге тың серпіліс әкеледі, тілдің дамуына әсер етіп, қазақ тілінің айрықша маңызы бар екенін айғақтайды. Қазіргі таңда ел арасында жиі қойылып жүрген тағы бір сұрақ ол кириллицамен басылып шыққан кітаптардың алдағы жай-күйі болмақ. Олар латын қаріпіне ауыса ма, әлде сол күйінде қала ма? Яғни, енді баспалардан латын графикасына негіздеген қазақ әліпбиімен тек сұрыпталған дүниелер басылып шығатын болады. Осы тұста жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Оқылатын кітап қай әліпбимен жазылса да, оқылады. Оқылмайтын кітап қалай жазсаң да, оқылмайды» деген пікіріне қосыламын.
Латынға көшудің еліміз үшін тигізер тағы бір пайдасын айта кеткен жөн. Тіліміздің қолданыс аясы кеңеюмен қатар, елімізге туристер де келе бастайды. Себебі, латын графикасы әлемдік қолданысқа айналған десек те болады. Мақала барысында статистиканы да келтірген болатынмын. Сол статистикаға сүйенсек елімізді туристер оңай таба алады. Туристер кирилл әрібін оқуға құштар емес. Оларға қазақ тіліндегі сөз латын графикасымен жазылса оқуларына жеңіл болады. Елді мекен, көше атауларын болсын емін-еркін оқуына жол ашылады. Соның нәтижесінде біздің рухани құңдылықтарымызбен танысуға мүмкіндік туар еді.
Мәңгілік ел боламыз десек, әліпбиімізді өміршең қылуымыз керек. Біздің қоғам бұл күнде ғылыми техникалық инновацияның дәуірі екені анық. Ал латын әліпбиі – ғылым мен техниканың, ғаламтор мен жаңа технологиялардың тілі екені баршаға мәлім. Болашаққа бастар жолда бірліктен айырылмай, латынға көшуді жеделдетсек руханиятымызбен де тезірек қауышатынымыз анық.
Ерден НҰРАХМЕТ,
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 3-курс студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар