Көкшетау қалалық көп бейінді ауруханасы мен қалалық емханасының қызметкерлеріне «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан қомақты сомадан тұратын тұрғын үй сертификаттары табыс етілді.
Мұндай игілікті істің шарапатын көрген жандардың бірі Көкшетау қалалық көп бейінді ауруханасының мемлекеттік сатып алулар жөніндегі менеджері Әсем Қапарова. Денсаулық сақтау саласында төрт жылға жуық еңбек етіп келе жатқан ол «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы ашылған күннен бастап осы ұйымға тіркеліпті. «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасына қатысу үшін аталған салалық кәсіптік одақтың Ақмола облыстық филиалының төрағасы Серік Кәкенов Әсем Қапароваға 1 312 000 теңгенің сертификатын салтанатты жағдайда табыс етті.
Жалпы, бүгінгі таңда облысымыз бо-
йынша кәсіподақтың үй кезегіне 76 медицина қызметкері тіркеліпті. Салтанатты шарада сөз алған Көкшетау қалалық көп бейінді ауруханасының бас дәрігері Банұржан Жаңғалов медицина саласы қызметкерлерінің арасында баспана мәселесі өзекті екенін, мемлекеттің қолдауының және «SENIM» кәсіптік одағының игі бастамасының арқасында бұл мәселе бірте-бірте шешім табатынына сенім білдірді.
–Қазіргі таңда елімізде «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өкінішке орай, зерттеулер нәтижесінде медицина саласы қызметкерлерінің бұл жобаны қаржылай жағдайлары көтермейтіні белгілі болды. Сол себепті, біздің кәсіподақ медицина саласы мамандарын баспанамен қамтылуына көмектесу мақсатында банкке үйдің алғашқы 20 пайыз жарнасын салу үшін сертификаттар беру ісін қолға алдық. Биыл кәсіби мерекеміздің қарсаңында Ақмола облыстық балалар ауруханасының және №1 Көкшетау қалалық емханасының екі қызметкеріне осындай сертификат табыс еткен болатынбыз. Қазіргі таңда пәтер кілттерін алды, – дей келе, салалық кәсіптік одақтың Ақмола облыстық филиалының төрағасы Серік Кәкенов тұрғын үй сертификаттарынан бөлек, медицина мамандарына 500 мың теңге көлемінде қайырымдылық сертификаттарының да берілетінін атап өтті.
Кәсіподақтың құрылғанына небары сегіз ай өтсе де, алты адамға қайырымдылық сертификатын беріп үлгеріпті. Алдағы айда атап өтілетін Кәсіподақтар күніне орай орта және кіші медицина саласының қызметкерлеріне тағы он қайырымдылық сертификаттары, жыл соңына дейін тағы бірнеше тұрғын үй сертификаттары тапсырылады деп күтілуде. Жалпы, медицина қызметкерлерінің «SENIM» республикалық кәсіподағы бұл іске 120 миллион теңге бөлмекші. Төраға журналистерге берген сұхбатында көбісінің кәсіптік одақтарды мәдени-бұқаралық сектор деп жаңсақ ойлайтынын, бүгінгі таңда кәсіподақтардың өз мүшелеріне шипажайларға жолдама беруге ғана емес, пәтер алуға жәрдемдесуге де қауқары жететінін қадап айтты. Тек, ниет болса болғаны.
Сондай-ақ, бұл күні Көкшетау қалалық емханасының бөлімше меңгерушісі, гас-
троэнтеролог дәрігері Марал Ғизатоваға 2 250 000 теңгенің сертификаты берілді. Игілікті істің шарапатын көрген екі қызметкер де кәсіптік одақтың атынан ризашылықтарын жаудырып, істері алға баса беруін тіледі.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.