Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, көше жолдарын жөндеу,
мектептердің құрылысын жүргізу жұмыстарының барысымен танысты, бірқатар жобалардың жүзеге асырылуына қатысты жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Облыс әкімі ауданға жұмыс сапарын Қосшы ауылында «Kazyna – SR» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салынып жатқан 400 орындық мектептің құрылыс алаңын аралаудан бастады. Серіктестік директоры Сайра Матайбаева мектепті үстіміздегі жылдың соңына дейін пайдалануға беруді көздеп отыр. Әу баста кәсіпкер білім беру нысанын 200 оқушыға лайықтап салмақшы болыпты. Кейіннен ауылдық мектептердің жүктемесі жоғары екендігін көріп, 400 орындық мектеп салуға шешім қабылдаған.
Кәсіпкер нысанды толық аралатып көрсетті. Ғимарат төрт қабаттан тұрады. Оған қоса, үлкен спорт залы, асханасы болады. Ішкі әрлеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Кейбір кабинеттерге парталар орналастырылып үлгеріпті. Басқа да керекті жабдықтар бірте-бірте әкелінуде.
–Бұл өте жақсы бастама. Ғимараттың іші, сырты көзтартарлықтай етіп салынуда. Бүгінгі күні ауылда 15 мың адам ресми тіркеуде тұрса, шын мәнісінде мұнда тұрғын саны елу мыңнан асып жығылады. Жаңа білім беру нысаны ауылдағы мектептердің жүктемесін азайтуға септігін тигізері анық, – деген облыс әкімі бұл күні Қосшы
ауылында мектептердің жүктемесін азайту мақсатында жаңадан салынып жатқан 1200 орындық мектептің құрылыс жұмыстарын да көрді. Үш қабатты етіп тұрғызылатын зәулім ғимараттың іргетасы қалануда.
Құрылысқа жауапты мердігер компания «АсатҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания директорының орынбасары Данияр Сәрсенбаев құрылыс жобасын толығымен таныстырып шықты.
Айта кетейік, білім беру мекемесінің құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында тұр. Биыл Президент Қосшыға арнайы жұмыс сапарымен барғанында осы мәселеге баса назар аударған болатын. Жоспарланған қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз ету және нысан құрылысының сапасына ерекше назар аудару қажеттігін, құрылыс жұмыстарын нақты кестеге сай жүргізуді Ермек Маржықпаев қатаң тапсырды.
Жұмыс сапары кезінде Қосшы ауылындағы көше-жол желілеріне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арман Жұмағұловтың айтуынша, көше-жол желілерінің құрылыс жобасы ауылдағы жалпы ұзындығы 21, 98 шақырым болатын 12 көшені қамтуға тиіс. Қазіргі таңда олардың біразында жұмыс аяқталып үлгеріпті. Биыл он көше жөнделмек. Жоба толығымен келер жылы аяқталады.
Ал, ауылішілік жолдарды күрделі жөндеуден өткізу мәселесіне келетін болсақ, ұзындығы 58,6 шақырымдық 84 көшенің тоғызында жөндеу жүргізілуде.
Одан әрі жұмыс сапары осы ауданға қарасты Шұбар ауылында жалғасты. Мұнда облыс әкімі көше-жол желілері нысандарының, сумен жабдықтау таратушы тораптарының құрылыс жұмыстарымен танысты. Ауыл іргесінде сағатына 190 текше метр су шығаратын сумен жабдықтау-тарату торабы салынуда. Онда қазақстандық «Осмос» су тазарту жүйесі орнатылмақшы. Жоба келер жылы аяқталады деп күтіліп отыр.
Бүгінде Шұбардағы №37 негізгі мектеп 145 оқушыға үш ауысымда сабақ беруде. 1962 жылы салынған мектеп ғимаратының әбден тозығы жетіпті. Кабинеттері тым тар. Ғимарат екі пеш арқылы жылытылады.
Осы білім ошағына арнайы ат басын бұрған облыс әкімі жағдаймен жіті таныса келе, келер жылы ауылда 300 орындық жаңа мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу шаралары қолға алынатынын жеткізді.
–Мектептің жағдайын көріп отырмыз. Соған қарамастан, сіздердің атқарып жатқан жұмыстарыңызға алғысымды білдіремін. Жаңа оқу жылымен құттықтаймын. Жуырда Президентіміз Қазақстан халқына арнаған Жолда-уында ұстаздарға үлкен мән бергенін жақсы білесіздер. Ауылдық шағын ғана мектепте еңбек етсеңіздер де, елімізде мұғалімдерге жасалып жатқан игілікті істерден қалыс қалмаңыздар. Аттестаттауға қатысып, біліктілік санаттарынан өтіп, еңбекақыларыңызды көбейтуге мүмкіндіктеріңіз бар. Жағдайды түсініп отырмыз. Алдағы бір-екі жылда ауылда жаңа мектеп құрылысы басталады, –деді Ермек Маржықпаев ұстаздар қауымының алдында сөйлеген сөзінде.
Үш ауысымда оқыту мәселесі Қоянды ауылында өткір тұр. Биылдың өзінде мұндағы мектеп бірінші сыныпқа 460-қа жуық баланы қабылдапты. Осы проблеманы шешу үшін 1200 орындық жаңа мектеп ғимараты тұрғызылуда. Жоспар бойынша олкелер жылдың мамыр айында аяқталуы тиіс. Алайда, ауыл әкімі құрылыс биыл да бітуі мүмкін дегенді айтты. Ауданның үш ауылында да жолдарды орташа, ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Қоянды ауылының әкімі Айбек Есеевтің сөзіне қарағанда, ауылда 7,7 шақырымдық көше жолдарын жөндеу үшін мемлекеттен 223 миллион теңге қаражат бөлініпті. Сапар барысында облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін тыңдады. Шұбар ауылының тұрғындары көшелердің нашар жарықтандырылуы туралы мәселе көтерді.
Жұмыс сапарын қорытындылай келе, облыс әкімі қолға алынған барлық жобаларды мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Целиноград ауданы.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.